Ұлттық - демографилық процестер
Дүние жүзі қазақтарының құрылтайлары және елге оралу үдерісі
1992 жылғы қыркүйек–қазан айларында Алматыда дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Әлемнің 13 елінен келген отандастарымыздың ішінде Өзбекстаннан (870 мың қазақ диаспорасы) және Ресейден (660 мың) келген қатысушылар көп болды. Құрылтайға барлығы 800 адам қатысты.
Негізгі мазмұн және үндеу
Құрылтайда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 26 маусымда қабылдаған «Көшіп келу туралы» заңы қандастардың елге оралуына жол ашқаны атап өтілді.
- 30 қыркүйек — Ұлттық бірлік күні деп аталды.
- Әлемдегі барлық отандастар Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік, мәдени-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, өз қабілеті мен еңбегін туған ел игілігіне жұмсауға шақырылды.
2002 жылғы 23 қазанда Түркістанда дүние жүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Оған 400-ге жуық адам қатысты. Бұл жиында оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының көлемін ұлғайту жоспары талқыланды.
2003
5 мың отбасы
Елге көшіп келді.
2004
10 мың отбасы
Елге көшіп келді.
2005
15 мың отбасы
Елге көшіп келді.
Жалпы алғанда, жыл сайын 50–60 мың оралманның оралуы туралы деректер келтірілді.
1993 жылғы 17 желтоқсанда Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өтті. Сол жылдың өзінде-ақ Қазақстанға Моңғолиядан, Түркиядан, Ираннан және ТМД елдерінен 7,5 мың қазақ отбасы көшіп келді.
Қазақстан халықтарының тұңғыш форумы
1992 жылғы 14 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының тұңғыш форумы өткізілді. Форумда, негізінен, төмендегі мәселелер қаралды:
- 1 Жаңа көзқарас тұрғысынан интернационализм және тату көршілік қатынастарының шарттары талқыланды.
- 2 Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы алғаш рет академик М. Сүлейменовке, халық жазушысы Д. Снегинге, жазушы-аудармашы Г. Бельгерге табыс етілді.
Қазақстандағы көппартиялық жүйенің қалыптасуы
Қазақстанның егемендік алуы және КСРО-дағы диктатуралық жүйенің құлауы қоғамдық дамудың табиғи атрибуты саналатын көппартиялықтың өрістеуіне жол ашты.
1993 жылдың соңындағы тіркелген партиялар
- Социалистік партия
- Қазақстанның республикалық партиясы
- «Қазақстанның халық Конгресі»
- Коммунистік партия
Қоғамдық қозғалыстар қатарында ядролық жарылыстарға қарсы «Невада–Семей», азаматтық «Азат» қозғалысы және «Қазақстанның халық бірлігі» одағы, сондай-ақ 11 республикалық ұлттық-мәдени топ тіркелді.
Сонымен бірге республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйым және 68 түрлі қор ресми тіркеуге алынды. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар ықпалды саяси күшке айнала бастады.
1994–1999: жаңа партиялар мен қозғалыстар
1994 жылғы желтоқсан: «Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы» құрылды.
1995 жылғы қаңтар: «Қазақстанның өрлеу партиясы» құрылды.
1995 жылдың басы: «Қазақстанның аграрлық партиясы» құрылды.
1995 жылғы жаз: «Қазақстанның демократиялық партиясы» құрылды.
1998 жылғы қараша: «Ақ жол» қоғамдық қозғалысы құрылды (жетекшісі — Н. Оразалин). Мақсаты — Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау, «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру, зиялы қауым мүдделерін қорғау.
1999 жылғы қаңтар: «Отан» партиясы құрылды (төрағасы — Т. Терещенко). Партия Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау жөніндегі қоғамдық штаб негізінде қалыптасты.
1999 жылғы 14 қаңтар: «Қазақстанның отаншылар» партиясы құрылды.
1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партия және 30-ға жуық қоғамдық-саяси қозғалыс пен бірлестік жұмыс істеді. 2000 жылы ресми тіркелген партиялар саны 15-ке жетті.
2001 жылғы қарашада «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық-саяси бірлестік құрылды.
Елде саяси партиялар мен партиялық жүйенің орнығуына, сондай-ақ тәуелсіз баспасөздің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Бұл үрдістер республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына, реформалардың тереңдеуіне, экономиканың және халық тұрмысының жақсаруына ықпал етті.
Ұлттық-демографиялық үдерістер: халық саны мен көші-қон
1991 жылдан кейін Қазақстан халқының саны күрт төмендей бастады. Бұл, ең алдымен, эмиграция қарқынының жоғары болуымен байланысты еді.
Халық санының өзгерісі
1992
16 985 000
адам
1993
16 942 000
адам
1995
16 590 000
адам
1999 жылғы халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны азайып, 15 млн-ға жетер-жетпес деңгейде қалғанын көрсетті.
Көші-қон динамикасы және табиғи өсім
1995 жылдың алғашқы 9 айының ішінде республикадан 198,6 мың адам көшіп кетті. Табиғи өсім төмендеп, өлім-жітім көрсеткіші артты.
Соған қарамастан, 1991–1997 жылдар аралығында Қазақстанға шетелден шамамен 164 мың адам көшіп келді.
Ұлттық құрамдағы өзгерістер
Белгілі дәрежеде елдің ұлттық құрамы өзгеріп, кейбір өңірлер негізінен қазақтар қоныстанған аймаққа айналды. Мысалы:
- Қызылорда: 93%
- Атырау: 88%
- Маңғыстау: 74%
- Ақтөбе: 69%
- Оңтүстік Қазақстан: 66%
- Батыс Қазақстан: 66%
Урбанизацияның күшеюі
Осы жылдары ауыл тұрғындарының қалаға көшу үрдісі (урбанизация) күшейді. 1995 жылдары халықтың 56%-ы қалаларда тұрды, ал кейінгі кезеңде бұл үрдіс одан әрі жалғаса түсті.
Тұтастай алғанда, қоғамда жүріп жатқан өзгерістерді өтпелі кезеңге тән үдерістер ретінде бағалауға болады.