Түрік тілі

Ататүріктің ұлт, тіл және қызмет туралы ұстанымы

Мұстафа Кемал Ататүрік: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі — ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!» — дейді.

«Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын!»

«Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек! Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа бас ие бола алады!»

«Түрік ұлты деген сөз — түрік тілі деген сөз. Түрік тілі — түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең қымбат қазынасы. Түрік тілі — түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!»

«Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ, өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!»

Ататүрік бұл ойларды тек айтып қана қойған жоқ, оларды ісімен де дәлелдеді. Ұлтының мерейі мен мәртебесін көтере білген ол ақыл-ойы мен нақты әрекеттері арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, зор ықыласына ие болды. Ендеше, қазақ оқырманы үшін Ататүріктің өмірі, қызметі және саяси-идеологиялық ұстанымдарына қысқаша шолу жасау орынды.

Түркия республикасының құрылуы және тарихи миссия

Ататүрік тек өз халқының ғана емес, бүкіл түрік әлемінің (мұнда «түркі» емес, «түрік» ұғымы ерекше аталады) ірі тұлғаларының бірі саналады. Ол саналы ғұмырын туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің дамуына арнады.

Қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық күресін басқарып, Түркияны империялық державалардың елді бөлшектеп, картадан өшіруге бағытталған жоспарларынан құтқарды. Нәтижесінде Батыс үлгісіндегі жаңа мемлекет — бүгінгі Түркия республикасын құрды. 1923 жылдың 29 қазаны Түркияның ұлттық мерекесі — Республика күні ретінде белгіленді.

Өмірбаян: білім, есім және мемлекеттік мойындау

Балалық шағы мен білімі

Ататүрік Грекияның Салоники қаласында (ол кезде Осман империясының құрамында) дүниеге келді. Арнайы әскери мектепті бітіріп, кейін әскери училищені және Стамбұлдағы әскери академияны тәмамдады.

Әкесі Әли Рыза бей ерте қайтыс болып, анасы Зүбәйда ханымның тәрбиесінде өсті. Аға-інілері болмаған, Мақбүпә есімді қарындасы болғанымен, ол да ұзақ өмір сүрмеді. Зүбәйда ханым 1923 жылға дейін өмір сүріп, ұлының күреске толы жолының куәсі болды.

Мұстафа Кемалдан — Ататүрікке

Әскери мектепте оқып жүрген кезінде математика пәнінің мұғалімі: «Ұлым, екеуміздің де атымыз Мұстафа. Айырмашылық болсын, сенің атың бұдан былай Мұстафа Кемал болсын», — деп журналға солай жаздырған. Сөйтіп, есімі екі сөзден тұратын қалыпқа өтті.

1934 жылы Түркияда фамилиялар туралы заң қабылданғанда, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің арнайы қаулысымен Мұстафа Кемалға «Ататүрік» фамилиясы берілді.

Әскери және саяси белестер

1921 жылы Сақария маңындағы 21 тәулікке созылған шешуші шайқастағы жеңісі үшін оған маршал дәрежесі және «Ғази» («Жеңімпаз») атағы берілді.

1920 жылғы 23 сәуірде жаңа тұрпатты парламент — Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі ұйымдастырылып, оның алғашқы төрағасы Ататүрік болды. 1921 жылы бірінші Конституцияны дайындап, бекітуге де өзі басшылық етті.

Ататүрік 1938 жылы 10 қарашада (57 жасында) Стамбұлда бауыр циррозынан қайтыс болды. Денесі Анкараға жеткізіліп, алдымен этнография мұражайына жерленді, 1953 жылы «Анытқабир» кесенесіне көшірілді.

Түркияда да, шет елдерде де Ататүрік туралы көп жазылған. Оның атына арналған естеліктер, өлең-жырлар, көркем шығармалар, фильмдер мен спектакльдер мол. Қазақ тілінде де 1990 жылдардан бері материалдар жиілей түсті; 1998 жылы Түркия Республикасының 75 жылдығына орай Ысрайыл Ысмайылдың «Ататүрік» атты кітабы жарық көрді.

Кемализм (ататүрікшілдік): мемлекет тұғыры болған алты қағида

Түрік ұлтын заманауи өркениет деңгейіне жеткізу жолында Ататүрік жүзеге асырған реформалардың идеялық-әдіснамалық негізі «ататүрікшілдік» немесе «кемализм» деп аталады. Бұл — жалаң теория емес, Түркия республикасының практикалық тұғырнамасы әрі идеологиялық арқауы.

