Ауыл өмірін сезіне білуге, қоршаған ортаны қорғай білуге тәрбиелеу

Сабақ жоспары Музыка Тәрбие

Ауыл – елдің алтын бесігі

Елімізде жарияланған «Ауыл жылы» аясында «Ауыл – елдің алтын бесігі» тақырыбында сабақ өткізуді жөн көрдім. Негізгі мақсатым — ауыл жастарының өнегелік қасиеттерін қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, елге-жерге деген сүйіспеншілікті ояту және әсемдікті сезінуге баулу.

Сабақтың көрнекілігі

  • Ауыл көркін бейнелейтін плакат
  • «Ауылым» әнінің сөзі жазылған плакат
  • Үнтаспа: Құрманғазының «Сарыарқа» күйі
  • Аспап: фортепиано
  • Жер, су туралы мақал-мәтелдер топтамасы

Музыкалық материалдар

  • Құрманғазы — «Сарыарқа» (тыңдау және орындау)
  • «Ауылым» әні (жаңа ән үйрену)
  • Өлеңдерді жатқа айту

Сабақтың міндеттері

Білімділік

Әнді интонациялық тұрғыдан таза орындауға назар аудару. Музыка тыңдау және ән айту арқылы алған әсерді жүйелі қорытындылауға баулу.

Тәрбиелік

  • Оқушыларды ұжымдық шығармашылыққа тәрбиелеу
  • Ауыл өмірін сезіне білуге, қоршаған ортаны қорғауға баулу
  • Ұлттық сезіммен тыңдап, орындауға үйрету

Дамытушылық

Көрнекіліктерді пайдалана отырып, пәнаралық байланысты ұғындыру; оқушының алған әсерін, ойын жүйелі жеткізуге, суреттеуге машықтандыру; есте сақтау қабілетін дамыту.

Сабақтың өту барысы

Сыныпта Құрманғазының «Сарыарқа» күйі ойнап тұрады. Оқушылар күйдің көңіл күйін сезініп, тыңдаған әсерін сөзбен жеткізуге талпынады.

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім:

Қайырлы күн, балалар!

Оқушылар:

Сәлеметсіз бе, апай!

Мұғалім:

Балалар, біз кімнің күйін тыңдадық?

Оқушылар:

Құрманғазының «Сарыарқа» күйін.

Мұғалім:

Музыка қандай көңіл күй сыйлады?

Оқушылар:

Көтеріңкі, көңілді.

Мұғалім:

Дұрыс айтасыңдар.

Жаңа сабақ: ауыл туралы ой

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рақат табылмайды.
Бұлдырасын сағымдай өткен бір күн —
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.

М. Мақатаев

Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Ол — бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі байланған, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекен.

Дүниедегі ең құдіретті — Ана. Сол секілді ауыл да — барша халықтың анасы, тіршіліктің нәрі. Ауыл — халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесік, ұлттық рух қуат алатын қайнар көз.

Негізгі ой

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» — ауыл көркейсе, халықтың тұрмысы жақсарып, әлеуметтік жағдайы да көтеріледі.

Жусаны мен жуасы аңқыған ауыл төсінде егін жайқалып өсіп, мал өрісте жайылса — бұл ауылдың сәні емес пе? Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ежелгі мекені — ауыл екені анық. Демек, ауыл — ұлтымыздың ұйытқысы.

Елбасымыздың: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» — деген сөзі осы ойды нақтылай түседі.

Ауыл — қазақтың салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері мен мәдениеті, адамгершілік құндылықтары қалыптасқан орта. Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушылар да, әуен өрнегін айшықтаған сазгерлер мен күйшілер де, аты аңызға айналған даналар да — бәрі сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан түлеп ұшты.

Саналы әрбір азамат үшін туған ауылдың ұлтарақтай жері де — қымбат қазына. Жұмыр жер өз төсін мекен еткен халықтардың шежіресін жазып отыратын мәңгілік кітап тәрізді.

Естен шығармайық

«Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа» — деген жырау сөзі ауылдан жырақ жүрсек те, туған жерге деген жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.

Әрбір жан ауылдың тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен ғылымы, хал-жағдайының жақсаруына қолдан келгенше үлес қосуы керек. Себебі ауыл күйзелсе, халықтың да өмірі жақсармайды. Бұл мәселе — қоғам үшін маңызды.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғыры бекіген заманда көптеген қиындық шешімін табады. XXI ғасыр — гүлдену ғасыры. Алдағы уақытта адамзат көрікті ауылда да, келбетті қалада да бақытты тұрмыс кешуге тиіс.

Басты тұжырым

Жасампаз ауылдың тұтқасы — білімді де өнегелі жастардың қолында. Ауылдың көркеюі жастардың санасы мен сезіміне, рухы мен ерлігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан білім шыңына ұмтылу — ортақ міндет.

Терең білім мен табиғи талант ауылдың ауасымен тыныстаған жастардың бойында мол. Нарық қыспағы әсер етіп, қаңырап қалған үйлерге, саябырсыған тіршілікке қайта жан бітеді деп сенемін.

«Ырыс алды — ынтымақ». Туған ауылын ұлттық өмір сүрудің өзегі деп танитын әрбір азамат бірлікпен іске кіріссе, келешекте ауылымыз сәулеті асқан, дәулеті тасыған, рухани дамыған, берекелі әрі мерекелі құтты мекенге айналары сөзсіз.

Практикалық бөлім

Тапсырма

Қане, балалар, жаңа ән үйренейік: «Ауылым — құт мекенім».

Қорытындылау

«Ауылым» тақырыбы бойынша сөзжұмбақ шешу.