Орыстың ғалымы - дүниенің кілті

Ресей империясының шығысқа ұмтылысы және Қазақстанның орны

Ресей ХVIII ғасыр бойы өз шекарасын езгіге түскен, саны аз халықтарды империя құрамына күштеп қосу арқылы кеңейтіп отырды. Сөйтіп, патшалық Ресей «халықтар түрмесіне» айналды. Батыс пен оңтүстіктегі өзге жұрттың жер-суын жаулап алған соң, Шығысқа — Орта Азияға қарай ойысты.

Петр I Қазақстанды Орта Азиямен, Үндістанмен және Батыс Қытаймен сауда жасауға қолайлы «кілт-қақпа» деп санады. II Екатерина тұсында Ресейдің Орта Азияға саяси ықпалы одан әрі күшейді. Башқұртстанды бағындырғаннан кейін-ақ, Орта Азияны жұта салуға шақ тұрды. Алайда мұндай қадам үшін алдымен Қазақстанды толық бағындырып, оны шабуыл бастайтын плацдармға айналдыру қажет болды.

Қазақстан — «алаң» және «кілт-қақпа»

Қазақстанды жедел түрде түгел жаулап алған соң, патша үкіметі оның өндіріс пен сауда-саттық мүмкіндіктерін таразылап, жүйелі түрде бағалауды кезек күттірмейтін міндет санады.

Дегенмен Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияға қатысты саясаты оның жалпы империялық стратегиясының бір бөлігі ғана еді. Бұл бағыттағы ұстаным патшалықтың Таяу Шығысқа қатысты мақсат-мүдделерімен және ағылшын империализмінің Азияны жаулап алу ниетіне қарсы әрекеттерімен тығыз байланысты болды. Сонымен қатар мұндай саясаттың түп негізінде патшалықтың экономикалық мүдделері, капитализмнің жедел дамуы және Ресей ішіндегі кейбір шиеленісті ахуалдарды бәсеңдету талабы тұрғаны анық.

Ғылым, тарихнама және империялық мүдде

Осындай жағдайда орыс ғалымдары мен «ғалымсымақтары» әскери-әкімшілік топтардың ыңғайына жығылып, олардың көңілінен шығып отырды. Қазақ халқының тарихын жазуда Ресейдің дворяндық-буржуазиялық тарихнамасы да едәуір жұмыс атқарды: архив деректерінің бір бөлігі жарияланып, жалпы қорытынды жасалған ірі еңбектер дүниеге келді. Мұны жоққа шығару — ақиқатқа қиянат. Алайда олардың еңбектеріндегі елеулі кемшіліктерді елемеу де — әділетсіздік.

Дәйексөз

«Орыстың ғалымы — дүниенің кілті. Оның жақсысын үйреніп, жаманынан жирен», — дейді Абай.

Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонғандай болды: бір жүзі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, екінші жүзі от бүркіп, жалмады. Кейінгі жылдары сол «нұрдан» гөрі «зәрі» көп болғаны туралы да көбірек жазылып келеді.

Барлау, зерттеу және жаулап алу механизмі

Қанқұйлы саясатты жүзеге асыру үшін патша үкіметі халқымызды жан-жақты зерттеп, қыр-сырын танып, соған қарай әрекет ету мақсатымен шенді-шекпенді «ғалымдарын» араға жіберді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасында татар молдасының: «Орыстың алдымен пушкасы келеді, сонан кейін Пушкині келеді» дейтіні бар.

Алайда пушкадан бұрын-ақ шолғыншы-барлаушылар жүрді: Бухгольц секілді адамдардың әрекеті, Қадырғали Жалайыри мен Оразмұхаммедті ұрлап әкету тәрізді айла-шарғылар соның бір көрінісі еді. Әлсіз тұстарымызды әбден байқап, жағдайды толық біліп алғаннан кейін ғана, жаулап алуға түбегейлі кірісті.