Ұрпақ тәрбиесі

Жаңа мыңжылдықтағы ұрпақ тәрбиесі: жауапкершілік пен міндет

Бүгінгі таңда әлем халқы бір кісідей Жаңа дәуірде — Жаңа ғасырда — Жаңа мыңжылдықта өмір сүріп отыр. Үшінші мыңжылдықтың жастары қандай болмақ? Бұл сұрақтың бүкіл адамзатты толғандыратыны анық.

Шәкәрім адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болатынын айтады: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл қасиеттер адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеуге тиіс құндылықтар ретінде қарастырылады. Сондықтан құнды қасиеттерге баулу — туған кезден басталатын ұзақ та жауапты үдеріс.

Мектеп пен ұстаздың орны

Адамның тұлға болып қалыптасуында ата-анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің орны айрықша. Демек, білім жүйесіне артылар жүк жеңіл емес. Қандай істі болсын бастау да, оны өмірге енгізу де оңай шаруа емес.

Ұрпақ тәрбиесі — болашақтың тірегі, мемлекеттік маңызы бар іс.

Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениет деңгейіне көтеріле алатын білімді, мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты азамат тәрбиелеу — бүгінгі мектеп пен ұстаздар қауымының басты міндеті.

Дарынды табу және әр баланың қабілетін ашу

«Адамзат ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған. Тарихта дарындылар мен қабілеттілер ерекше бағаланған. Сондықтан оқу мен тәрбие сапасы тұрғысынан мұғалім алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі — талабы таудай дарынды тұлғаны танып, оны дамытып, жетілдіріп шығару.

Сонымен қатар педагогикада еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілетсіз бала болмайтыны дәлелденген. Ендеше, жеке тұлғаны қалыптастыру үшін ең алдымен оқытудың мазмұнын жаңартатын жаңашыл, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз қажет.

Ұлттық тәрбиенің өзегі және мектептің бағыты

Міндет — ұлттық мүддені көтеру, ұлттық педагогиканы, әдет-ғұрыпты, халық ауыз әдебиетін тиімді пайдалану, діни-рухани құндылықтарды зерделей отырып:

  • намысшыл, иманды, ізгілікті;
  • жат іс-әрекеттерге сын көзбен қарап, өз бағасын бере алатын;
  • рухани байлықты қастерлейтін;
  • Отанын, өз отбасын қадірлейтін азамат тәрбиелеу.

Бұл үшін ұлттық мектептерімізде білім беруді жаңа типте, жаңа әдіс-тәсілдермен жүргізу қажет. Соңғы кездері мектеп атауын «гимназия», «лицей» деп өзгертуде әуестік бар. Алайда атаудың өзгеруі өздігінен білім сапасын көтермейді. Сондықтан шын мәнінде оқыту жүйесін, мазмұнын және білім беру технологиясын жаңарту маңызды.

Тұлға қалыптастыру баланың бейімі мен талабы, таланты мен қабілеті, сұранысы мен ниеті ескеріліп, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр және бабалар тарихына сүйене отырып жүзеге асуы тиіс.

Педагогикалық технология: мәні және анықтамалар

Қазіргі педагогика теориясы жаңашылдыққа бет бұрып, білім беру мазмұны жаңарған сайын жаңа көзқарастар қалыптасып, жаңа технологиялар өмірге келді. Оқытудың жаңа технологиясын терең меңгеріп, оны оқушылардың жас және психологиялық ерекшелігіне қарай таңдап қолданудың маңызы зор.

Түсіндірме сөздік

Технология — қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы.

Б. Т. Лихачев

Педагогикалық технология — оқу үдерісіне белгілі мақсат көздей әсер ететін педагогикалық ықпал. Ол технологиялық үдерісті нақты педагогикалық нәтижеге жетелейтін өлшемдер жүйесі ретінде қарастырады.

ЮНЕСКО анықтамасы

Педагогикалық технология — бүкіл оқыту үдерісін техникалық және адам ресурстарын, олардың өзара ықпалын ескере отырып, білім берудің формаларын оңтайландыру міндеттері негізінде меңгертуді жүзеге асыратын жүйелі әдіс.

М. В. Кларин

Педагогикалық технология — педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы және оларды қолданудың жұмыс істеу реті.

Ш. Т. Таубаева мен Б. Т. Барсай көзқарасы

Педагогикалық үдеріс технологиясы — мақсат-мүддені анықтаудың жалпы әдіснамасы негізінде, мемлекеттің білім беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес іріктеліп, реттелген оқытудың мазмұны, формасы, әдіс-амалдары, дидактикалық талаптары және психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені.

Ол оқушылардың тәртібіне, оқу ынтасына, оқу іс-әрекетіне игі ықпал етіп қана қоймай, педагогиканы нақты ғылымға жақындата түседі; мұғалімдердің интеллектуалдық және шығармашылық қызметі ретінде педагогикалық іс-тәжірибенің нәтижелілігі мен жинақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, педагогикалық технология — оқу-тәрбие үдерісінде шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімі; ол оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін тірі, үнемі жаңарып отыратын құрамдас бөлік.