1) Республикашылдық

Мемлекет пен ұлттың тұрақты түрде республикалық құрылым арқылы басқарылуы.

2) Халықшылдық

Мемлекеттің халық үшін қызмет етуі және халық тарапынан басқарылып отыруы.

3) Ұлтшылдық

Ұлт мүддесі мен мерейін басты мақсат ету, ұлтжандылық.

4) Мемлекетшілдік

Саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени шаралардың бәрі мемлекеттің нығаюына қызмет етуі.

5) Лаицизм

Діни емес, зайырлы мемлекеттік жүйе.

6) Революцияшылдық

Тоқырауға жол бермей, үнемі жаңару, даму үстінде болу.

Бұл принциптер 1937 жылы Түркия республикасының Конституциясына ресми түрде енгізілді. Кейінгі конституциялық өзгерістерге қарамастан, Ататүрік ұстанымдарының өзегі бүгінге дейін сақталды.

Негізгі реформалар: саясаттан тілге дейін

Саясат және құқық

  • Сұлтандық жойылып, республика жарияланды; жаңа парламент ұйымдастырылды.
  • Халифат таратылып, жаңа конституция қабылданды.
  • Шариғат соттары таратылды; азаматтық кодекс пен қылмыстық заңдар қабылданды.
  • Әйелдерге ерлермен тең құқық берілді; көп әйел алуға тыйым салынды.

Білім, зайырлылық және мәдениет

  • Латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиі енгізілді (1928).
  • Жаңа типті университеттер құрылып, білім беру жүйесі жаңғырды.
  • Дін мемлекеттен ажыратылды; дәруіштердің ғибадатханалары таратылды (дінге тыйым салынған жоқ).

Батысшылдық және қоғамдық өзгерістер

  • Күнтізбе, уақыт өлшемі, ұзындық пен салмақ жүйелері жаңартылды.
  • Киім мәдениетінде еуропалық үлгілер орныға бастады; фамилиялар туралы заң қабылданды.

Тарих, тіл және экономика

  • Түрік тарихын ғылыми тұрғыда жазу ісі қолға алынды; «Түрік тарих қоғамы» құрылды (1931).
  • Тілді араб-парсы элементтерінен тазарту мақсаты қойылды; «Түрік тіл қоғамы» құрылды (1932).
  • Экономикалық тәуелсіздік негізгі шарт деп танылып, ұлттық капиталды күшейтуге басымдық берілді.
  • Сыртқы саясатта бейбіт әрі адамгершілік негіздегі қарым-қатынас ұстанымы күшейтілді.

Көрегендік: кеңестік жүйенің ықтимал күйреуі және «рухани көпірлер»

Ататүрік КСРО-ның болашағына қатысты ойды 1930-жылдардың өзінде-ақ көтергені айтылады. 1933 жылы, республика құрылғанының 10 жылдығына арналған салтанаттағы тарихи сөзінде ол Кеңестік Ресейдің бір күні ыдырауы мүмкін екенін ескертіп, Түркияның соған дайын болуы керектігін атап өткен.

«Дайындық» деген не?

Оның түсіндіруінше, дайын болу — күнді күтіп отыру емес. Ең бастысы — «рухани көпірлерге» мән беру: тіл, наным-сенім, тарих.

Ататүрік Түрік тіл қоғамын, Түрік тарих қоғамын осы ұзақ мерзімді мақсаттармен байланыстырған. Мұны біреулер «тілмен, тарихпен айналысу» деп жеңіл бағалауы мүмкін екенін айта отырып, ол мұндай жұмыс ешбір халыққа дұшпандық емес, бірақ өзгермелі әлемде ертеңгі ықтимал өзгерістерге дайын болудың амалы екенін алға тартқан.

Түрік бірлігі туралы сенім

Кейбір деректерде Ататүріктің: «Мен ең алдымен біртұтас түрік ұлтшылымын… Түрік бірлігінің күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін», — деген сөзі келтіріледі.

