Құрманғазы оркестрінің атасы Ахмет Жұбанов екендігі өнер тарихында барша мойындайтын талассыз ақиқат

Домбыра үні тұншықпайды: төре әулетінен тараған өнер шежіресі

Көне әпсанаға жүгінсек, көмейіне Жошы хан қорғасын құйғызған домбыра енді қайтып үн қатпастай тұншығар еді. Алайда ғасырлар өте дәл сол әміршіден өрбіген жұлдызды әулет азалы да жазалы аспаптың құдіретіне жұртты қайта табындырды.

Жошы заманы тым жырақ — әңгіме адасар. Арғы атасы әз-Жәнібек — бағзы белес. Бергіде Әбілқайыр бабасына алдияр дейік. Бүгін сөз ететіні­міз — баһадүр хан ұрпағының тұқымнан тақ тоздырған тегеуріні емес, әулеттен ән оздырған тектілігі.

Назардағы өзек

  • Төре әулетінің өнер арқылы танылған тармақтары: Бөкей, Шығай, Қаратай.
  • Мұхит сал бастаған әншілік мектеп және оны жалғаған Мұхитовтар.
  • Затаевич, Байтұрсынұлы, Жұбанов қатысқан хатқа түсу, нотаға түсу тарихы.

Бөкей тармағы: тақтан емес, күй мен жырдан табылған бақ

Әбілқайырдың тікелей мұрагері Нұралының отыз ұлы ішінде, әсіресе, Бөкей, Шығай, Қаратай — тарихта аты қалған тұлғалар. Осы үшеуінен басындағы бақты тақтан емес, күмбірлі күй мен әуелеген ән-жырдан тапқан ұрпақ қаншама.

Төре күйдің тәңірі Дәулеткерей, әншілігімен Жайықтың сырнайы атанған Мұхит сал, «Шалқыманың» жаршысы Жантөре хан — дарынымен дара тұратын есімдер. Бір ғана Бөкейдің балалары — Жәңгір хан, Тәуке, Әділ, Меңдігерей сұлтандар сарайынан күй керуендете шыққан салтанатты топтың өзі неге тұрады?

Тәуке әулетінен

Махамбет, Ғабдолхакім, Хабир — күйшілер.

Әділ әулетінен

Науша — күйші.

Жәңгір әулетінен

Шәңгерей — шабытты ақын, шебер домбырашы.

Меңдігерей ықпалы

Дәулеткерейді дәулет пен билікке ғана емес, өнерге де баулыған.

Қаратаевтар мен Мұхитовтар: ән дәстүрінің жүлгесі

Ұлттық мәдениеттің көрікті бір шоғыры — Қаратаевтар мен Мұхитовтар. Бұлардың көшбасшысы — әнші Мұхит. Мұхиттың атасы да, әкесі Мерәлі (Мерғали Еркінғалиев те) — рулы ел басқарған белсенділер.

Мерәлінің Пангерей, Шәңгерей, Мырзагерей, Мұхаметкерей (Мұхит), Сақыпкерей, Жанша (Ақжан) және Жүсіп атты ұлдары болған. Сақып, Жанша, Жүсіп — бірінен-бірі асқан домбырашы, ал Шәңгерей скрипканы сызылта ойнаған. Әйтсе де, ағайынды жетеуден оза шауып, «Оралдан ән оздырғаны» — Мұхит сал.

Есімнің өзгеруі: Қаратаевтан Мұхитовқа

Жиырмасыншы ғасырға дейін бұл әулет Қаратаев тегімен жеткен еді. Алайда кеңестік кезеңдегі саяси салқын көзқарас әсерінен Затаевичтің «1000 әніне» Қаратаев болып енген Мұхит, Жұбановтың «Замана бұлбұлдарында» Мерәлиев болып шықты. Тап күресі ушығып тұрған тұста Мұхит мұрасы мен кейінгі ұрпақтың тағдырын ойлаған сақтықтың да ізі бар. Сөйтіп, Мұхиттан тараған өнер саңлақтары оның атымен — Мұхитовтар болып жалғасты.

