Түркі тілдерінің көбіне танымал сөз
Жоғарыда атап өткеніміздей, ескерткіш тілінде парсы элементтері араб сөздеріндей көп емес. Дегенмен оларды бірнеше семантикалық топқа жіктеуге болады.
1) Діни наным-сенімге қатысты сөздер
Авдаз (اَودَز) — дәрет
Мысалдар: авдаз киби намазижүн (дәрет сияқты намаз үшін); авдаздан соңра (дәреттен кейін); авдазлу ол киши олса (ол кісі дәретті болса); авдазсуз олса (ол дәретсіз болса).
Бұл сөз парсы тіліндегі аб (اب — су) және даст (қол) сөздерінің бірігуінен жасалған. Ескерткіштер тілінде абдест, авдаз, авдес тұлғаларында ұшырасады.
Қазіргі түркі тілдерінде бұл нұсқа негізінен түрік (abdesti) және азербайжан (abdəst) тілдерінде сақталған. Қалған мұсылман түркі тілдерінің көбінде арабша طهارت (таһарәт, дәрет) қолданылады.
Қолжазба тіліне парсы нұсқасының енуі оғыз тілдік ықпалына байланысты болуы ықтимал. Қазақ тілінде абдәсте сөзі кейде сулық орамал, яғни дәреттен кейін сүртінетін орамал мағынасында жұмсалады.
Музд (مُزد) — сауап, марапат, өтеу
Мағыналары: 1) сауап, 2) марапат/сый, 3) өтеу/ақы. Мысал: дахы бир сүннәт ишләмәк музд артурур (және бір сүннет жасау сауапты арттырады); аның муздыны үммәтинә (оның өтеуін үмметіне).
Бұл сөз түркі тілдеріне кеңінен сіңбеген, мәтіндерде сирек кездеседі. Дегенмен мәмлүк қыпшақтарының орта ғасырлық жазба ескерткіштерінде ұшырасып отырады.
Оруч (اُرُج) — ораза
Мысалдар: рамазанда оруч дутмақ (рамазанда ораза тұту); оруч ажқанда (ораза ашқанда); күндүз оруч дутмыш (күндіз ораза тұтқан); оружы намазы қабул олмаз (оразасы, намазы қабыл болмайды).
Сөз төркіні парсыша روزه (рузә), арабшасы صوم (саум). Ескерткіш тілінде де, қазіргі қыпшақ және өзге түркі тілдерінің көбінде де парсы нұсқасы басым.
Намаз (نَمَاز) — намаз
Мысалдар: намаз фарздур (намаз парыз); намаз динүң дирәгидүр (намаз — діннің тірегі); биш уақт намазы (бес уақыт намаз).
Арабша баламасы — صلاة (саләт). Алайда түркі тілдерінің барлығында дерлік парсыша намаз нұсқасы орныққан.
2) Егіншілікке және бақша өнімдеріне қатысты атаулар
Күләф (كُلَف) — раушан гүлі
Мысал: күләф суйы киби (раушан суы секілді). Орта ғасыр жазбаларында күлаф, гүлаб, гүлаф, гүлеф тәрізді аллофондар кездеседі.
Төркіні парсының гүл және аб (су) компоненттері болуы мүмкін. Қолжазбада ол көбіне «раушан гүлі» мағынасында жұмсалып, суйы сөзімен тіркеседі.
Қарбус (قَربُص) — қарбыз
Мысал: қарбус суйы киби (қарбыз суы секілді). Сөз парсының خربز (һарбуз) тұлғасынан тараған.
Парсыдан енген сөздердің бір бөлігі егіншілік, бақша өнімдері, шаруашылыққа қатысты келетіні белгілі. Түркі тілдеріне енгенде сөз басындағы һ дыбысы әртүрлі сәйкестікпен өзгеріп отырады; қыпшақ жазбаларында сөз соңындағы з/с алмасуы да кездеседі.
Хыяр (خِيَار) — қияр
Мысал: хыяр суйы киби (қияр суы секілді). Түркі тілдерінің көбіне таныс болғанымен, қыпшақ жазбаларында салыстырмалы түрде сирек ұшырасады.
