Елеужан Серімов, Қарағанды қаласы
Түркі жазуының көпқырлы дәстүрі
Ілкі дәуірдегі түркілер тасқа қашалған ойма жазумен қатар соғды, ұйғыр, брахми, манихей, тибет сияқты әртүрлі жазу үлгілерін қолданғаны, кейін біржола араб әліпбиіне көшкені мәлім. Осы жазба үлгілері арқылы жасалып қалған түркілік мұраларда халықтың талайлы тарихы айқын таңбаланып сақталған.
Бұл деректер мыңдаған оқиғаға толы өмірдің көркем бейнесін ғана емес, түркілердің рухани тарихының күрделілігін, дербес әрі жоғары өркениеттік деңгейге сай мәдениет үлгілерінің жеткілікті болғанын да көрсетеді.
Эпитафиядан ғылым тіліне дейін
Ұлттық мәдениетіміздің бітімін қалыптастыруда елеулі орны бар түркі жазба мұралары ғасырлар бойы дамып, эпитафиялық (құлпытас) сипаттан шынайы ғылыми салаларға сараланған классикалық мәдениет деңгейіне көтерілді. Бұл дамуға көршілес шығыс халықтарымен мәдени байланыс та ықпал етті: тіл білімі, әдебиет, эпистолярлық жазба, астрономия, математика сияқты бағыттар айқындала түсті.
Мұндай диалектикалық бірлікте қалыптасқан өзара әсер-ықпалдың түп-төркіні көне дәуірлерде жатыр. Ал орта ғасырларда арабтардың Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік бөлігіне өз мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін кеңінен таратуы бұл үдерісті ерекше күшейтті. Х–ХІІ ғасырлардың түркі мәдениеті тарихында бұл кезеңнің «мұсылман дәуірі» деп аталуында да осы жағдайдың үлесі бар.
Әз-Замахшари және «Мукаддимат әл-адаб»
ХІІ ғасырда өмір сүрген ортағасырлық ғалым Әбу-л-Қасым Махмұд ибн Омар Жаралла әз-Замахшаридің «Мукаддимат әл-адаб» сөздігі («Мукаддимат») жазылу уақыты жағынан «мұсылман дәуірі» туындыларына жатады. Бұл кезең жалпы түркі халықтарының жазба тарихын тануда көне сына жазуларынан кейінгі екінші ірі белес саналады.
Замахшари кім?
Әз-Замахшари — Қазақстан мен Орта Азиядағы арабтілді мәдениет тарихында орны бөлек, ортағасырлық тіл біліміне зор үлес қосқан тұлға. Ол грамматика, лексикография, стилистика, риторика, поэзия, экзегетика салаларында елеулі еңбектер жазған, арабша, парсыша және түркіше қатар қалам тербеген дарынды ғалым-ақын.
- Туған жылы мен жері
- 1075, Хорезм — Замахшар
- Қайтыс болған жері
- 1144, Үргеніш
Замахшаридің өмірі мен қызметі туралы деректер әр еңбекте үзік-үзік кездеседі. Сол мәліметтерді бір ізге түсіріп, жүйелі түрде жинақтап, кейінгі ұрпақ игілігіне жарату — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені орта ғасырдағы Орта Азиядағы арабтілді ғалымдардың төл тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуына қосқан үлесі орасан. Соның кейбірі жеткілікті зерттелмегендіктен, өзіне тиесілі орнын әлі толық ала қойған жоқ. Солардың бірі — әз-Замахшари.
«Мукаддимат әл-адаб» сөздігі туралы профессор Ә. Құрышжановтан өзге қазақ түркітанушыларының жүйелі пікір айтуы сирек. Мұның себептерінің бірі — жәдігердің жазылған дәуірі мен кеңістігін терең танып-білудің күрделілігі: белгілі бір кезеңнің тарихи-әлеуметтік болмысын ұқпай тұрып, сол дәуір мұрасының табиғатын толық ашу қиын.
ХІ ғасыр: этникалық-саяси өзгерістер және Хорезмнің күшеюі
ХІ ғасырдың басында ежелгі түркілер суперэтнос ретінде ыдырай бастады; даладағы әскери-саяси жетекшілік бірте-бірте қыпшақ конфедерациясына көшті. ХІ ғасырдың екінші ширегінде қыпшақ ақсүйектері оғыз жабғыларын Сырдарияның орта және төменгі сағасынан ығыстырып, жазба деректердегі «Оғыздар даласының» («Мафазат әл-гуз») орнына кейін «Дешті Қыпшақ» атауы орнықты.