Мұхит салдың болмысы және ән қазынасы

Немере інісі Бақытжан Қаратаевтың айтуынша, ақжарқын, әңгімешіл Мұхит қай төрдің де күткен мейманы болған. Жасында көркіне сұлулар сұқтанған әнші, қартайған шағында кең пейілді, келбетіне парасат ұялаған абызға айналып, ел құрметіне бөленген.

Жас күнінде «Күнде той, күнде жиын жүрген жерім» деуі де, егде тартқанда «Мен кепіл — өткен жастың келмесіне» деуі де — өмір шындығынан алыс емес.

Өмірінің соңында сезім әндерін доғарып, Құран сөзін әуезге салып, араби сарынмен сопыдай қайталап өткен дейді.

«Айдай» мен «Қыпшақ», «Алуаш» пен «Қилым», «Айнамкөз» бен «Паңкөйлек», «Дүния» мен «Зәуреш» — Мұхит есімін мәңгілік еткен әндер. Ол әншілігімен қоса Боғданың, Тазбаланың, Абылдың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіре орындаған.

Шоң, Нәу және Шайхы: мұраны сақтап жеткізгендер

Мұхиттың Шоң (Мұхаметжан) және Нәу атты балалары әке қасиетін өздері мен кейінгі ұрпақтарына дарытқан өнерпаздар болды. Он тоғызыншы ғасыр соңында ғұмыр кешкен Шоң домбыра мен скрипкада шебер ойнаған.

Шоңның балалары Лұқпан мен Ғұбайдолла Мұхитовтар, Нәудің баласы Шайхы Қаратаев атасының ән қазынасын алтындай сақтап, жиырмасыншы ғасырға аман жеткізді. 1890 жылы туған Шайхиды Мұхит орысша оқытып, әкімшілік қызметке даярлаған.

Бес домбыралық жаңалық

Мұхит інілері Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп және жасөспірім Шайхы бесеуі қосылып, сол тұста болмаған жаңалық жасады: қазақтың күй әуендерін және орыстың би-вальстерін бес домбырамен күмбірлетті. Әдейі құрылған оркестр емес — әсер мен әуестіктен бас қосқан өнер бірлігі еді.

Жиырмасыншы жылдардың басында Орынборда қазақ ән-күйлерін жинаған Затаевичтің есіл-дерті елге аты жайылған Шайхымен жүздесу еді. Жымпитыға жеделхат жіберілгенімен, жауап орнына оның таяуда дүниеден өткені туралы суық хабар келді. Қайран Шайхы өзінің «Арман» әнін домбыра шегінде баяу қағып отырып, соңғы демін үзген деседі.

Қасында болған өнерпаз Бақ Жұмағалиев Орынборға келіп, Шайхының «Арманын» және одан үйренген Мұхиттың «Мұхамедиясы» мен «Қоңыр әнін» этнографқа жаздырған. Ал жастайынан Шайхыға еріп, Мұхит шығармаларын көкірегіне құйған күйсандық әнші — кейінгі Ғарифолла Құрманғалиев.

Ғарифолла: «Шайхының ән айтқан дауысына үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін», — деп еске алады.

Егер Ғарифолланың өзі даусын Шайхыдан «үш екпін кем» бағаласа, аталы-немерелі екі саңлақтың әншілік айдынының қай қиырдан естілгенін елестетіңіз.

Шынтас: «Мұхит әндерінің қоймасы»

Жұбанов тағы бір Қаратаевты «Мұхит әндерінің қоймасы» атаған. Ол — Шынтас. Айтса айтқандай: Шынтас Мұхиттың қасында көп болып, әндерінің негізін алып қалды, көбінің шығу тарихын білді. Өзі орындап та, мамандарға жаздырып та кең насихаттады.

«Зәурештің» алпыс шумақ дастанын айтқан, «Қыпшақты» кербез бастап, еркелете аяқтап, күміс әуенмен құбылта шырқаған да — осы Шынтас. Ахмет Жұбановқа Мұхит туралы еңбек жазуға негізгі деректер берген адамның бірі де — сол.

