Махамбет поэзияларының көркемдік сипаты
Мазмұны
Кіріспе
3–5
I тарау. Махамбет поэзияларының көркемдік сипатының жалпы теориялық негізі
- 1.1 Махамбет поэзияларының көркемдік сипаты 6–12
- 1.2 Махамбет өлеңдеріндегі дыбыстық үндестік 13–16
- 1.3 Махамбет поэзиясындағы табиғат элементтері 17–26
II тарау. Махамбет поэзияларының әдіс-тәсілдерінің түрлеріне сипаттама
- 2.1 Сабақ жоспары. Махамбет Өтемісұлы: «Тарланым» 27–30
- 2.2 Зерттеу жұмыстарын талдау және қорытындылау 31
- Қорытынды 32
- Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 33
- Қосымшалар 34
Кіріспе
Махамбет өлеңдері жанрлық табиғатымен зерттеушілердің айрықша назарын аударады. Ақынның кейбір туындыларын лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады: онда өмір құбылыстары Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық аясында суреттеліп қана қоймай, ақынның жеке көзқарасы, ішкі күйі, сезінуі де қатар өріледі.
Оқиғаны лирикалық толғаныспен баяндау лиро-эпикалық жырларға тән ерекшелік екені белгілі. Мұндай баяндау сарыны Махамбеттің «Соғыс», «Мінкен ер», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Исатай сөзі» өлеңдерінде анық байқалады.
Тарихи шындықтың поэтикалық дәлдігі
«Соғыс» өлеңінде Махамбет көтерілістің әр кезеңін тарихи оқиғалардың ізімен сабақтастыра суреттейді. Кейбір көріністерді баяндауы мен детальды сипаттаулары тарихи фактілермен тығыз қабысып жатады.
Бір қарағанда, осы сарындағы бірқатар өлеңдерді тарихи жырлар тобына жатқызуға да болатындай. Алайда бұл — арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Өйткені ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдер әлі де жүйелі түрде толық зерттеліп болған жоқ. Махамбеттің осы тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдермен байланысы айқын, бірақ негізгі айырмашылықтарды нақтылау үшін алдымен дәстүрлі үлгілердің өзін кешенді талдау қажет.
Зерттеу жұмысының өзектілігі
Махамбет поэзиясы — аса күрделі құбылыс. Ақын өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысты, ділді және танымды алуан көркем бейнелер арқылы таныта білді. Дегенмен Махамбет тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени әрі тарихи мәні толық ашылып, тұтас жүйе ретінде жан-жақты танылды деу қиын.
Сондықтан Махамбет шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастыра (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика) арнайы қарастыру — өзекті мәселелердің бірі.
Махамбет поэзиясының танымдық-рухани өрісі
Ақын поэзиясы тарихи шындықты ғана емес, халық өміріне және ұлттық санаға ықпал еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын да терең танытады. Ол дүниенің ақ пен қарасын (өмір–өлім, қуаныш–қайғы, сенім–опасыздық, әділдік–әділетсіздік, дос–жау) көркем бейне, астарлы ой және үстеме мағына арқылы айшықтайды. Мұндай мәтінді зерттеу — көркемдік шеберлікті, ұлттық дүниетаным тереңдігін және экспрессивті тілді зерттеу деген сөз.
Тақырыптың өзектілігі сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің тілі, соның ішінде коннотаттық компонентке тең келетін сөздердің қолданылуы арнайы түрде кең көлемде зерттеу нысаны болмағанымен де байланысты.
Зерттеу нысаны
Көркем сөз шебері Махамбет ақынның ұлттық-танымдық, тарихи және прагматикалық сипатымен ерекшеленетін поэтикалық тілі.
Мақсаты мен міндеттері
Жұмыстың негізгі мақсаты — коннотация құбылысының ерекшеліктерін айқындап, лингвистикалық табиғатын нақтылай отырып, Махамбет лексикасындағы үстеме мағынаны ашу; ақын шығармашылығында коннотаттық семантиканың орын алу деңгейін, мақсатын және жүзеге асу жолдарын анықтау.
Міндеттер
- Коннотацияға арналған теориялық еңбектерге шолу жасау.
- Коннотацияның микрокомпоненттерін нақтылау.
- Ақын тіліндегі екінші дәрежелі коннотаттық семаны (К2) қамтитын тілдік бірліктер арқылы семантикалық деривация мен коннотация категорияларының байланысын көрсету.
- Махамбет шығармашылығы негізінде коннотаттық компонент пен астарлы мәтіннің арақатынасын анықтау.
- Коннотаттық мағынаға тең сөзқолданыстардың коммуникативтік-прагматикалық мәнін түсіндірудегі пресуппозицияның рөлін көрсету.
- Мәдени коннотация мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді тақырыптық топтар бойынша саралап, көркем мәтін лексикасын ұлттық-танымдық тұрғыдан қарастыру.
- Нақты тілдік деректер негізінде Махамбет поэзиясындағы көріктеуіш құралдардың қызметін прагматикалық үстеме мағына және мәдени ақпарат тұрғысынан сипаттау.
Ғылыми жаңалығы
Махамбет поэзиясының басты қасиеттерінің бірі — саяси үндеу, үгіт сипаты. Алайда саяси үгіт поэзиясын жасаушылар тарихта Махамбетпен ғана шектелмейді. Соған қарамастан, ақынның өзіндік ерекшелігі бар: шығармашылық болмысының көпқырлылығы мен мазмұндық-стильдік тұтастығын айқындау, сондай-ақ еркін жазу стратегиясын қолдану аясын (ақпараттық технологиялар мүмкіндіктерімен байланыста) талдау — зерттеудің жаңаша қырларының бірі ретінде қарастырылады.
Зерттеу көздері
- «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының екінші кітабында жарық көрген Махамбет Өтемісұлының өлеңдер жинағы (Алматы: Арыс, 2001. — 160 бет).
- Махамбет ақынның тарихи лексикасымен сабақтас халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының тілдік қолданыстары.
- Ғалымдар зерттеулерінің деректері: Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Мұқаметқанов, Ә.Нұрмағамбетов, Ғ.Әнес, А.Харузин, Х.Досмұхамедұлы, Ы.Шөрекұлы, Б.Аманшин, И.Кенжалиев, М.Құлкенов, Р.Отарбаев, Ә.Сараев және т.б.
- Қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық және аймақтық сөздіктері.
Зерттеу әдістері
Жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне сай түсіндіру, сипаттау, салыстыру, топтау, талдау (компоненттік, семантика-стилистикалық, контекстік, этнолингвистикалық, салыстырмалы-тарихи, дефиниционалдық) және қорыту әдістері қолданылды.
Теориялық және практикалық маңызы
Зерттеудің теориялық негізі ретінде лексикалық мағынаның коннотаттық компонентін және поэтикалық тіл ерекшеліктерін тануға арналған В.И.Говердовский, В.И.Шаховский, М.М.Копыленко, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, М.Оразов, Ғ.Әнес және т.б. ғалымдардың еңбектері мен монографиялары алынды.
Зерттеу базасы
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, №2 Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі.
Курстық жұмыс көлемі: 35 бет.