Елебеков өнері көңіл
Дәстүрді биікке көтерген тенор
Жүсіпбек Елебеков (1904–1977) — қазақтың дәстүрлі ән мәдениетінде өшпес із қалдырған тенор дауысты әнші, сахна әртісі және ұстаз. Ол Қарағанды облысында дүниеге келіп, бес жасынан ән айтуға ден қойды. Ән өнеріне алғашқы баптаған — ағасы Жақыпбек (Ж. Балғабайұлы). Кейін Ғаббас Айтпаевтан, Қали Байжановтан, Әміре Қашаубаевтан тәлім алып, Арқа мектебінің орындаушылық жүйесін терең меңгерді.
Репертуар өзегі
Халық композиторларының мұралары — «Ардақ», «Айтбай», «Құлагер» және басқа да классикалық туындылар — оның репертуарының берік өзегіне айналды.
Абай әндері
Абайдың лирикалық ән қазынасын Елебеков аса шеберлікпен орындап, мәтін мағынасы мен әуен көркемдігін біртұтас эстетикалық деңгейде жеткізе білді.
Арқа дәстүрі және Әміре сабақтастығы
Қазақ әншілік өнеріндегі ең кең тараған әрі беделді мектептердің бірі — Арқа (Сарыарқа) дәстүрі. Бұл дәстүр республикамыздың орталық, солтүстік және шығыс өңірлеріне тән. Ән санының молдығы, авторлар шоғырын қалыптастырған шығармашылық қуаты және көркемдік ауқымы жағынан Арқа мектебі ХХ ғасырдағы қазақ композиторлығы мен орындаушылығында ерекше көрініс тапты.
1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік музыкалық көрмеде Әміре Қашаубаев Арқа дәстүрінің асқақ үнін Еуропа тыңдарманына алғаш танытып, ерекше биік әрі қуатты даусымен қазақ музыка мәдениеті тарихында айрықша белеске көтерілді. Жүсіпбек Елебеков — осы Арқа дәстүріндегі Әміренің әншілік жолын жалғаған, одан тікелей үйреніп, дәстүрін сабақтастырған көрнекті шәкірт.
Естелік сөз
Журналист, қазақ музыкасы тарихын зерттеген Мақсұтбек Майшекиннің айтуынша, Әміре: «Арқа дәстүрін ұстап, менің өнерімді жалғастырған Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін» — деп сенім білдіріп, батасын беріп, домбырасын табыстаған.
Өнерге келу жолы: сахна мен филармония
Жүсіпбек Елебеков 1904 жылғы 28 тамызда Қарағанды облысының Егіндібұлақ өңірінде дүниеге келді. Халық арасындағы таңдаулы әншілерден өнеге алып, Арқаның бай дәстүрін бойына сіңірді. Жас орындаушы 15 жасқа жаңа асқанда-ақ жиын-той, жәрмеңке, көпшілік отырыстарда танылып, өнер өрісін кеңейтті.
Оның әншілік әрі актерлік қабілетін байқаған ел азаматтары 1920–1922 жылдары Семейдегі «Ес-Аймақ» драма үйірмесіне тартып, алғаш рет сахналық қойылымдар мен концерттерге қатыстырды. 1931–1935 жылдары Қазақ драма театрында қызмет етіп, тек әнші ретінде ғана емес, сахналық кейіпкерлерді шынайы сомдаған әртіс ретінде де көрінді.
«Еңлік-Кебек»
М. Әуезов пьесасындағы Жапал бейнесі.
«Айман-Шолпан»
М. Әуезов пен И. В. Коцыка нұсқасындағы музыкалық комедияда — Әлібек.
«Қыз Жібек»
Е. Г. Брусиловский операсындағы Төлеген бейнесі.
Біртіндеп оның көпқырлы таланты толық ашылып, ұлттық әншілік дәстүрді домбырамен сүйемелдеп орындауды өмірлік бағытына айналдырды. 1935 жылы филармонияға ауысып, 1960 жылға дейін сонда еңбек етті. 1960–1977 жылдары «Қазақконцерт» жүйесінде қызмет атқарып, нағыз кемел орындаушылық деңгейге көтерілді.
Дала үні алысқа жеткен жылдар
Елебеков қазақтың классикалық ән өнерін насихаттап қана қоймай, оны Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен таныта білді. Ол 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері декадаларында, 1950 және 1955 жылдары Қытайда, 1960 жылы Моңғолияда, 1967 жылы Үндістанда өнер көрсетті. Оның дауысын Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ елдерінің тыңдармандары да сүйсіне тыңдады.
Ол қазақ радиосында да жұмыс істеп, әндері эфир арқылы кең тарады. Өнерпаздың қатысуымен телефильм түсіріліп, орындаушылық мұрасы жаңа аудиторияға жол тартты.
Ұстаздық кезең және шәкірт сабақтастығы
Жүсіпбек Елебековтың өмірі мен шығармашылығындағы ең елеулі белестердің бірі — 1967–1977 жылдары Эстрада-цирк студиясында ұлттық ән салу дәстүрінен дәріс беріп, ұстаздық етуі. Осы кезеңде Арқаның домбырамен ән айту дәстүрі үзілмей, қаймағы бұзылмай жалғасуына оның ықпалы айрықша болды.
Белгілі шәкірттері
- Мәдениет Ешекеев
- Жәнібек Кәрменов
- Қайрат Байбосынов
Репертуар кеңдігі және орындаушылық мәнер
Әншінің репертуарында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Ыбырай, Естай, Майра, Жарылғапберлі сияқты халықтық кәсіби композиторлардың ел ішіне кең жайылған көркем әндері мол болды. Ол бұл туындыларды нақышына келтіріп, өзіндік мәнермен ширатып, шарықтата отырып, классикалық биік деңгейде мінсіз орындауға ұмтылды.
Абай әндерінің айрықша орны
Елебеков шығармашылығында Абайдың ән мұрасын орындау ерекше биік тұғырға көтерілді. Ол «Татьянаның хаты», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш» секілді әндерді тек орындап қана қоймай, олардың музыкалық-эстетикалық көркемдігін, мазмұн-мағанасын, ой тереңдігін және әуен сұлулығын барынша айқындап, тыңдаушыға дәл жеткізе білді.
Мұраның бүгінгі тынысы
Жүсіпбек Елебеков көзі тірісінде-ақ еңбегі лайықты бағаланып, жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Оның орындаушылық үлгісі бүгінгі күні де дәстүрлі музыка орындаушылары арасында қайта жаңғырып, жас буын әншілердің шығармашылық бағдаршамына айналып отыр. Ұлы әншінің мұрасы — қазақ даласының рухани кеңістігін айшықтайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл қазына.