Жастарға үндеу: тәуелсіздік пен республиканы қорғау

«Ей, түрік жастары! Бірінші міндетің — түрік тәуелсіздігін, Түркия республикасын мәңгі сақтау және қорғау! Тірлігіңнің және болашағыңның жалғыз негізі — осы… Саған қажет күш-қуат — тамырларыңдағы асыл қанда!»

Бұл үндеудің өзегі — тарихи жағдай қанша қиын болса да, мемлекеттілік негізін сақтауға жауапкершілік жүктеу. Тәуелсіздік пен республиканы қорғау тек тыныш кезеңнің міндеті емес, ең қатерлі шақта да кейін шегінбеуді талап ететін қағида ретінде ұсынылады.

Маңызы жойылмаған пайымдар

Мемлекет, қоғам және басқару

  • Жаңа Түркияның мәні — ұлттық егемендігінде.
  • Қоғамның негізгі бөлігі — шаруалар.
  • Ұлт табиғатына ең сай басқару жүйесі — республикалық басқару.
  • Шабытты көктен емес, өмірдің өзінен алу керек.

Еркіндік, лидерлік және тиімділік

  • Бостандық пен тәуелсіздік — мінез-құлықтың өзегі.
  • Жетістікке жетудің жолы — кедергілерді жоюды ойлау.
  • Билік зорлықпен емес, жүрек жаулау арқылы орнығады.
  • Күш пен қуаттың қайнары — халық сенімі.

Мәдениет, білім және еңбек қадірі

  • Түркия республикасының негізі — мәдениет; ұлттық мәдениет — басты мұрат.
  • Мұғалімдер үшін міндет — ойы озат, ар-ожданы азат, білімі озық ұрпақ тәрбиелеу.
  • Еңбектің қарапайым түрі — ең құрметті; шеберлер қоғамның тірегі.
  • Дін ақылға, ғылымға, білімге және логикаға үйлесімді болуы тиіс.
  • Әскер — отаншылдық пен мемлекеттілік ерік-жігерінің шыңдалған көрінісі.
  • Әлем құрметтесін десек, ең алдымен өз ұлтымызды өзіміз құрметтеуіміз керек.

«Алтынды тот баспайды» дегендей, Ататүріктің көзқарасы мен ұстанымдары қазақ оқырманына да ой салары анық. Бір кездері күйреудің шегіне жеткен мемлекетті жаңғыртуға бағытталған табандылық пен жүйелі реформалар кез келген ұлт үшін сабақ бола алады.

Тарихи салыстыру: Осман империясының күйреуі және жаңа дәуір

Мұстафа Кемал Ататүріктің билік құрған он бес жылын, ауқымын әлемдік деңгеймен өлшемей-ақ, түрік ұлты үшін тарихи маңызы жағынан Осман портасының оған дейінгі жеті ғасырға жуық кезеңімен салыстыруға болады.

1453 жылы Константинопольдің құлауынан бастап, 1963 жылы Еуропалық қауымдастықтың Түркияға мүшелік жөнінде уәде берген кезеңіне дейінгі аралық — бес жүз жылдық күрделі жол. Сол уақыттан бері түріктер Еуропа «дарбазасының» алдында төрелік шешімін күтіп тұрғандай күй кешті. Бұл дарбаза Кемал-паша ұрпақтарының алдында бір күні айқара ашылады деген үміт те әлсіреген жоқ.

Бірнеше ғасыр бойы қуат пен даңқтың символы болған Осман империясы XVII ғасырдың екінші жартысына дейін теңдессіз ірі держава еді. Алайда, XVII ғасыр соңына қарай ішкі-сыртқы себептерден ыдырау үдерісі басталып, жан тәсілім етуі екі жарым ғасырға созылды. XIX ғасырдың соңында «жас түріктер» реформаторлық буын ретінде көрінді, ал сыртқы бағыттың өзгеруі елді Германия жағында Бірінші дүниежүзілік соғысқа алып келді.

1918 жылғы Мудрос уақытша бітімінен кейін ел территориясынан айрылып, Антанта әскерлері Анадолыны басып алды. Түркияны жаңғыртудың османдық кезеңі осылай аяқталды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басында-ақ Уинстон Черчилль: «Осынау зілзалада даудан басы арылмаған, қирап-қаусаған, қалтасы тесік Түркияның күні не болар екен?» — деген еді. Түркияның жеңілісі Осман империясы аумағының тез арада бөлініп алынуына алып келді…