Ескерту белгісі
Саяхат сабағы: жол ережесімен танысу
Бүгін балалар үшін ерекше күн болды: біз орманға саяхатқа шықтық. Жол ұзақ болғандықтан, көлікпен баруға шешім қабылдадық. Саяхат басталмас бұрын жүргізуші көлікті жұмбақ арқылы тапқызды:
Жұмбақ
Бұл тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес, жануарға жүз адам да,
Киіп ап төрт дөңгелек дөңгелейді.
Жауабы: автобус.
Көлікке мінбестен бұрын ең маңыздыны еске түсірдік: жолда әртүрлі белгілер кездеседі, ал оларды білу — қауіпсіздіктің кепілі.
Жол белгілері сөйлейді
Балалар кеудесіне белгі іліп, негізгі белгілердің түрлерін таныстырды: бағдаршам, ескерту, тыйым салу, анықтама және көрсеткіш белгілері.
Бағдаршам
Менің атым — бағдаршам,
Бар әдемі үш көзім.
Алдамаймын, аңғарсаң,
Ақылдымын тіпті өзім.
Ескерту белгісі
Қызыл шеңбер ішінде,
Үшбұрыш боп тұрамын.
Қателеспес үшін де,
Көз сал маған, шырағым!
Жолдағы күткен қауіпті
Ескертемін мен оған.
Тыйым салу белгісі
Болмау үшін қиын күн,
Қажеті бар тыйымның.
Қызыл шеңбер ішінен
«Болмайды!» деп бұйырдым.
Тыйым көрсең, тұра қал —
Әрі қарай аттама!
Анықтама белгісі
Түнде, күндіз, кеште де
Жөн сілтеймін жолға сай —
Аңғармайсың ештеңе
Анықтама болмаса.
Ой-шұңқырды алдағы,
Қалай өту керегін,
Жылдамдықты — бәрін де
Анық айтып беремін!
Көрсеткіш белгісі
Жол созылмақ қаншаға,
Қайда асхана, монша бар,
Қонақүй қай жерде,
Қайда музей, қай көрме —
Көрсетемін саған дәл:
Не көрсетсем, соған бар!
Арнұр: «Шофер біткен бүгінде жол тәртібін біледі. Бағдаршамның түбінде ережемен жүреді».
Қала көшесі: бағдаршам және ескерту белгілері
Балалар автобуска жайғасып, сапарға шықты. Қала көшелерімен келе жатып, әр қиылыста бағдаршам тұрғанын байқадық. Бағдаршамның үш көзі мына үш сөзді еске салады:
Тоқта!
Сақтан!
Жол ашық!
Жолға таласпай, әрқашан белгіге бағынып жүру керек.
Неге жүргізуші баяулатты?
Әсемгүл: «Бұл жерде “Абайла!” деген ескерту белгісі тұр».
Белгі ішіндегі жануар суреті нені білдіреді?
Мұхамбетжан: «Бұл — “Абайла! Жануарлар!” деген белгі. Жүргізуші байқамаса, жануарды басып кетуі мүмкін».
Мұндай белгілерді қай жерден көреміз?
Аида: «Мектеп маңында балалардың суреті бар белгі тұрады. Көзі көрмейтін адамдар өтетін жерде де арнайы белгі болады».
«Жануарлар» деген ескерту белгісін көрген соң, орманға да жақындап қалғанымызды түсіндік.
Көрініс: Аю мен Қонжық және «Зебра»
Орман жолында Аю мен Қонжықты кездестірдік. Олар көшеден өту туралы дауласып қалыпты.
Аю
«Көшеден өтерде әуелі сол жаққа, содан соң оң жаққа қарау керек. Әйтпесе машина басып кетуі мүмкін».
Қонжық
«Апай бізге көшеден өткенде бағдаршамға қараңдар деген».
Бағдаршам жоқ жерде қалай өтеміз?
