Қошқар мүйіз

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Ұйым

  • Қала: Шымкент
  • Балабақша: №58 «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасы
  • Тәрбиеші: Арынғазиева Қ.М.

Тақырып

«Оюлар сыры» — ұлттық ою-өрнектердің мәні мен қолданылуын таныстыру, балалардың тілін, ойлауын және шығармашылық дағдыларын дамыту.

Білім салалары

Таным, қатынас, әлеуметтік, шығармашылық.

Бөлімдер

Тіл дамыту, көркем әдебиет, айналамен танысу, сурет, жапсыру, құрастыру.

Қос тілдік компонент

Өрнекузор.

Мақсаты мен міндеттері

Негізгі мақсат

Балалардың туған елі — Қазақстанға, туған жеріне және табиғатына деген сүйіспеншілігін арттыру; елдің байлығы мен халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы түсінігін кеңейту; ұлттық бұйымдар мен қазақтың ою-өрнек түрлерімен таныстыру.

Дамытушылық міндеттер

  • Ойлау қабілетін жетілдіру, әдеби сөздерге, мақал-мәтелдер мен тақпақтарға қызығушылығын арттыру.
  • Өз ойын толық сөйлеммен жеткізуге және сұрақтарға нақты жауап беруге үйрету.
  • Бастырып салу әдісімен қылқалам және субояумен бояу, желімдеп жапсыру, құрастыру дағдыларын қалыптастыру.

Сабақтың құрылымы

1) Мотивациялық-қозғаушылық кезең

Тәрбиешінің әрекеті

  • Қонақтарға назар аудартып, «Шаттық шеңберін» ұйымдастырады.
  • Сұрақтар арқылы әңгіме бастайды: «Қай мемлекетте тұрамыз? Қазақстан қандай мемлекет? Елордамыз қай қала? Біз қай қалада тұрамыз? Ұлтымыз кім?»
  • Қазақстан туралы тақпақтарды тыңдауға шақырады.

Балалардың әрекеті

Балалар амандасады: «Қайырлы таң, шуақты күн мен қалықтап ұшқан құстарым! Қайырлы таң күлімдеген көздерің! Әрбір жүрек мейірімге толы болсын. Мейірімді таңымыз шуақты да ұзақ болсын!»

  • «Біз Қазақстан мемлекетінде тұрамыз. Қазақстан — тәуелсіз мемлекет.»
  • «Елордамыз — Астана. Біз Шымкент қаласында тұрамыз. Ұлтымыз — қазақ.»

Қазақстан туралы тақпақтар

Қазақстан дейтін менің елім бар,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суғарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

Әйнегі — күн, шатыры — аспан, кең дала…
Төл толған егін, көлдері күміс шашқан,
Қазақстан Республикасы — менің.

Мы живем в стране особой,
Самой дружной, самой доброй.
Мы гордимся ею —
Родиной своею.

2) Ұйымдастыру-ізденушілік кезең

Сұрақ-жауап арқылы ой қозғау

Балалар басқа жаққа қонаққа барғанда немесе алыс сапарға шыққанда өз үйлерін, достарын, көшесін, ауласын сағына ма?

«Туған жер» дегенді қалай түсінеміз?

Тәрбиеші қорытындылайды: адамның туып-өскен, білім алып, өмір сүретін мекені — Туған жер немесе Туған өлке.

Қазақстан туралы қысқаша мәлімет

  • Қазақстан — табиғаты әсем, жері кең, пайдалы қазбаларға бай өлке.
  • Пайдалы қазбалар: көмір, газ, мұнай, алтын.
  • Жерімізде әртүрлі жануарлар, құстар, жәндіктер мекендейді.
  • Дәнді дақылдар мол өсіріледі: арпа, бидай, күріш, тары, жүгері.
  • Бау-бақша, егіншілік және мал шаруашылығы кең таралған.

Туған жер туралы өлеңдер мен мәтелдер

Өлеңдер

Атқұлақты ат қылып,
Асыр салғаны — осы жер.
Ақ батпаққа аунасып,
Жарыс салған — осы жер.
Айналайын, туған жер,
Кіндік қаным тамған жер!

Төскейден жел еседі,
Төбемнен бұлт көшеді.
Туған жерім мен үшін
Көк майсасын төседі.

Ағылшын тілінде

My Kazakhstan, my wonderful motherland.
There are a lot of things:
Big mountains, rivers,
And friendly people.

My motherland, Kazakhstan,
The best place in the world.
The place where I was born.
My motherland, Kazakhstan,
I love you very much!

Мақал-мәтелдер

  • Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  • Ел іші — алтын бесік.
  • Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.