Қызығы: Алматыға Шынтастан бұрын оның әні жетті. Отызыншы жылдары Қазақ радиосында диктор болған Тәмті Ибрагимова Мұхит пен Шынтас әндерін эфирден алғаш орындады. «Паңкөйлек», «Айнамкөз», «Дайдидау» — жұртшылық радио арқылы Мұхиттың өз мәнеріне жуық үлгіде тыңдады.

Лұқпан Мұхитов: оркестрдің тірегі болған өнерпаз

Мұхиттың немересі Лұқпан отызыншы–елуінші жылдары Құрманғазы оркестрі мен Қазақ филармониясында ұлттық өнерге аса пайдалы еңбек сіңірді. Әкеден ерте қалса да, Мұхит атасының әндерін шырқай жүріп, он бес жасында-ақ Шоңның әнші баласы атанды.

1916 жылы майданның қара жұмысына алынды. 1933 жылы түйе өсірудің үздігі ретінде Алматыға слетке келгенде, Ахмет Жұбанов: «Жаңа құрылып жатқан музыка кабинетіне жұмысқа қаласың», — дейді. «Түйелерім...» деп қысылған Лұқпанды өнер комиссиясындағы Әуезов, Жұбанов, Брусиловскийлер: «Сенімді адам табылар», — деп көндіреді. Сөйтіп ол Қазатком оркестрінің бас домбырашысы болып орналасады.

Мұрағаттағы өмірбаяннан (үзінді, тіл түзетіліп берілді)

2 қараша, 1940 жыл

«Мен, Лұқпан Шоңұлы Мұхитов, 1894 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Жақсыбайда тудым. Әкемнің әлеуметтік тегі — кедей шаруа. 1841 жылы туған атам Мұхит үш айдай старшындық қызмет атқарып, кейін тек ән-күймен айналысқан. 1918 жылы қайтыс болды. Кіші інім Ғұбайдолла Мұхитов 1937 жылдың қазанында саяси айыппен қамалып, он жылға жер аударылды. Кейін кінәсіздігі анықталып, босатылды. Қазір Алматы облысындағы Қапал педучилищесінде оқытушы. Өзім 1929 жылы колхозға кіріп, екпінді еңбек еттім. 1933 жылы Алматыдағы бақташы-малшылар слетіне делегат болып қатыстым...»

23 сәуір, 1955 жыл

«Домбырашы әрі скрипкашы әкеміз Шоңның өнері бәрімізге дарыды. Ағаларым Шайхы, Махмұт, інім Ғұбайдолла — бәрі де қайтыс болды. Өз балаларыммен бірге інімнің баласы Сапар Мұхитовты тәрбиелеймін. 1934 жылдан бері Құрманғазы оркестріндемін. Мұхит атамның жеті-сегіз күйін, елудей әнін жаздырдым...»

Өмірбаянның бір нұсқасы концертмейстер Лұқпанды Сталиндік сыйлыққа ұсыну үшін жазылған. Белгілі себептермен ұсыныс «Халық әртісі» атағы мен «Құрмет белгісі» орденіне түзетілген екен: еңбегі лайық болса да, жоғары жақ сақтық жасағаны байқалады.

Лұқпан тәрбиелеген Сапар Ғұбайдоллаұлы Мұхитов та Чайковский училищесін бітіріп, 1960-жылдары Құрманғазы оркестрінде ойнады.

Құбыш Мұхитов: «домбырашылар ұстазы»

Мұхитовтар арасындағы соңғы ірі тұлғалардың бірі — атақты домбырашы Құбыш Әшімұлы Мұхитов. Оның анасы Зейнеп Нәуқызы Мұхитова — Шайхының қарындасы. Колхозшы Зейнеп 1935 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы оркестріне қабылданған. Ол кезеңде оркестрдегі небәрі екі әйелдің бірі — осы Зейнеп еді.

Құбыш 1943 жылы сегізінші сыныпты бітіргенде-ақ оркестрдің ең жас күйшісі болып қабылданды. 1950 жылы консерваторияның халық аспаптары факультетін тәмамдаған соң, Ахмет Жұбанов оны сонда жұмысқа қалдырды. Кафедра меңгерушісі, декан, проректор бола жүріп, оқу ордасына 55 жылын арнады. Домбыра үйретудің әдістемесін жасап, оқулықтар жазды.

