Музыкалық бағдарлама

Тақырып

«Ұлағат болсын ұлыма, ғибрат болсын қызыма»

Мақсаты (білімділік)

Ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбие туралы түсінік беру.

Мақсаты (дамытушылық)

Өлеңдер мен мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың тілдік қорын дамыту, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Мақсаты (тәрбиелік)

Отбасылық байланысты нығайту: әкенің ұлға, ананың қызға ықпалын түсіндіру; бір-бірін сыйлауға, қамқор болуға, әдептілікке баулу.

Көрнекі құралдар мен сабақ форматы

Көрнекі құралдар

  • Киіз үйдің керегесі мен жабдықтары
  • Қанатты сөздер, мақал-мәтелдер
  • Ұлттық аспаптар
  • М. Мақатаевтың портреті
  • Тұлпар бейнесі (сурет)

Сабақ түрі

Сайыс сабақ — оқушы мен ата-ана бірлесе қатысып, дәстүр, өнер, тіл мәдениеті және тәрбиелік құндылықтарды сахналық форматта таныстыратын шара.

Бағдарлама барысында көріністер мен ән-күйлер ұсынылып, әр кезеңнің мазмұны ұлттық тәлім-тәрбиемен ұштасады.

Кіріспе бөлім

Әлеуметтік педагогтың құттықтауы

Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.

Бастаушының құттықтауы

Армысыздар, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Балғын шақты біз — бақытты балалар!

Сайысқа шақыру

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! Бүгін сіздерді оқушылар мен ата-аналар бірлесе дайындаған «Шаңырақ сыны» сайысын тамашалауға шақырамыз.

Қатысушы топтар

  • 1 «Парасат» жанұясы
  • 2 «Ақбосаға» жанұясы

Әділқазылар алқасы

  • Мектеп директоры: Садықова А. Г.
  • Тәрбие ісінің меңгерушісі: Иманбаева Ж. Б.
  • Ата-аналар комитетінің төрайымы: Құрмашева Қ. П.
  • Аға оқытушы: Жиенбекова А. А.

Тәуелсіздік пен дәстүр сабақтастығы

Егеменді ел болып қалыптастық,
Өркениетке қадамымызды нық бастық.
Келешекте мін болмайды,
Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты танытпастық.

Кері кету есігін біз ашпайық,
Шаңыраққа ұранды біз тастайық.
Ең бірінші кезең — беташар,
Ал, кәнекей, «Шаңырақ сынын» бастайық!

Беташар әні орындалады.

Сайыс кезеңдері

1-кезең — Таныстыру

Екі топ өздерінің жанұя құрамын таныстырады: «Парасат» және «Ақбосаға».

2-кезең — Балаларын еркелету

Төрт түлік пен құстарға байланысты еркелету сөздері мен ұлттық ұғымдар арқылы тіл байлығы танылады.

Музыкалық үзіліс: «Балдәурен» ансамблінің орындауында «Қызыл жалау».

3-кезең — Панорамалық сәттер

Тәрбиеге қатысты тосын сұрақтар арқылы ата-ана мен баланың көзқарасы, ұстанымы байқалады.

Музыкалық үзіліс: «Ару ана» әні.

4-кезең — Халық әндері сайысы

Бастаушының сөзі:

Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең мендей сүй!

Шарт: халық әндерін кім көп біледі? Екі жанұя кезекпен орындайды: «Парасат» бастаған әнді «Ақбосаға» жалғастырады.

Орындаулардың бірі: «Еламан» әні.

5-кезең — Әкелер сайысы

Тұлпардың сынын сипаттау, ер азаматтың танымы мен сөз саптауы бағаланады.

Қанатты ой

Ер-тұрман — ат көркі. Таудың көркі — тасы мен бұлағы, аттың көркі — құйрық-жалы, құлағы.

Музыкалық бағдарлама ұсынылады.

6-кезең — Тәрбие сабақтастығы

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» қағидасы негізінде ананың қызына, әкенің ұлына берер тәрбиесі талқыланады.

7-кезең — Мақал-мәтел сайысы

Сөз өнері — мақал мен мәтел. Ата-аналар тәрбиелік тақырыпта, ал балалар оқу-білім жайында мақал-мәтелдер айтады.

Музыкалық үзіліс: «Біз өмірдің гүліміз».

8-кезең — Өнер сайысы

Жарайсыңдар, барлығың да, өренім,
Асып бір төселсін кемелің.
Риза болып, біздер қане көрелік,
Тамашалап «Шаңырақтың» өнерін.

Музыкалық үзіліс: «Лағым менің».

9-кезең — Аналар сайысы

«Шебердің саусағы алтын» — сырмақ ою сияқты ұлттық қолөнер арқылы аналардың шеберлігі сыналады.

Әдеби сәт: М. Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңі.

10-кезең — Дастарқан таныстыру

Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан.

Әр жанұя өзінің мерекелік дастарқан мәзірін таныстырады. Бұл кезең — береке, ынтымақ, қонақжайлық секілді құндылықтарды дәріптейді.

Қорытынды

Әділқазылар алқасы сайыстың қорытындысын шығарғанша, «Балдәурен» ансамблі музыкалық бағдарлама ұсынады.

Төле би ауданы, Қайнар орта мектебі.