Қазақстанның ірі қалалары

Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Өскемен.

Өңір туралы

Біздің өлкеміз — Оңтүстік өңір. Табиғаты көз тартарлық: бидай мен мақта алқаптары, бау-бақша, таулы аймақтар және егістікке бай жерлер.

Көшпелі өмір және киіз үй

Бұрынғы уақытта халқымыз көбіне көшпелі өмір сүрген. Мал шаруашылығымен айналысып, қой, сиыр, жылқы, түйе өсірген. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшкен. Көшпелі өмірге қолайлы баспана ретінде киіз үйді пайдаланған.

Киіз үй іші жиһаздармен толықтырылып, ұлттық нақышта әсемделген: ұлттық киімдер, ыдыс-аяқ, тұрмыстық бұйымдар мен ою-өрнек арқылы безендірілген әшекейлер.

Ойын: «Киіз үйдің ішінде қандай бұйымдар болады?»

Балалар киіз үй ішіндегі бұйымдарды атап, олардың қызметін және ою-өрнекпен қалай безендірілетінін әңгімелейді.

Ою-өрнек әлемі

Ертеде жан-жануарлардың бейнесін тікелей салмай, олардың ерекшелігін ою-өрнек арқылы жеткізген. Бірнеше ою элементін біріктіріп, күрделі өрнектер жасаған.

Негізгі түрлері

  • Қошқар мүйіз
  • Ботамойын
  • Сынық мүйіз
  • Құс қанаты
  • Бұғы мүйіз
  • Толқын
  • Ирек

Даналық сөз

«Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық», — дейді халық даналығы.

Ою-өрнек туралы мақал-мәтелдер

  • Өнерлі өрге жүзеді.
  • Өнер — бұлақ, білім — шырақ.
  • Өнерлі бала — сүйкімді.

Көрсетілім: ұлттық киім және бұйымдар

Музыка ойналып, ұлттық киім киген балалар ұлттық бұйымдарды көрсетіп, тақпақтарын айтады.

Ою-өрнек дегенде ою-өрнек,
Қошқар мүйіз оюы болсын ермек.
Кел, достар, көңілді ән салайық,
Топқа келген қонақты қарсы алайық.

Көздің жауын алатын, көрсең апам киізін,
Елестетер оюы иір арқар мүйізін.

Киіз үйдің ішінде ала қотан отырып,
Қаз табанды қолданып, басқұр, баулар тоқыдық.

Қол таңбасын әжемнің анық көріп,
Бұл кестенің сырына қанық болып,
Құс қанаты өрнегін салып бердім.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,
Қолымызды созайық.
Оңға қарай иіліп,
Солға қарай иіліп,
Белімізді жазайық.
Айналаға қарайық,
Отырып, тұрайық.
Біз тынығып алайық,
Тынығып болған соң,
Әсем өрнек жасайық.

Шығармашылық жұмыс: «Өнер орталығы»

Балалар топтарға бөлініп, ою-өрнек жасау тәсілдерін тәжірибеде орындайды. Мақсат — ұлттық өрнектің құрылымын түсіну және қол икемділігін дамыту.

1-топ

Ою-өрнекті бастырып салып, қылқаламмен және субояумен бояйды.

2-топ

Түрлі-түсті майлықпен жапсыру жұмысын орындайды (желімдеп жапсыру тәсілі).

3-топ

Ермексаз бетіне дәндерді орналастырып, ою-өрнек құрастырады.

4-топ

Кубиктерден үй құрастырып, қабырғадағы өрнектерді дұрыс орналастырады.

3) Рефлексиялық-түзетушілік кезең

Сұрақтар

  • Бүгінгі оқу іс-әрекетінде не туралы әңгімелестік?
  • Қандай ою-өрнек түрлерін білдік?
  • Өз жұмысыңды қалай орындадың? Қандай тәсіл қолдандың?

Тәрбиеші жақсы қатысқан балаларға алғыс айтып, туған елді қадірлеуге және қорғауға үндейді.

Балалардың жұмыс қорытындылары (үлгі жауаптар)

«Қошқар мүйіз оюын бастырып, қызыл түспен боядым. Бұл оюмен ыдыс-аяқ пен киімдерді әшекейлейді.»

«Ботамойын оюын түрлі-түсті майлықты шиыршықтап, желімдеп жапсыру арқылы жасадым.»

«Құс қанаты ою-өрнегін кубиктерді құрастыру арқылы шығардым.»

Қорытынды: «Біз туған жеріміз — Қазақстан туралы және ұлттық ою-өрнек туралы әңгімелестік.»