Маңғыстау мен оған іргелес аумақтарды алған соң, қыпшақтар Хорезм мемлекетінің теріскей шебіне жақындады. Әмударияның төменгі сағасындағы құнарлы өңірде орналасқан Хорезм Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігі үшін ерекше мәнге ие болды: ол 999 жылы Саманидтерді құлатқан Қарахан мемлекетіне де, Әмудің арғы жағын жаулаған Ғазнауилерге де толық сіңбей, дербес мемлекет ретінде қалыптасты.
Тоғыз жолдың торабында тұрған Хорезм уақыт өте нығайып, шығыс саяхатшыларының жазбаларында бай, ғылым-білімі мен мәдениеті дамыған ел ретінде сипатталды. 712 жылдан басталған араб жаулауынан кейін Хорезм оңтүстігі Қиятты, солтүстігі Үргенішті орталық еткен екі саяси бөлікке ажырап, кейін Үргеніш билеушісі Мамун ибн Мухаммед елді бір орталыққа бағындырып, «хорезмшах» дәрежесін иеленді.
Тарихи тұжырым
Кей деректер хорезмшахтар әулетінің тегі оғыздардың орнын басқан қыпшақ конфедерациясындағы тайпалардың бірімен сабақтас болуы ықтимал екенін айтады. Бұл Хорезм тарихының Дешті Қыпшақ кеңістігімен байланысын нақтылай түседі.
Тегі қыпшақ делінетін әйгілі хорезмшах Атсыздың (1128–1156) әз-Замахшариге арабша–парсыша–түркіше сөздік құрастыруды тапсыруы да кездейсоқ емес. Бұқарада сақталған көшірменің кіріспесінде Замахшари бұл еңбекті жазуға түрткі болған жағдайды атап өтеді: араб тілі ғылымының қадірі, әрі сол дәуір әмірінің білім мен әдебиетті қолдауы, кітапхана үшін бір даналық еңбек жазуды тапсыруы.
Қолжазбаның тағдыры: көшірмелер және зерттеушілер
«Мукаддимат әл-адаб» дәуірі жағынан орта (ескі) түркілік, жазылған жері жағынан ортаазиялық, уақыты жағынан ортағасырлық (ХІ–ХІV ғғ.) жазба мұраларға жатады. Ол Дешті Қыпшақ, Хорезм, Қарахан, Селжұқ сияқты ірі бірлестіктердің тоғысқан кеңістігінде, Арал маңы мен Сырдың орта-төменгі сағасынан оңтүстік-батысқа қарай жылжыған оғыздардың соңғы легі мен олардың орнын басқан қыпшақтардың алдыңғы топтары араласып жатқан кезеңде жасалған. Сондықтан оны Орта Азияны мекендеген халықтарға ортақ мұра деуге негіз бар.
Түпнұсқа
Түпнұсқа нұсқа жоғалған. Дегенмен 1926 жылы Бұқарадағы Әбу Әли ибн Сина атындағы кітапханадан екі көшірме данасы кездейсоқ табылғаны белгілі.
Екі көшірме
- 705 һ. (1305) — хатиб Хамид Хафиз көшірген, негізінен араб және парсы материалдары.
- 893 һ. (1492) — хатиб Дервиш Мухаммед көшірген: араб сөздері парсыша, түркіше, кейін моңғолша тәржімаланған.
Бұл еңбекті арнайы қарастырған зерттеушілер саны көп емес. Солар қатарында Н.А. Баскаков, В.В. Бартольд, А.К. Боровков, Э.Н. Нәжіп, өзбек ғалымы Б.З. Халидов аталады. Түркімен ғалымы З.Б. Мухамедова сөздікті көбіне салыстырмалы материал ретінде қосымша пайдаланған.
Н.Н. Поппе және зерттелу тарихы
«Мукаддиматқа» алғаш жан-жақты үңілгендердің бірі — орыс ғалымы Н.Н. Поппе. Алайда оның есімі төңірегіндегі саяси-тарихи жағдайлар бұл еңбектің кең көлемде зерттелуіне ұзақ уақыт салқын әсер еткен тәрізді: 1940-жылдардағы тағдыр талқысы, соғыс жылдарындағы таңдау, кейін шетелге кетуі оның атына байланысты үрей мен үнсіздік тудырған.
Н.Н. Поппе (1897–1991) — лингвист әрі этнограф, моңғолтанушы, алтай тілдері маманы; 1932 жылдан КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі. Ол 1938 жылы «Мукаддимат әл-адаб» құрамындағы моңғол сөздерін талдаған көлемді екі бөлімді еңбегін жариялап, сөздерді алфавиттік тәртіпке түсіріп, арабша тұлғасын, латынша транскрипциясын және орысша аудармасын берген.