Бағдаршам жоқ жерде жолдан жолақ сызықпен белгіленген тұстан өтеміз. Оны «Зебра» деп атайды.
Дінмұхаммед: «Әуелі сол жағыңа қарайсың. Жолдың ортасына келген соң, оң жаққа қараймыз. Мұндай белгі бар жерде көліктер жаяуға жол береді».
Қонжық: «Рақмет, енді түсіндім».
Аю: «Қонжығыма көмектескендерің үшін рахмет! Жолдарың болсын!»
Орман ішіндегі сабақ: велосипед, тәртіп және қауіпсіздік
Жол қысқарсын деп орман ішіндегі дыбыстарды тыңдап, айналамызға назар аудардық: гүлдер жайқалып, құстар сайрап, көбелектер қонып жүр. Сол сәтте жарақаттанған Түлкі мен Қоянды кездестірдік.
Түлкі
«Мына қу қоянның кесірі! Велосипедке отырғызып еді. Алдымыздан машина шыққанда рөлді бұра алмай, құлатып тастады».
Қоян
«Өтірік! Өзі “мен күшті тебем” деп мақтанып, рөлге өзі отырды. Неге маған жала жабасың?»
Маңызды белгі
Осы жерде балалар бірден белгіні таныды: «Велосипед тебуге болмайды».
Біз жануарларды дауластырмай, автобуска отырғызып, емші Айболитке апаруға келістік.
Қасқырдың оқиғасы: қозғалыстағы көлікке жабыспау
Жолда жылап келе жатқан Қасқырды көрдік: беті көгерген, қол-аяғы жараланған.
Қасқыр: «Машинаның артына жабысып, қой-ешкісінен біреуін алайын деп едім. Құлап түсіп, жарақат алдым».
Балалар бірге қорытынды жасады: жүріп бара жатқан көлікке жабысып міну — өте қауіпті әрі дұрыс емес.
Айболит кім?
Айдана: «Айболит ата бәрін де емдейді: ауырса адамды да, аңды да емдейді. Қадірлі, мейірімді Айболит атамыз».
Айболиттің ескертуі
Қасқыр: «Жармасып малы бар машинаның артына, домалап түстім де шыңғырдым құлындай…»
Айболит: «Тәртіпті бұзыпсың. Қарынның қамы үшін енді міне, өкінесің. Ұят-ай — аяғыңды жаралап, басыңды да соғыпсың».
Аңдар уәде берді: жол ережесін үйренеміз, көлікке жабыспаймыз, тәртіп сақтаймыз.
Кафе жанындағы тапсырма: тағам туралы жұмбақтар
Жол-жөнекей белгі арқылы кафені көрдік. Сол жерде балалардың зейінін сергіту үшін тағам туралы жұмбақтар жасырылды:
Жұмбақ 1
Үсті тас, асты тас, ортасында піскен ас.
Жауабы: нан.
Жұмбақ 2
Алыстан қарасам аппақ, татып қарасам тәтті-ақ.
Жауабы: қант.
Жұмбақ 3
Айдалада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау.
Отыз күнде сол отау,
Айдалада жоқ отау.
Жауабы: жұмыртқа.
Жұмбақ 4
Сылдыр сұйық, су емес,
Ішсең сусын қанады.
Ақ болса да қар емес —
Шешуін кім табады?
Жауабы: сүт.
Қайтар жол: «Балалар жүреді» белгісі және қорытынды
Енді бақшаға оралатын уақыт келді. Жолда тағы бір маңызды белгі кездесті: «Байқа! Бұл жерде балалар жүреді».
Сабақтың түйіні
Саяхат барысында біз көптеген жол ережесін еске түсіріп, білімімізді толықтырдық. Қауіпсіздік — әркімнің жауапкершілігі.
Қорытынды өлең
Шуақты өміріміз күндей күліп,
Жүректе бүршік атып, гүлдейді үміт.
Арманға сапар тарту мүмкін емес,
Жол жүру ережесін білмей тұрып.