Көктем мезгілінің ерекшеліктерін ата

Қоршаған дүниемен таныстыру. Экология негіздері

Сабақ тақырыбы

Көрікті көктем

Бағыт

Табиғат құбылыстары, маусымдық өзгерістер

Нәтиже

Бақылау, қамқорлық, еңбексүйгіштік

Сабақтың мақсаты

  • Көктем мезгіліндегі табиғи құбылыстар, өсімдіктер мен жануарлардағы маусымдық өзгерістер, адамдардың көктемдегі пайдалы іс-әрекеттері туралы мәлімет беру.

  • Үлкендердің еңбегін бақылау арқылы бағалай білу, көргенін есте сақтап, жүйелі әңгімелей білу дағдыларын қалыптастыру.

  • Еңбексүйгіштікке, табиғатқа қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ынталандыру. Сезім ояту

Өлең

Жаңбыр, жаңбыр, жауасың, Жанымызға жауасың. Біз ойнайтын ауланың Тазартасың ауасын.

Сұрақ-жауап

Балалар, қандай жыл мезгілдерін білесіңдер?

Қыс, көктем, жаз, күз.

2) Дидактикалық ойын: «Бұл қай кезде болады?»

Шарты: жыл мезгілдерінің суреттері көрсетіледі. Балалар ішінен көктем көріністерін таңдап, тақтаға іледі.

Нәтиже

Балалар суреттер бойынша мезгілдерді ажыратып, көктем белгілерін дәлелдейді.

3) Тыныштық сәті

Балалар денесін түзу ұстап, басын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады. Көзін жұмып, терең тыныс алып, көктемгі дыбыстарды үнтаспадан тыңдайды.

Сұрақ

Көз алдарыңа қандай жыл мезгілі елестеді?

Көктем.

4) Бейнебақылау: көктем көріністері

Теледидардан көктем көріністері көрсетіледі. Балалар көргенін сипаттап, қай мезгіл екенін анықтайды.

Қорытынды

Көріністен көктем мезгілі байқалады.

5) Әліппе-дәптермен жұмыс

Мәтінмен жұмыс

Б. Қозыкеевтің «Көктем» өлеңі дауыстап оқылады. Өлең мазмұны талданып, негізгі ойы анықталады.

Сурет бойынша әңгімелеу

Суретке сүйеніп, көктемде болатын өзгерістер туралы жүйелі әңгіме құрастырылады.

6) Әңгімелесу: көктемнің белгілері

Көктем айлары

Наурыз, сәуір, мамыр

Мерекелер

8 наурыз, Наурыз мейрамы

Алғашқы гүл

Бәйшешек

Наурыздағы өзгерістер

  • Күн жылынады, қар ериді.
  • Жылғалардан су ағып, сай-сала суға толады.

Сәуірдегі өзгерістер

  • Жер беті көгереді, ағаштар бүршік атады.
  • Жаңбыр жиі жауады.
  • Құстар жылы жақтан ұшып келеді.

Мамырдағы өзгерістер

  • Дала жасылданады.
  • Құстар жұмыртқа басып, балапан шығарады.

Адамдардың көктемгі еңбегі

  • Гүлзарларға гүл егеді, бау-бақша отырғызады.
  • Жер жыртып, егін салады.
  • Ағаш түбін қопсытады, құстарға ұя жасайды.

Жануарлардағы өзгерістер

  • Суыр, кірпі, жылан, аю (қонжығымен бірге) апанынан шығады.
  • Бақа, борсық және түрлі жәндіктер оянады.
  • Қоянның ақ жүні сұрғылт түске өзгереді.

Жыл құстары

Көктемде жылы жақтан мына құстар ұшып келеді:

ұзақ шұбаршымшық қараторғай қарлығаш көкек бұлбұл

7) Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс өлеңі

Қатты нөсер басылды. Күн жарқырап ашылды. Неше түрлі әдемі, Кемпірқосақ жасалды.

Балалар өлең жолдарын қайталап, қимыл-қозғалыстар жасайды.

8) Ойын: «Асық»

Шарты: балалар шеңберге тұрып, қоржыннан асық алып, тапсырмасын оқиды. Тақтадағы «жыл мезгілі» деп белгіленген қоржындарға асықты тиістісіне салады.

Тапсырмалар

  • Көктем мезгілінің ерекшеліктерін ата.
  • Көктем айларын ата.

Қорытындылау және бағалау

Қорытынды

Балалар көктемнің негізгі белгілерін атап, табиғаттағы және тірі ағзалардағы маусымдық өзгерістерді түсіндіреді. Көктемгі еңбек түрлерін мысалмен айтады.

Марапаттау

Белсенді қатысқан балаларға бәйшешек гүлі сыйға тартылады.

Балалардың әрекеті (қысқаша)

  • Өлеңді педагогпен бірге қайталайды.
  • Суреттер бойынша жыл мезгілдерін анықтайды.
  • Үнтаспаны тыңдап, елестеген мезгілді айтады.
  • Сұрақтарға жауап беріп, көктемдегі өзгерістерді әңгімелейді.
  • Ойын тапсырмаларын орындап, белсенділік танытады.