Дәстүрлі өнер

Төл музыка дәстүрдің тереңінен тамыр тартып, біліктілік пен кәсіпқойлық деңгейде шыңдалса ғана өрге басады. Соңғы жылдары қазақтың дәстүрлі музыкасын жоғары кәсіби деңгейде дамытуға түбегейлі бетбұрыс жасалып, ұлттық ділге, мемлекеттік тілге деген көзқарас та оңала бастағандай.

Бұл нышан таяуда Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 60 жылдығына орай өткен «Музыкалық білім және музыкалық ғылымның өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік мәслихат барысында айқын байқалды. Жиынның бұған дейінгі шаралардан өзгешелігі де айтарлықтай болды: 120-дан астам баяндама тыңдалып, алыс-жақын шетелдің музыкалық жоғары оқу орындарынан келген 170-тен астам өкіл мен ұстаз дәстүрлі қазақ музыкасының жанрлық әрі салалық тұрғыдан өркендеп, классикалық өнермен қатар дамып келе жатқанына көз жеткізді.

Назардағы түйін

Мәслихаттың басты ерекшелігі — тіл мен өнер бірлігі мәселесінің кең ауқымда алғаш рет көтерілуі

Мемлекеттік тіл · Музыкалық білім

Консерватория тарихында алғаш рет музыкалық оқу орындарында мемлекеттік тілді қолдану мәселесі ауқымды деңгейде қозғалып, мәслихат аясында қазақ тіліне арналған отырыс бөлек, дербес түрде өтті.

Тіл мен музыка: ажырамас сабақтастық

Профессор, даңғайыр күйші Қаршыға Ахмедияров «Тіл мен музыканың бірлігі» баяндамасында осы мәселені өзек етті. Ол музыканың тілді дамытудағы рөлін айта келіп: «Нарды тіл емес, күй иіткені рас. Дегенмен, “өнер алды — қызыл тіл”. Ал сол тілді үйретудің әдіс-мүмкіндіктерін жеткілікті пайдаланып жүрміз бе? Жоқ!» — деген уәж айтты.

Қаршыға Ахмедияров көтерген мәселе

  • Тілді таза жеткізудің ең пәрменді тіректерінің бірі — ән, саз, әуез, ырғақ, мақам екенін ескеру.
  • Табиғатынан сазды қазақ тілінің «мәйегі» мен мақамы көмескіленіп бара жатқанына алаңдау.
  • Теледидар мен радио кеңістігіндегі сөйлеу мәдениетінің құлдырауы тіл қадірін төмендететін факторға айналуы.
  • Қоғамның қазақ тіліне ықыласын арттыру үшін консерватория ұстаздары, музыканттар және орындаушылар бірлесе жұмыс істеуі.

Кәсіби даму бағыты: оқу әдістемесінен орындаушылық шеберлікке дейін

Мәслихатта қазақтың дәстүрлі музыкасын жетілдірудің жолдары мен бағыты қайта пысықталып, ән мен күй орындау шеберлігін кәсіби деңгейде дамыту туралы салмақты мәселелер көтерілді. Талқылаулар барысында бұрын-соңды «Мәскеу белгілеп берген» оқу бағдарламасынан артық жоспар жоқтай көрінген әдістеменің біртіндеп ұлттық сипат алып келе жатқаны да анық аңғарылды.

Тұлғалар мұрасы қайта ой елегінен өтті

Ахмет Жұбанов, Бекен Жылысбаев, Мағауия Хамзин, Жүсіпбек Елебеков, Әйткеш Толғанбаев секілді тұлғалардың шығармашылығына талдау жасалып, өнегесі кеңінен насихатталды.

Маман даярлау ауқымы кеңейтілуі тиіс

Халық орындаушыларын жоғары оқу орындарында кәсіби маман ретінде дайындаудың өзекті тұстары айтылды. «Дәстүрлі өнер — жыр», «Дәстүрлі өнер — ән», «Дәстүрлі өнер — күй» мамандықтарына келешекте «Дәстүрлі өнер — би» бағытын қосу қажеттігіне назар аударылды.

Дәстүрлі би туралы ұсыныс

Ұлттық классикалық өнеріміздің негізіне айналған хореографиялық қойылымдарды жоққа шығармай, сонымен бірге қазақтың халықтық би өнері ертеден-ақ жоғары деңгейде дамығанын ескере отырып, консерваторияда дәстүрлі бишілік мамандығын жүйелі түрде оқытатын уақыт жеткені айтылды. Бұл пікірді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов көтеріп, оны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әндері кафедрасының аға оқытушысы Қанат Құлымжанов қолдай отырып, дәстүрлі әншілер дауысын шыңдау ерекшеліктеріне де тоқталды.

Баяндамалар көкжиегі: тарих, әдістеме, терапия, аспаптану

Мәслихатта қазақ тілінде жасалған баяндамалар да мазмұндық тұрғыдан салмақты болды. Ашық айту керек: кеңестік кезеңдегі «сен тимесең, мен тиме» деген үрейлі үнсіздіктен кейін мұндай тақырыптардың батыл әрі жүйелі көтерілуі — құптарлық құбылыс.

Негізгі тақырыптар

«Қайдасың сен, қоңыр үн?»