Шәкірттері

Құбыш Мұхитов баптағандардың қатарында Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Мағауия Хамзин, Шәміл Әбілтаев, Құрманғазы оркестрінің дирижері Айтқали Жайымов, сазгер Кенжебек Күмісбеков бар. Ахмет Жұбановтың жастайынан «домбырашылар ұстазы» деуі де тегін емес.

Құбыш бір сырды анасы атынан жеткізген: атасы Ақшолақ Сарығожин Қаратөбеде болыс болған. Зейнеп Алматыға келгенде «болыс баласы» деген қауіптен сақтанып, ұлын төре тұқымы болса да Мұхиттың «жарлы» тегіне жаздырған. Замана кәрінен аман сақтаудың амалын осылай тапса керек.

«1000 әннің» бастауы: Ғұбайдолла Мұхитовтың үлесі

Құрманғазы оркестрінен бұрын да Мұхитовтар ұлттық мәдениетте мәйек болған. Мәселен, Затаевичті этнограф ретінде танытқан «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінің бастамасына белгілі дәрежеде Лұқпанның інісі — Ғұбайдолла Мұхитов ұйытқы болды деуге негіз бар.

1921 жылы Ғұбайдолла Орынбор атты әскер командалық құрамы мектебінің курсанты еді. Ол бұған дейін 1916 жылғы тыл жұмысынан өткен, Алаш әскері құрамында ұрысқа араласқан тәжірибелі жігіт болатын. Сол жылдың қаңтар–ақпан айларында Затаевич одан алғашқы он үш шығарманы жазып алды; ішінде Мұхиттың төрт әні мен «Теріс күйі» бар.

Бағалау комиссиясы

Наурызда Халық ағарту комиссариаты жанынан жазып алынған әндердің құндылығын саралайтын комиссия құрылды. Құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, орынбасары Мұхтар Саматов, сондай-ақ Ғұбайдолла Мұхитов пен Ғабдолхакім Бөкейханов кірді. Мұрағатта олардың ұсыныстары мен талқылау хаттамалары сақталған.

  • Ғұбайдолла: «“Гурьев” әні енгізілмесін, өйткені ол “Ақ теңіз” әнінің қайталанған түрі».
  • Ғабдолхакім: «“Қанауыз” әні әлсіз жазылған» деп атап, дәлел үшін өзі орындап берген.

Бөкей ордасының күйшілері және нотаға түскен мұра

1927 жылы Оралда Затаевич Ғұбайдолламен қайта кездесіп, бұл жолы сегіз күй жазып алды. «Абыл», «Нарату», «Өтті-кетті», «Таз бала» секілді салиқалы дүниелердің түсуін олжалы сәт санайды. Оралдықтар мазасыз зерттеушіні Бөкей ордасына жіберуге асықты.

Сөйтіп, өңірдегі атышулы екі домбырашы — Махамбет пен Науша Бөкейхановтар этнографтың «құрығына» ілікті. Науша — 1870 жылы туған, Әділ Бөкейхановтың немересі. Оның анасы Шахзада — Салауаткерей күйшінің қызы, Дәулеткерейдің немересі. Науша Салауат нағашысынан, әрі Макар күйшіден тәлім алып, Дәулеткерей дәстүрін тікелей жалғастырған.

Наушаның өнер этикасы

Затаевич Наушаны халықтың тамаша суреткері, әуеннің шабытты шайыры деп бағалап, бұл өлкедегі ең үздік домбырашы атағын ол тек Махамбетпен бөлісе алады деді. Бірақ Науша «Жошы хан» маршын өз орындауында нотаға түсіруге үзілді-кесілді қарсы болды: бұл сарынды Махамбеттей ерулі де шерулі шертетін адам жоқ, оның алдын орау — күйге қиянат деп есептеді.

Осы сапарда Махамбет пен Науша Дәулеткерей мен Құрманғазының, Түркеш пен Әлікейдің, Жантөре мен Байжұманың, Баламайсан мен Қарабастың, Тұрып пен Макардың алпыс күйін нотаға түсіртіп, кейінгілерге мұра етті. Науша берген Құрманғазының «Демалыс», «Кісен ашқан», «Терісқақпай», Дәулеткерейдің «Жігер», «Керілме» күйлерін мамандар ұлттық саздың классикалық туындылары деп бағалады. Затаевич бұл жолы Орал даласынан алпыс күйге қоса алпыс ән алып қайтты.