3) Адамның көңіл-күйі мен жағдайына қатысты сөздер
Азад (اَزَاد) — азат, еркін
Мысал: йа иләһи азад ит бойнумы отдан (Ей Тәңірім! Азат қыл мойнымды оттан). Бұл сөз өлі және тірі қыпшақ тілдерінде де, өзге түркі тілдерінде де кең тараған.
Йаран (يَرَن) — жаран, дос, туыс
Мысал: йаранлары үстинә (жарандары үстіне). Түбірі йар (жар, дос) сөзімен байланысты, көптік мән үстейтін тұлға ретінде түсіндіріледі. Қазақ тілінде «дос-жаран» құрамында жиі айтылады.
Дил — көңіл
Мысалдар: дилдәдүр (көңілде); ол биш дидүгүмүз дилдәдүр (ол «бесеу» дегеніміз — көңілде).
Көп түркі тілдеріне енгенімен, кейбірінде сөйлеу тілінде белсенді емес. Сонымен бірге Ділназ, Ділбар, Ділшат тәрізді кісі есімдерінің құрамында жиі кездеседі.
Хаста (حَستَه) — ауру
Мысалдар: хаста сормақ (ауру халін сұрау); хаста киши (ауру кісі).
Бұл — түркі тілдерінің көбінде белсенді қолданылатын парсы сөзі. Алайда қазақтың күнделікті сөйлеу тілінде орнықпаған.
Душманлық (دُشمَنلِق) — дұшпандық
Мысалдар: душманлық йоқ (дұшпандық жоқ); душманларуң йүзүни (дұшпандардың жүзін).
Қыпшақ жазбаларында дүшман, дүшмен, тушман, түшмен сияқты варианттар кездеседі. Қазақ тілінде негізгі нұсқа — дұшпан, ал жазба әдебиетте дұспан, дұсман түрлері де ұшырайды.
4) Шаруашылыққа қатысты атаулар
Базар (بَزَار) — базар, жәрмеңке
Мысал: күфжиләр базарында (тақияшылар базарында). Бұл сөз өлі және қазіргі қыпшақ тілдерінде, басқа да түркі тілдерінде кең тараған.
«Базар» сөзі көптеген еуропа тілдеріне де еніп, орныққан. Түркі тілдерінің бірқатарында бұл атау аптаның жетінші күніне (базар болатын күнге) қатысты да қолданылады; қазақ тілінде ауыспалы түрде «қызық, думан» мағынасын да береді және кісі есімдері құрамында жиі ұшырасады (мысалы, Базарбай, Базарбек).
Давар (دَوَار) — қабырға, дуал
Мысал: ики әлини силмәк даварға (екі қолын дуалға не жерге сүрту). Ескі және қазіргі қыпшақ тілдерінде дивар, дувар, тувар сияқты нұсқалар ұшырайды.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде дуал тұлғасы жиі айтылады.
Зинжир (زِنجيِر) — шынжыр
Мысал: зинжирләрдән (шынжырлардан). Қыпшақ жазбаларында зинжир, синжир, зенжир, зинжил тәрізді варианттар кездеседі.
Қазіргі түркі тілдеріндегі айырмашылықтар дыбыстық сәйкестіктермен (з/с/ш/ч және т.б.) түсіндіріледі: қазақша шынжыр, түрікше zincir және т.б.
5) Шылаулар
Берабер (بَرَبَر) — бірге, тең
Мысалдар: берабердүр олса қасд бирлә (әдейі бірге болса); унудуб йа қасд бирлә (ұмытып не әдейі). Қазақ тілінде бұл ұғымға жақын парапар, барабар
Әгәр (اَكَر) — егер
Мысалдар: әгәр бақса (егер қараса); әгәр күжи йәтмәсә (егер күші жетпесе); әгәр унудуб тәрк әйләсә (егер ұмытып тәрік етсе). Ескі және қазіргі түркі тілдерінде өте белсенді қолданылады.
Йа (يَا) — я, не, немесе
Мысалдар: йа унудуб (не ұмытып); үж ташилә йа үш кисәкилә (үш таспен немесе үш кесекпен). Бұл — салаласа айтылған сөздер мен сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулық шылау.