«Қазақ халқының мәдени мұрасын сақтаудың негізгі тұтқасы»

«Күй — өткен тарихымыздың тілсіз шежіресі»

«Күй өнеріндегі стильдік ерекшеліктер»

«Көкіл күйінің шығу тарихы»

«Домбыра өнері және эстетикалық тәрбие»

Сонымен бірге балалар мен жасөспірімдерге музыкалық фольклор негізінде музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, Қазақстандағы баян мектебін консерватория үлгісімен дамыту, қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі музыкалық дидактика, музыкалық-көркем құбылысты тану әдістемесі, шығыс халықтарындағы музыкалық терапия тарихы, домбыра өнері мен қобыз тарихы, жетіген мен шертер аспаптарын жетілдіру, Қорқыт ата және түркі әлемі, түркі халықтары музыкасының ерекшеліктері, қазақ халық әндерінің философиялық мәні жөніндегі пікірлер де ықыласпен тыңдалды.

Халықаралық үнқатысу және ортақ мәміле

Парижден, Бейжіңнен, Сеулден, Мәскеуден және Ресейдің Воронеж, Новосібір секілді аймақтарынан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген мамандар қазақ консерваториясының қадамы қарқынды екенін атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген музыка мамандары көптен көкейде жүрген ойларын ортаға салып, ұсыныстар бойынша ортақ мәмілеге келді.

Талқылау форматы

Дөңгелек үстелдер, семинарлар және дербес пікірталастар барысында тараптар тіл табысып, мәдениет пен өнерді ұлттық ерекшеліктерге сай дамытудың нақты тетіктерін бірлесе іздестірді.

Шығармашылық ізденіс назардан тыс қалмады

Дәстүрлі мұрадан қуат алып, кәсіби деңгейде шыңдалған мамандар шығармашылығы да кеңінен сөз болды: Қазақстанның композиторлық мектебі, камералық-вокал жанрында музыка мен мәтін байланысы, композиторлар шығармаларындағы ән-вальстер тақырыбында қызу әрі пайдалы пікір алмасулар өтті.

Байқаулар, концерттер және жаңа кеңістік

Мәслихат аясында өткен «Бабалардан жеткен саз», «Көнеден көшкен керуен сазы» концерттері, дәстүрлі музыкалық аспапта орындаушылардың «Асыл мұра» атты екінші байқауы, ІІ халықаралық пианистер байқауы, сондай-ақ күй өнерінің айрықша үрдісі саналатын «Күй тартыс» жарысы көрерменге ұсынылып, ұлттық өнеріміздің сан саласы жан-жақты танытылды.

Үлкен орган залының ашылуы

Үлкен орган залының ашылуы қазақ өнерпаздарының тек ұлттық аспаптық мұраға ғана емес, әлемдік музыка қазынасына да сергек қарайтынын көрсетті.

Музыкалық сын мен журналистика: жаңа қажеттілік

Алматыдағы жүздесу тәжірибе алмасу мен пікір айту мінберіне айналды. Құрманғазы консерваториясының ұстаздары мен қызметкерлерін Өзбекстан мемлекеттік консерваториясында «музыкалық сын және журналистика» кафедрасының жұмыс істейтіні ерекше қызықтырды.

Қаршыға Ахмедияровтың ұсынысы

Күйші Қаршыға Ахмедияров: «Шіркін, бізде де БАҚ өкілдерімен жүйелі жұмыс істейтін арнаулы қызмет болса, еліміздің төрт құбыласындағы музыкалық мәдениеттің өзара қабысып жатқанын; батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің, Арқа мен Жетісудың ән-күйі бір-біріне бәсекелес емес, керісінше, сабақтас екенін қалың жұртқа музыкалық танымы бар журналистер мен жанашыр баспасөз арқылы айқын дәлелдер едік», — деген ой айтты.

Бұл ұсыныстың орынды екенін байқаған консерватория басшылығы мәселені ой елегінен өткізіп, көп созбай қолға алуға болатынын мәслихат барысында аңғартты.

Сырт көз бағасы: жанрлық дербестік және тақырыптық жүйе

Өзбек әріптестер қазақ музыка өнерінде ән мен күйдің жеке жанрлық сала ретінде нығайып дамығанын мойындап, бұл тұрғыда қазақ бауырлардың алда екенін атап өтті. Өзбекстанда аталмыш өнер саласы көп жағдайда бір жанр аясына жинақталып қарастырылып келеді.

Сондай-ақ қазақ музыка өнерінде тақырыптық сипаттың қалыптасқанын, мұндай жетістік батыс классиктерінің туындыларына тән екенін П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Валентина Холопова арнайы атап өтті.

Қорытынды ой

Мәслихат көрсеткен басты ақиқат — дәстүрлі музыканың қайнар көзінен сусындау мен кәсіби шыңдалу қатар жүргенде ғана ұлттық өнердің тынысы кеңейеді. Ал сол үдерістің тірегі ретінде тіл мәдениетін күшейту, оқу-әдістемені ұлттық болмысқа жақындату, орындаушылық мектептерді жаңғырту және музыкалық сын мен журналистиканы жүйелеу секілді міндеттер күн тәртібінен түспеуі тиіс.