Басқаруды демократизациялау
Менеджмент құрылымы мен принциптері
Саяси сананың маңызды бастауларының бірі — А. Смит пен Д. Рикардо негізін қалаған ағылшын саяси экономикасы. Жаңа өндірістік жағдайда (фабрикалық еңбек бөлінісі, өндірістік бақылауды ұйымдастыру және т.б.) олар басқару мәселелеріне ерекше мән берді.
Капиталистік фабрикада адамдар еңбегін басқару тақырыбына социалист-утопистер де назар аударды. Солардың ішінде Роберт Оуэн қазіргі тілмен айтқанда адам факторын алдыңғы орынға қойды.
Роберт Оуэннің тәжірибелері
- ХІХ ғасырдың басында өз тоқыма фабрикасында батыл әлеуметтік тәжірибе жүргізді.
- Кәсіпорында жұмысшылардың тамақтануын ұйымдастырды.
- Зауыт қонысында жаңа мектеп салды, аумақты абаттандырып, көгалдандырды.
Бұл деректер қазіргі әлеуметтік саясатқа ұмтылудың тарихи тамыры терең екенін көрсетеді.
Моральдық ынталандыру және бәсеке
Оуэн еңбек өнімділігін арттыру үшін моральдық ықпал ету тәсілдерін де қолданды. Адамдардың өзгенен қалыс қалғысы келмейтінін ескеріп, өндірісте жарыс ұйымдастырды: таңдаулы жұмысшылардың станоктарына қызыл, орташа көрсеткішке — көк, төмен көрсеткішке — сары лента тағылды.
Жалпы алғанда, басқару барлық қоғамдық формацияларда болған. Алайда көне дәуірдегі басқару мен ұйымдастыру тәсілдері қазіргі тәжірибеден едәуір өзгеше еді.
Ғылыми менеджменттің пайда болуы
Ғылыми менеджменттің қалыптасуы Фредрик Уинслоу Тейлордың (1856–1915) есімімен тығыз байланысты. Оның негізгі еңбектері: «Фабриканы басқару» (1903), «Ғылыми менеджмент принциптері» (1911), «Конгрестің арнайы комиссиясы алдында көрсету» (1912). Филадельфиядағы зиратының басына «Ғылыми менеджменттің атасы» деп жазылған.
1880-жылдары өздігінен инженерлік білім алған америкалық Фредрик В. Тейлор еңбек процесін жүйелі түрде зерттей бастады. Ол еңбек процесін өздігінен орындалатын әрекет ретінде ғана қарастырмай, оны терең талдауға болатын объект деп таныған алғашқы зерттеушілердің бірі болды.
Тейлор тұжырымдамасының негізгі қағидалары
- 1 Дәстүрлі жұмыс тәсілдерінің орнына ғылыми негіз құру және әрбір элементті ғылыми тұрғыдан зерттеу. Тейлор: «Басқаруда да көпір салғандай дәлдік қажет» деген ойды ұсынды.
- 2 Жұмысшыларды ғылыми критерий бойынша іріктеу, оларды үйрету, жаттықтыру және баулу.
- 3 Ғылыми ойластырылған жүйені практикаға енгізуде әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы ынтымақтастық.
- 4 Еңбекті ұтымды бөлу және әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы жауапкершілікті нақты айқындау.
Негізгі мақсат
Тейлор үшін басты мақсат — еңбек өнімділігін барынша арттыру. Ол үшін жұмысшы еңбегін және өндіріс құралдарын қолдануды ұтымдандыру, материал мен құралдарды үнемдеу, операцияларды стандарттау, жұмыс уақытын дәл есептеу сияқты тәсілдерді ұсынды.
Әдістері
- Еңбек операцияларын құрамдас бөліктерге бөлу және хронометраж арқылы ең тиімді әдістерді анықтау.
- Нұсқаулық карталар мен стандарттарды енгізу.
- Жұмыс барысын бақылауды жүйелеу және еңбекақыны біріздендіру қағидаларын қолдану.
