Киіз үйді салу жолдарын тақтаға бейнелеу
Бұл сабақтың мақсаты — елестету мен еске түсіру арқылы киіз үйдің суретін салу. Оқушыларды халық шеберлері жасаған киіз үйдің құрылымымен таныстырып, киіз үйге қатысты атаулардың мағынасын түсіндіру көзделеді.
Сабақтың мақсаты
- Елестету және еске түсіру арқылы киіз үйдің суретін салу.
- Киіз үйдің негізгі бөліктерімен таныстыру: кереге, уық, шаңырақ, ши, түндік, бау, басқұр.
- Атаулардың мазмұнын сипаттап, олардың қызметін түсіндіру.
Көрнекіліктер
- Киіз үй бейнеленген таблица
- Халық шеберлерінің жұмыстарының репродукциялары
- Киіз үйдің фотографиялары
Ұсынылатын әдебиеттер
-
Ә. Марғұлан
«Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері», 1988 ж.
-
М. Мұханов
«Қазақтың үй өнеркәсібі», 1978 ж.
-
Ә. Тәжімұратов
«Шебердің қолы ортақ», 1979 ж.
Сабақтың жоспары
- Қазақ халқының ертедегі кәсібі мен тұрмысы туралы түсінік беру.
- Киіз үйдің құрылысы және оның бөлшектерін сипаттау.
- Кітаптар мен фотографиялар арқылы киіз үйдің сыртқы және ішкі көрінісін көрсету.
- Киіз үйдің түрлері туралы әңгімелеу.
- Киіз үйдің пропорциялық өлшем-қатынастары туралы түсінік беру.
- Киіз үйді салу жолдарын тақтада көрсету.
- Кеңістікте бір-бірінен алыс не жақын орналасқан бірнеше киіз үйді бейнелеу тәсілдерін түсіндіру.
- Үйлерді қағаз бетіне композициялық тұрғыда орналастырып, бейнелеу.
Сабақты өткізуге дайындық және мазмұны
Бұл сабақ жоспарға сәйкес алдын ала дайындықты қажет етеді. Сабақ барысында оқушыларға қазақ халқының ертеде көбіне мал шаруашылығымен айналысқаны, сол тіршілік салтына сай көшіп-қонуға қолайлы киіз үй формасының қалыптасқаны түсіндіріледі.
Материалдар туралы қысқаша мәлімет
Ағаштан жасалатын бөліктер
Кереге, есік, уық, шаңырақ, бақан.
Жүннен жасалатын бұйымдар
Туырлықтар, түндік, бау, басқұр.
Сондай-ақ бұйымдарды бояуда табиғи бояғыш заттар қолданылғаны айтылады.
Кейін көрнекі құралдардың көмегімен киіз үйге қатысты суреттер мен репродукциялар көрсетіледі. Мұғалім киіз үйдің суретін салу ретін түсіндіріп, одан соң бірнеше киіз үйді кеңістікте бейнелеу тәсілдеріне назар аударады.
Бейнелеу жұмысының негізгі қағидалары
Алыстағы заттарды шартты түрде кішірек етіп, қағаздың жоғарғы бөлігіне орналастыру; жақындағы заттарды ірірек етіп, форматтың төменгі бөлігіне бейнелеу.
Үйлерді қағаз бетіне орналастырып болған соң, көріністі жандандыру үшін мүмкіндігінше арба, жайылып жүрген мал және басқа да детальдарды қосуға болады.
Алдымен сурет қарындашпен орындалады, кейін акварель немесе гуашь бояуымен боялады.
Ескерту (қала мектебі үшін)
Егер сабақ қала мектебінде өткізілсе, алдын ала оқушыларды өлкетану музейіне апарып, киіз үйдің құрылысымен таныстыру тиімді болады.