Туған күнге арналған тәтті тоқаштар балабақшадағы ашық сабақ

Ашық оқу іс-әрекеті

Туған күнге арналған тәтті тоқаштар

Дайындаған

А. Шангреева

№11 «Балдырған» балабақшасы, «Өзін-өзі тану» пән жетекшісі

Өткізілген орны

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Топ: №14 «Айгөлек»

Мақсаты

Білімділік

  • Нанның дастарханға көп еңбектің арқасында келетінін қайталап, нанға деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру.
  • Балаларды аспазшы рөліне енгізіп, ұннан жасалатын өнімдерден түрлі тәтті тоқаштарды орау, бүктеу, бастыру тәсілдері арқылы жасай білуге үйрету.
  • Туған күнді еске түсіре отырып, бір-біріне жылы сөз айтуға және мерекелік көңіл күй сыйлауға ынталандыру.

Тәрбиелік

  • Балалардың бойында достық сезімді, өзара құрметті тәрбиелеу.

Дамытушылық

  • Ақыл-ойын, сөйлеу мәдениетін және сөздік қорын дамыту.
  • Нанға деген сүйіспеншілік пен еңбекке құрметті тереңдету.

Сабақтың барысы

Кіріспе: қарсы алу және амандасу

Балалар әуенмен топқа кіріп, жарты шеңбер болып тұрады. Тәрбиеші қонақтарды қарсы алып, балаларды сәлемдесуге шақырады.

Балалардың амандасу өлеңі

Күннің көзі ашылсын,

Көкке шуақ шашылсын.

Құтты қонақ келіпті,

Төрімізге еніпті.

Амандасу үлкенге —

Тәрбиенің басы ғой.

Ал, қанекей бәріміз

Сәлем дейік үлкенге.

Тәрбиеші топтың әдемі безендірілгенін атап өтіп, балалардың арнайы киімін сұрайды. Балалар: «Аспазшы киімі» деп жауап береді.

Шаттық шеңбері

Біз балдырған тең басқан,

Дос құшағын кең ашқан.

Тілегіміз — тыныштық,

Ашық болсын кең аспан.

Мықты болсын іргеміз,

Бәріміз де біргеміз!

Танымдық бөлім: сұрақ-жауап және тақырыпқа кіріспе

Тәрбиеші балалардың зейінін жинақтау үшін сұрақтар қояды:

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Көктем мезгілінде неше ай бар? Қандай айлар?
  • Көктем мезгілінің ерекшеліктері қандай?

Тәрбиеші сәуір айында Алихан мен Нұршаттың туған күндері болатынын айтып, мерекені қалай атап өтетіндерін сұрайды. Сондай-ақ аналар әкелген тәттілер туралы айтады және түскі мезгілде туған күн иелеріне тілек білдіретіндерін ескертеді.

Тәрбиеші: «Нан, тоқаш, печенье, торт — барлығы неден жасалады?» Балалар: «Ұннан».

Еске түсіру

«Нан қайдан шығады?» тақырыбындағы ертегіні слайд арқылы (егін, бидай, комбайн, ұн, наубайхана, дүкенші) қайта әңгімелеу.

Қорытынды ой: Нан — көп еңбектің нәтижесі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдың мәні түсіндіріледі.

Әңгіме: «Арсен және оның достары»

Бір күні Арсен дүкен сөрелеріндегі түрлі тәттілерді көріп, кондитер-аспаз болуды армандайды. Ол достарын ертіп, дүкеншіден тәттілердің қайда жасалатынын сұрайды. Балалар кондитерлерге барып, жұмысты көруге рұқсат алады. Аспазшы апайлар оларды қуана қарсы алып, тоқаш пісіру жолын түсіндіреді.

Арсен достарымен бірге қамырдан тоқаш жасап үйренеді. Аспазшы апай ұнға май, жұмыртқа, қант, сүт қосылатынын айтады. Балалар тасбақа пішініндегі тоқаш жасап, мәз болады. Арсен тәттінің оңай жасалмайтынын түсінеді.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Арсен дүкенде нені көрді?
  • Оның қандай арманы пайда болды?
  • Ол достарымен қайда барды?
  • Тәтті тоқашты жасау неліктен еңбек талап етеді?