Тейлор жүйесінің өзегі — жекелеген жұмысшылар еңбегін ұтымды ету арқылы өндіріс процесін және соған сәйкес басқару құрылымын қайта құру. Бұл тәсіл өнеркәсіпте кеңінен қолданылды.
Тейлор дәстүрін жалғастырған зерттеушілер
1920-жылдары Тейлор ілімін зерттеп, таратуға үлес қосқан тұлғалар қатарында Генри Гантт, Френк Б. Гилберт, Лилиан Гилберт, Хорейс Хэтэуэй, Сенфорт, Харригон, Эмергон және Г. Форд аталады.
Г. Эммерсонның өнімділіктің 12 принципі
1912 жылы кеңінен танылған еңбегінде Г. Эммерсон кәсіпорынды басқарудың принциптерін қарастырып, жүйеледі. Оның пайымдауынша, тиімді басқаруға төмендегідей қағидалар кіреді:
- Дәл тұжырымдалған мақсат және барлық деңгейде оған ұмтылу.
- Болашақ мақсатты ескере отырып, әрбір процесті шынайы талдау.
- Білікті кеңес беру: арнайы білімге сүйену және шешімді бірлесіп талқылау.
- Тәртіп: ұжым мүшелерінің белгіленген ережелерге бағынуы.
- Қызметкерлерге әділ төрелік жасау.
- Жедел, сенімді, толық, дәл және тұрақты есеп жүргізу.
- Ұжымды тиімді басқаруға көмектесетін диспетчерлік қызмет.
- Кемшіліктерді дәл белгілеуге мүмкіндік беретін нормалар мен жұмыс кестелері.
- Уақыт, күш-қуат және өзіндік құнның оңтайлы үйлесімін қамтамасыз ететін жағдайлар.
- Операциялардың кезектілігі мен уақытын белгілейтін операциялық нормалар.
- Жазбаша стандартты нұсқаулар арқылы ережелерді нақты бекіту.
- Еңбек өнімділігі үшін сыйақы төлеу арқылы ынталандыру.
Эммерсон өндіріс пен басқаруды ұйымдастырудың күрделі міндеттерін жан-жақты ойластырып шешудің қажеттігін алғашқылардың бірі болып атап өтті. Ол енгізген рационализация ұғымы тиімділікті — шығын мен нәтиженің ең қолайлы арақатынасын — басты өлшем ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.
Менеджменттің негізгі принциптері
Менеджменттің негізгі принциптері — басқарудың практикалық міндеттерін қою кезінде басқару жүйесіндегі түрлі құрылымдық элементтердің өзара байланысын және қарым-қатынасын реттейтін жалпылама заңдылықтарды сипаттайды.
Базалық қағидалар
- Орталықтандырылған және жергілікті басқаруды тиімді ұштастыру.
- Құқық, міндет және жауапкершіліктің өзара сәйкестігін қамтамасыз ету.
- Басқаруды демократияландыру.
Генри Форд қолданған ұйымдастыру принциптері
- Өндіріс процесін, сатыларын және байланыстарын дәл есептеу әрі жоспарлау.
- Жұмыс жағдайларын есепке алу және жоспарлау.
- Шикізат, материал, механизм және жұмыс күшін алдын ала дайындау.
- Өндірісті стандартталған технология бойынша жүзеге асыру.
- Өндірісті жетілдіру жолдарын үздіксіз іздестіру.
Өндірісті ғылыми басқару тұжырымдамасы басқару ісінде бетбұрыс кезең болды: басқару енді ғылыми зерттеудің дербес саласы ретінде мойындалды. Ғылыми басқару қозғалысы АҚШ-тан тыс жерлерге де таралып, Германияда, Англияда, Швецияда, Францияда және басқа да Еуропа елдерінде кеңінен белгілі болды. Ол әр елде «ғылыми басқару», «рационализация», «еңбекті ғылыми ұйымдастыру» сияқты атаулармен жарияланды.