Тағдыр таразысы: қуғын-сүргін мен өнердің аманаты

Көп ұзамай мал-дүниесін колхозға өткізіп, жер аударылғандай Алматыға жеткен ағайындылар жаңа ашылып жатқан өнер ошақтарын паналады. Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды жанашырлармен араласып, музыка шеберханасын, Құрманғазы оркестрін, ұлттық филармонияны құруға таланттарымен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де өлшеусіз үлес қосты.

Етене араласқан үш-төрт жылда Махамбет шыққан тегімен емес, өнердегі тектілігімен жұртқа «Махаң» атанды. Соған қарамастан, «халық жауы» жаласымен құрбан болды. Ғұбайдолла айдаудан қайтса да, астанаға кіре алмай, Алматы маңындағы ауылдарда домбыра үйірмелерін ұйымдастырды. Наушаның ғана еңбегі бағаланып, халық әртісі атанды; консерваторияда домбырадан дәріс берді. Шәкірттерінің бірі — Нұрғиса.

Ғабдолхакім және «қазыналы толықтырушы» кезең

Ән-күйге албырт та әуесқой, орындаушылық қабілеті мен мінсіз мәнері мол Ғабдолхакім Бөкейханов Мәскеудегі Тимирязев академиясында оқыған. 1923 жылдың 31 желтоқсанында Затаевичке «Соқыр Есжан», «Қосалқа», «Шалқыма», «Мерген күйді» келістіре шертіп, жиырмадан астам күй мен халық әнін нотаға түсіртті. Ағасы Махамбет 28 күй, інісі Хабир 9 ән жаздырып, өнер шежіресінде есімдерін қалдырды.

Ғабдолхакім нотаға түсіру кезінде шығарманы қанша қайталап ойнаса да, бір жерінен ауытқымайтын. Екпіні мен ойнау еркіндігіне қарап, көне көздер оны Салауаткерейдің өзіне ұқсататын. Бірақ ол 1937 жылы тұтқындалып, келесі жылы 25 ақпанда атышулы «Горячев тізімімен» атылды.

Ерғожа Қаратаев және Қамбар Медетов: соңғы тұстағы сарынын сақтағандар

Ұлттық өнерде есімі қалған әуесқой әншілердің бірі — Ерғожа Қаратаев. Ол егде жасында радио арқылы ән айтып жүрген. Ерзаковичтің естелігінше, Ерғожа жинақы киініп, байсалды жүретін; келбеті мен ілтипаты, сондай-ақ әншілік үні мен орындау үлгісі халық сазгері Естайды елестеткен. «Әлеуша», Бекеннің әні, «Жез оймақ», «Қапия», «Мәулен», «Күлдарай» секілді саздарды қоңыр жыраулататын.

Ерғожаның баласы — атақты күйші Қамбар Медетов. Мамандардың бағалауынша, өз тұсында оның перне басу аппликатурасын ала алатын адам болмаған. «Арынғазы», «Ақжелең», «Боғда», «Қарасай», «Қостайбек» — Қамбар күмбір қақтырған күйлер аз емес. Солардың ең үкілісі — «Ақсақ құлан»: екі ішектен бірде адам даусына, бірде керней үніне ұқсас әуез өріліп, шанақтан қайталанбас гуіл мен күмбір төгіледі дейді.

Қайыра ойлантатын түйін

Кезінде қатал Жошы тұншықтыра алмаған домбыра үні, өкінішке қарай, Қамбармен бірге Қиыр Шығыста, Хабаров өлкесінде өшті деген қасіретті тәмсіл де айтылады. Бірақ әулет жадында сақталған ән мен күй — өзі-ақ қайта жаңғыратын, өшпейтін үн.

Қамбар айтқан аңыз бен оның күй-симфониясының әсерімен ақындар талай дастан жазды. Әңгіме де осылай, домбыраның көне ізімен, өнердің мәңгілік тынысымен жалғаса береді.