Практикалық жұмыс: тоқаш жасау

Дайындық

Тәрбиеші алдын ала қамырды илеуге дайындап қояды: май, сүт, қант қосып, жұмсартып илейді. Балалар дайын қамырдан өздеріне ұнаған пішінде тоқаш жасайды.

  • Тәсілдер

    Орау, бүктеу, бастыру.

  • Нәтиже

    Әр бала өз пішініндегі тоқашын дайындайды.

Пісіруге жіберу (сценарий)

Топта пеш болмағандықтан, тәрбиеші балабақша асханасына телефон соғып, тоқаштарды пісіруге көмектесуді сұрайды.

Телефон арқылы

— Ало, сәлеметсіз бе! Бұл балабақша асханасы ма? Мен №14 «Айгөлек» тобының тәрбиешісімін. Балалар туған күнге арнап тоқаш жасады, пешіңізге салып пісіріп бересіз бе?
— Жақсы, рақмет!

Асхана қызметкері көмектесуге келіседі. Көмекші апай тоқаштарды асханаға апарып береді. Тоқаш пісіп келгенше, балалар жасаған жұмысты қорытындылайды.

Қорытындылау: нан туралы ой және тақпақтар

Сұрақтар

  • Біз бүгін не жасадық?
  • Тоқаш неден жасалады?
  • Нан туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

Қысқа шумақ

Нан болса ойнап күлеміз,
Нан болса еркін жүреміз.
Нан — қасиет, нан — береке,
Нан — мереке.

Нанға құрмет туралы үндеу

О, адамдар, айтарым бар:
Нанды баспаңдар!
Онда қол жетпейтін аспан бар,
Әні ешкім жазбаған дастан бар.
Өтініп сұраймын:
Ана бол, дана бол, бала бол —
Нанды баспаңдар!

Еңбектің наны тәтті,
Жалқаудың жаны тәтті.

Егін елді жинайды,
Қырманға деп қоймайды.
Біздің дала — той дала,
Алтын астық айнала.

Мерекелік бөлім: тоқаштың пісуі және құттықтау

Жаңалық қоңырауы

Телефон шырылдайды. Асханадан: тоқаштардың піскені, балалардың жұмысы өте жақсы шыққаны айтылады. «Ас болсын!» деген тілек жолданады.

— Сіздердің тоқаштарыңыз пісті. Қазір беріп жіберемін. Балалар өте жақсы жасапты. Ас болсын!

Осы сәтте шаттық әуенімен қолында тәтті тоқаштар бар сайқымазақ кіріп келеді. Балалармен амандасып, тоқаштың иісіне таңданып, олардың кімнің құрметіне жасалғанын сұрайды.

Туған күн тақпақтары

Алихан

Төрт жаста едім бұрын,
«Бестесің» — деді бүгін.
Туған күнім бола берсе,
Үйге достар тола берсе.

Нұршат

Туған күнім менің бүгін,
Күліп жүрмін, күліп жүрмін.
Достар түгел келіп жатыр,
Сыйлық әкеліп беріп жатыр.

Нұржайна

Қандай жақсы туған күнің болғаны,
Әр жыл сайын бір жасқа адам толғаны.
Көк төсінде жұлдызымыз жайнайды,
Көңіліміз көтеріңкі, жайдары.

Динара

Сенің туған күніңде
Өлең жаттап келеміз,
Би де билеп береміз.
Гүл сыйлаймыз бәріміз,
Айтқаныңа көнеміз.
Бақшаға біз барамыз,
Кітап сатып аламыз.
Сенің туған күніңде
Қосылып ән саламыз.

Торт және би

Сайқымазақ: «Туған күн сыйлықсыз және тортсыз болмайды!» — деп балаларды көздерін жұмып, қол соғуға шақырады. Фанфар әуенімен торт әкелінеді. Туған күн иелері шамды үрлейді, барлығы құттықтайды. Кейін ән мен би жалғасады.

Қорытынды: дәм таттыру және кері байланыс

Қонақтарға ұсыну

Балалар өздері дайындаған тәтті тоқаштарды қонақтарға ұсынады. Барлығы бірге: «Ас болсын!» дейді.

Рефлексия

Тәрбиеші балалардан бүгінгі оқу іс-әрекеті ұнаған-ұнамағанын сұрайды және ашық сабақтың аяқталғанын хабарлайды.

Сау болыңыздар!