Қазақ тіліндегі яки шылауы да осы йа және ки элементтерімен байланысты түсіндіріледі.
Мәгәр / мәгәр ки (مَكَر / مَكَر كِى) — сөйтсе де, алайда, тек
Мысал: мәгәр ки зәрурәт ола (алайда қажеттілік болса). Қолжазбада парсыша ки шылауымен тіркесе қолданылады. Қазақ тілінде бұл сөз орнықпаған.
Һәм (هَم) — және, әрі, сондай-ақ
Мысал: Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр (Мұхаммед әрі құлы, әрі елшісі). Бұл шылау түркі тілдеріне жаппай танымал, қазақтың жазба тілінде һәм, әм
Һәр (حَر) — әр
Мысалдар: һәр намаздаки (әр намаздағы); һәр нәснәнүң мифтахы вар (әр нәрсенің кілті бар); һәр намаз қылғанда (әр намаз оқығанда). Қазақ тілінде әрһәр
Ки (كِى) — байланыстырушы шылау
Мысалдар: ким ки қылса намазы (кімде-кім намаз оқыса); ол ... ки (ол ... ғой тәрізді байланыстыру). Мағынасы жағынан ол екі сөзді, тіркесті немесе сөйлемді байланыстырады; қызметі қазақ тіліндегі ғой шылауына жақын.
Та (تَا) — дейін, шейін
Мысалдар: та арынынжа (тазартқанға дейін); та тамғай (тамғанға дейін). Бұл — уақыт, көлем, қашықтық шегін білдіретін парсыдан енген шылау. Қазақ тілінде тұрақты қолданысқа түспеген.
Уәләкин (وَلَكِن) — бірақ, алайда
Мысалдар: уәләкин олур намазы (алайда оның намазы...); уәләкин дурур фарз йиринә (бірақ парыздың орнына жүреді). Түркі тілдерінде көбіне ләкин тұлғасында кездеседі; қазақтың жазба әдеби тілінде сирек ұшырасады.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, түркі тілдерінде, соның ішінде ана тілімізде араб және парсы тілдерінен енген сөздердің орны ерекше, қолданылу өрісі де кең. Байқағанымыздай, мұндай сөздердің бір бөлігі өте ерте кезеңдерде еніп, фонетикалық тұлғасы түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне бейімделіп, ортақ қолданыстағы төл сөзге айналған.
Кейбірі бастапқы мағынасын сақтаса, енді бір бөлігі тіл дамуы барысында семантикалық өзгеріске ұшыраған. Ал тағы бірқатары фонетикалық тұрғыдан көп өзгермегенімен, күнделікті қолданысқа толық сіңбей, көбіне кітаби жазба үлгілерде, ескі қисса-дастандарда немесе діни термин ретінде ғана кездеседі. Мұндай сөздердің мағынасы көпшілікке түсінікті бола бермейді.
Статистикалық дерек ретінде: қолжазба тіліндегі 270-ке жуық араб сөзінің шамамен 89–90%-ы түркі тілдерінде ұшырасады, ал 58%-ы қазіргі қазақ тілінің күнделікті қолданысында бар. 25%-ы кітаби тіл үлгілерінде, жыр-дастандарда және діни термин ретінде жұмсалады. Парсы сөздерінің басым бөлігі қазіргі түркі тілдерінде кездеседі: 66%-ы қазіргі қазақ тілінде, 20%-ы ескі жазба тіл нұсқаларында ұшырасады.
Демек, қолжазба тіліндегі араб сөздерінің едәуір бөлігі мен парсы сөздерінің дені Мәмлүк жеріне қыпшақ тілімен бірге осы өңірлерден барған деуге негіз бар. Араб және парсы элементтерінің түркі тілдеріне ауысуы ұзақ әрі күрделі тарихи процесс болғаны анық; келтірілген мысалдар соның айғағы. Орта ғасыр дәуірі — бұл үдерістің негізгі кезеңдерінің бірі.
Сондықтан «Китаб Муқаддима» тәрізді көпшілікке әлі толық таныла қоймаған жәдігерлердің тілін зерттеу — ескі қыпшақ мәдени мұрасын игерудің маңызды жолдарының бірі.