Ескерткіш тілі: пікірлер және кезеңдеу
Ескерткіш тілінің диалектілік сипаты жөнінде түркітануда бірізді пікір қалыптаса қойған жоқ. Кейбір зерттеушілер оны ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы ортаазиялық түркі әдеби тілі негізінде жазылған десе, енді бірі шағатайлық әдеби тілге жақындатады. Э.Н. Нәжіп сөздіктің лексикасы ХІІ ғасыр түркілерінің тілдік қалпын көрсетеді деп есептейді.
Н.А. Самойлович ХІ–ХІІ ғасырлар аралығындағы ортаазиялық түркі тілінің дамуын үш кезеңге бөледі: қарахандық (орталығы — Қашқар), оғыз-қыпшақтық (орталығы — Сырдың орта-төменгі сағасы мен Хорезм), шағатайлық (орталығы — Шағатай ұлысының отырықшы қалалары). Осы жіктеу бойынша «Мукаддимат» — оғыз-қыпшақтық-хорезмдік кезеңге кіреді.
Бұл — қарлұқ, оғыз, қыпшақ тайпаларының аумақтық және тілдік жіктері толық айқындалмай тұрған, көне түркі дәуіріндегі «д» тілден кейін ру-тайпа тілдері «з» және «й» тармақтарына енді-енді ажырай бастаған өтпелі кезең. Сондықтан әдеби тілде «з» және «й» қолданыстары қатар жүрген.
Ортағасырлық сөздіктер — мәдениеттің айнасы
Ортағасырлық сөздіктерді қазақ мәдениетінің нақты айнасы, сарқылмас бұлағы ретінде тану қажет. Түркілік лексикографияның бірегей үлгісі ретінде Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» (ХІ ғ.) сөздігі аталады. Ал жазылу уақыты жағынан соған ең жақын, әрі ХІІ ғасырдағы ең байырғы қабаттардың бірі — «Мукаддимат».
Тарих пен тілдің ажырамас байланысы
Тіл — әр халықтың өзге жұрттан ерекшелендіретін табиғатын, рухани байлығын танытатын асыл мұра. Уақыт өзгерген сайын тілдің қолданылу аясы кеңейіп не тарылып, бір сөз қолданыстан шығып, енді бірі жаңарып толығады. Сондықтан тарихты тілдік дерекпен шендестіре зерттеу — ғылыми кемелдіктің белгісі.
Тарихи этнографияны лингвистикалық негізде қарастыру қажеттігін айтатын қағидалар — В.В. Радлов, А.А. Куников, К.А. Иностранцев, В.В. Бартольд еңбектерінде де көрініс тапқан ғылыми ұстанымдар.
Осы тұрғыдан келгенде «Мукаддиматтың» сөздік қоры өз дәуірінің тарихи белгілерін мол сақтаған. Соның бірі — бүгінгі күні қатардан шығып қалған, бірақ мағынасы мен бояуы әлсіремеген көне атаулар.
Көнерген, бірақ қажет сөздер
Қазіргі тілдік тәжірибеде кейде өз сөзіміз тұрғанда бөгде сөзге үйір болатынымыз байқалады. Мысалы, тіс тазалайтын құралды «тіс щеткасы» деп атау жиіледі.
«Мукаддиматтағы» баламалар
- Тіс щеткасы — мәсуек
- Кладбище — көрстан
Мұндай сөздер — жатық, қазақы атаулар. Оларды орынды тұста қайта қолданысқа енгізу тілдің табиғи қуатын арттыра түседі.
Қоғамдағы жаңалықтар тіл қорын толықтырып, ажарын ашады — бұл тіл дамуының заңды шарты. Сондықтан ана тіліміздің тарихи дамуындағы бар мүмкіндігін толық пайдалану, көркемдік кестесін барынша іске қосу маңызды. Өкінішке қарай, тілді шұбарлап, қойыртпақтап сөйлейтін үрдіс әлі де бар; бұл көркемдіктің кемуіне, табиғи қалпымыздың сұйылуына алып келеді.
Осы орайда ана тілімізді толыққанды тіл ретінде күшейтудің бір жолы — көне жазба жәдігерлерде сақталған байырғы сөздерді қайта тірілтіп, орнымен жаңғырту.
Елеужан Серімов
Қарағанды қаласы, «Абай-ақпарат»