МЕНШІККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР
Кіріспе
Өзектілігі. Адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінде меншік құқығы ерекше орын алады. Ол адамның жеке басының тұрақтылығы мен әл-ауқатының маңызды көрсеткіші болып саналады және экономикалық қатынастарды реттеуде елеулі рөл атқарады.
Меншікке қарсы қылмыстар мәселесін талдаудан бұрын «меншік құқығы» ұғымын нақтылау қажет. ҚР Азаматтық кодексінің 188-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік құқығы — субъектінің заң құжаттарымен танылатын және қорғалатын, өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Ал меншікке қарсы қылмыстар осы заңмен қорғалатын құқықтарға тікелей қол сұғады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі — меншікке қарсы қылмыстар. Сондықтан олармен күресу және алдын алу тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Мақсаты
Курстық жұмыстың негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген меншікке қарсы қылмыстар туралы, соның ішінде ең көп тараған түрлердің бірі ұрлық жөнінде негізгі мәліметтер беру.
Міндеттері
Алға қойылған мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттер айқындалады:
- меншікке қарсы қылмыстар ұғымын ашып көрсету;
- меншікке қарсы қылмыстардың заңнамамен белгіленген түрлерін жүйелеу;
- ең кең тараған түрлердің бірі — ұрлықтың түсінігін беріп, оның құрамын анықтау;
- ұрлықтың өзге меншікке қарсы қылмыстардан айырмашылықтары мен ерекшеліктерін көрсету;
- ұрлық затының мазмұнын ашып, бұл қылмыстың ҚР қылмыстық заңнамасында қандай нормалармен сараланатынын көрсету.
Құрылымы
Курстық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, мақсат-міндеттері, жұмыстың құрылымы, сондай-ақ тақырыпты зерттеген ғалым-заңгерлердің еңбектері туралы мәлімет беріледі.
Негізгі бөлімде мәселенің мазмұны ашылып, нақты талданады. Ол екі ірі тарауға бөлінеді: бірінші тарауда меншікке қарсы қылмыстардың түсінігі мен құрамы және олардың заңнамалық түрлері қарастырылады; екінші тарауда бөтен мүлікті ұрлау ұғымы, ұрлық затының сипаттамасы, ұрлықтың құрамы және өзге меншікке қарсы қылмыстардан айырмашылықтары жүйелі түрде көрсетіледі.
Жұмыстың соңында қорытынды беріліп, тақырып бойынша жинақталған тұжырымдар ұсынылады. Курстық жұмыстың көлемі — 20 бет.