Ата - аналар үшін баланың балабақшаға бейімделу туралы кеңес
Баланың балабақшаға бейімделуі: ата-аналарға арналған кеңестер
2–3 жастағы балалар үшін балабақшаға бейімделу — күрделі кезең. Бейімделу барысында баланың эмоциялық жағдайы жиі өзгеруі мүмкін. Төмендегі ұсыныстар жаңа ортаға жеңілірек үйренуге көмектеседі.
Күн тәртібін алдын ала сәйкестендіру
Үйдегі режимді балабақшадағы топтың күн тәртібіне барынша жақындатыңыз: ұйқы, тамақтану, серуен және тынығу уақыты бірізді болғаны маңызды.
Тамақтану әдетін жұмсақ өзгерту
Балабақшаның ас мәзірімен танысып, үйдегі тағам түрлеріне балабақшада берілетін тамақтарды біртіндеп қосыңыз.
Өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын бекіту
Балаға күнделікті дағдыларды тұрақты түрде үйретіңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, тамақ ішкенде қасық қолдану, горшокқа сұрану.
Киім таңдауы: балаға ыңғайлы, тез киіліп-шешілетін киім кигізіңіз. Мысалы, замоксыз, белбеусіз шалбар немесе шорты — баланың өздігінен киінуін жеңілдетеді.
Әлеуметтік тәжірибені кеңейту
Аулада құрдастарымен көбірек ойнатыңыз, жолдастарына қонаққа баруға мүмкіндік беріңіз, әжесінде қону секілді шағын тәжірибелерді жиілетіңіз. Мұндай тәжірибе балаға құрдастарымен де, ересектермен де тез тіл табысуға көмектеседі.
Жағымды эмоциялық қолдау
Балабақша туралы жылы, сенімді түрде айтып, оның не үшін қажет екенін түсіндіріңіз. Балаңызды жиі құшақтап, мейіріміңізді көрсетіңіз — жылылық қаншалық көп болса, бейімделу соншалық жеңіл өтеді.
Баланың көзінше балабақша туралы өзіңізді алаңдататын мәселелерді талқылаудан аулақ болыңыз.
Алғашқы күндер қалай өтсе дұрыс?
Алғашқы танысу
Бірінші күні балабақшаға серуен уақытында келіп, тәрбиешімен танысқан дұрыс. Балаңыз жаңа орта мен алғашқы достарын жаймен қабылдайды.
Таныс ойыншық
Балаңыздың сүйікті ойыншығын алып баруға рұқсат болса, өзімен бірге жіберіңіз. Бұл — қауіпсіздік сезімін күшейтетін қарапайым тірек.
Уақытты біртіндеп арттыру
Алғашқы күні-ақ толық күнге қалдырмауға тырысыңыз. Әдетте бірінші аптада 3–4 сағаттан бастап, кейін түске дейін, ал ай соңына қарай (тәрбиеші ұсынса) толық күнге көшуге болады.
Қосымша ұсыныстар
- Кейбір балалар үшін аптаның ортасында бір күн демалыс алып, жүйке жүктемесін азайту пайдалы болуы мүмкін.
- Бейімделу кезеңінде демалыс күндері балаға көбірек уақыт бөліңіз: серуендеңіз, күн тәртібін сақтаңыз, эмоциялық жүктемесін жеңілдетіңіз.
Денсаулық және қауіпсіздік
Балабақшаға тек сау күйде келуі
Бала балабақшаға ауырмай келуі маңызды. ЖРВИ/ЖРЗ-дың алдын алу үшін дәрумендерді дәрігер кеңесімен қолданыңыз. Мұрынға жағылатын құралдар туралы да тек медицина маманының нұсқаулығына сүйеніңіз.
Бала тез үйренуге бейім болса
Егер балаңыз көпшіл болып, жақындары мен бейтаныс адамдардан шектен тыс жасқанбаса, ойын кезінде өздігінен ойнай алса, мінезі ашық әрі құрдастарына мейірімді болса — балабақшаға барған күннен бастап-ақ тез үйренісуі ықтимал.
Маман бақылауы
Баланың бейімделу кезеңінде балабақша психологі және медико-педагогикалық қызмет мамандары баланың жағдайын бақылап, қажет болса қолдау көрсетеді.
Сәт сапар, балапан! Жаңа ортаңда өзіңді жайлы сезін!
Құммен ойнау кезіндегі қауіпсіздік: диагностика
Мақсаты
Құмда ойнағанда қауіпсіздік шараларын сақтау дағдысын қалыптастыру және баланы ерте жастан салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Балақайға арналған сұрақтар
- Құмда ойнағанда қауіпсіздік ережелерін не үшін сақтау керек деп ойлайсың? Сен бұл ережелерді сақтайсың ба?
- Үйдегі дәрі қобдишасы деген не және ол не үшін қажет? Балабақшадағы дәрі қобдишасының қай жерде тұратынын білесің бе? Ал үйде ше?
- Елестет: сен құмды айналадағы адамдарға шашып жібердің, құм басқа балалардың көзіне түсті. Не болуы мүмкін?
- Желді күні құмда ойнау дұрыс па? Неліктен?
- Құмда қандай ойындар ойнағанды ұнатасың? Кәне, маған көрсетіп бер!
- Бізге Білмесхан қонаққа келді делік: ол құмда ойнау ережелерін білмейді. Сен оған не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын қалай түсіндірер едің?