Арнаулы субьектінің қылмысқа бірге қатысуы

Қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту: қылмысқа қатысушыларға қолданылатын ережелер

Қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту туралы ережелер қылмысқа бірге қатысушыларға да қолданылады. Бұл институт әрбір қатысушының әрекетіне, оның қылмысқа араласу кезеңіне және қылмыстың нақты тоқтатылуына ықпал ету мүмкіндігіне қарай бағаланады.

Орындаушының өз еркімен бас тартуы

Орындаушының қылмыс істеуден өз еркімен бас тартуы — алдын ала келісілген қылмыстық әрекеттерді мүлде жасамауы немесе қылмысты орындаудан дайындық сатысында бас тартуы.

Егер орындаушының дайындық сатысында жасаған әрекеттерінде басқа бір қылмыс құрамы болса, ол тек сол үшін жауапты болады. Мысалы, кісі өлтіруге дайындалғаны немесе оқталғаны үшін жауаптылық, ұрлыққа оқталғандық және соған ұқсас әрекеттер.

Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушінің бас тартуы

Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші, әдетте, қылмыс істелгенге дейін қатысады. Олардың әрекеттері орындаушының қылмысты ойдағыдай аяқтауына қажетті жағдайлар жасауға бағытталады. Сондықтан бұл тұлғалардың өз еркімен бас тартуы орындаушы алдын ала келісілген қылмысты іске асырғанға дейін орын алуы тиіс.

Бас тартудың міндетті мазмұны

  • Орындаушыны қылмыс істеуден бас тартуға көндіру үшін белсенді әрекет жасау.
  • Қылмыстың жасалуына құрылған барлық жағдайларды жоюға күш салу.
  • Келісілген қылмыс туралы уақтылы өкімет органдарына, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға хабарлау.
  • Қылмысты болдырмауға мүмкіндік беретін өзге де тойтарушы шараларды дер кезінде қолдану.

Егер ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші жоғарыдағыдай белсенді түрде бас тартса, бұл олардың қылмыстық жауаптылықтан босатылуына негіз болуы мүмкін.

Ал егер қабылданған шараларға қарамастан қылмыстың алдын алу мүмкін болмай, қылмыс тоқтатылмаса, онда олар нақты орындалған іс-әрекеттері үшін ғана жауапқа тартылады. Дегенмен, қылмыстың алдын алуға бағытталған әрекеттер жаза тағайындау кезінде міндетті түрде ескеріледі.

Дереккөз: [9, 164-б.].

Іске аспаған айдап салушылық және көмектесушілік

Іске аспаған айдап салушылық — азғырушының ықпалына қарамастан азғырылған адамның қылмыс істеуге көнбеуі немесе бастапқыда келіскенімен, қылмысты нақты жүзеге асыру кезінде одан бас тартуы.

Мұндай жағдайда айдап салушы қылмыс жасауға барынша жағдай жасағанымен, оның ниеті өзіне байланысты емес себептермен жүзеге аспайды. Егер оның әрекетінде қылмыс құрамы болса, ол Қылмыстық кодекстің 24-бабы бойынша қылмысқа дайындалғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Іске аспаған көмектесушілік ретінде мыналар қарастырылады:

  • Қылмысты орындауға келісілген адамға қателесіп жарамды құралдың орнына жарамсыз құрал беру.
  • Қылмыс істеуден өз еркімен бас тартқан адамға көмек көрсету.
  • Қылмысты істеп бітірген адамға көмек көрсету.

Іске аспаған көмектесушілік, әдетте, қылмысқа дайындалғандық ретінде бағаланады.

Арнаулы субъектінің қылмысқа бірге қатысуы

Кейбір қылмыстардың орындаушысы ретінде тек арнаулы субъектілер танылады. Мысалы, лауазымдық және әскери қылмыстарда тікелей орындаушы жай субъект емес, арнаулы субъект — әскери қызметші немесе лауазымды адам болады.

Мұндай қылмыстарда басқа қатысушылар — ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші — көбіне жай субъектілер болуы мүмкін. Қылмыстық заңда бұл жағдай арнайы көрсетіледі: жай адамдар арнаулы субъект орындайтын қылмысқа қатысқанда, олардың әрекеттері әрдайым 29-бапқа сілтеме жасай отырып сараланады.