Ұйымдастыру щығындарына тіркеуден өту үшін қажетті құжаттарды дайындау шығындары, құжаттарды дайындау және тіркеуден өткізу процессіндегі кеңесші қызметінің төлемі бойынша шығындар

Активтердің құрамы мен құрылымы және оның экономикалық маңызы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы №234-III «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы» заңы мен Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (ҚЕХС) сәйкес ұйым активтері қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді активтер болып жіктеледі. Баланста, әдетте, I бөлімде қысқа мерзімді активтер, II бөлімде ұзақ мерзімді активтер көрсетіледі. Бұрын кейбір нысандарда бұл бөлімдердің орналасуы керісінше берілген жағдайлар болған.

Қысқа мерзімді активтердің құрамы

  • Ақша қаражаттары және олардың баламалары
  • Қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар
  • Қысқа мерзімді дебиторлық берешек (оның ішінде қызметкерлердің берешегі)
  • Қорлар (тауарлы-материалдық қорлар)
  • Ағымдағы салықтық активтер
  • Сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер
  • Өзге қысқа мерзімді активтер

Ұзақ мерзімді активтердің құрамы

  • Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар
  • Ұзақ мерзімді дебиторлық берешек
  • Жылжымайтын мүлікке инвестициялар
  • Негізгі құралдар
  • Материалдық емес активтер
  • Өзге ұзақ мерзімді активтер

Ұйымның есеп саясатына сәйкес (ҚЕХС талаптарын сақтай отырып) қысқа және ұзақ мерзімді активтер бойынша синтетикалық шоттар бекітіледі. Қысқа мерзімді активтер ұйымның операциялық циклі мен 12 ай өлшемімен тығыз байланысты.

Қысқа мерзімді активті тану қағидалары

Актив қысқа мерзімді болып жіктеледі, егер:

  • Оны іске асыру (өткізу) ұйымның қалыпты операциялық циклі барысында болжанса немесе сату/пайдалану үшін ұсталып отырса;
  • Актив негізінен сауда мақсатында ұсталса немесе баланстық күннен кейін он екі ай ішінде іске асырылуы күтілсе;
  • Ол пайдалануға шектеу қойылмаған ақша қаражаты немесе оның баламасы болса.

Бұған кірмейтін барлық активтер ұзақ мерзімді активтер ретінде жіктеледі.

Ақша қаражаттары және ақша қозғалысы туралы есеп

Ақша қозғалысы туралы есепті дайындау кезінде ақша түсімдерінің қайдан қалыптасқанын және қалай пайдаланылғанын бөлек көрсету маңызды. Кәсіпорынның таза табысы есепті кезеңде ақша түрінде түскен жағдайда ақша көзі ретінде танылады. Ал шығындар ақша түрінде төленсе, ол ақша қаражатының азаюына әкеледі.

Дебиторлық берешек: мәні және пайда болу себептері

Дебиторлық берешек — басқа заңды тұлғалардың немесе жеке тұлғалардың ұйымға қарызы. Ол ұйым ішінде де, сыртқы контрагенттермен (заңды және жеке тұлғалармен) есеп айырысу барысында да пайда болады. Есептеу әдісі қолданылғанда және қолма-қол емес есеп айырысу жүргізілгенде дебиторлық берешектің қалыптасуы — қалыпты, заңды құбылыс.

Инвестициялар және инвестициялық қорлардың рөлі

Инвестиция кең мағынасында экономиканы қажетті қаражатпен қамтамасыз ететін тетік ретінде қарастырылады. Осы міндетті іске асыру үшін қаржы институттары құрылады, олардың ішінде инвестициялық қорлардың орны ерекше. Олар қаржы нарығында инвесторлардың мүддесін қорғауға, қаражат тартуға және қаражатты әртараптандыру арқылы бағалы қағаздарға инвестициялап, тәуекелді төмендетуге бағытталады.

Инвестициялық қор дегеніміз

Инвестициялық қор — өз акцияларын шығару және ашық орналастыру арқылы, сондай-ақ тартылған қаражат есебінен бағалы қағаздар портфелін қалыптастыру арқылы қаражат тарту қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға. Қазақстанда ол, әдетте, акционерлік қоғам нысанында құрылады; оның акционері кез келген заңды немесе жеке тұлға бола алады.

Негізгі қағидаттар

  • Инвестицияларды әртараптандыру
  • Бағалы қағаздармен аса тәуекелді операцияларды шектеу
  • Бағалы қағаздарды сатып алуда кәсіби тәсілдеме қолдану
  • Жеке инвесторға қарағанда ауқымды қаржы мүмкіндігі

Шектеулер мен реттеу логикасы

Инвестициялық қор, әдетте, бағалы қағаздар мен қаржылық құралдардан өзге өндіріс немесе сауда қызметімен айналыспайды, кепілдік беруге ұмтылмайды және тәуекелі жоғары мәмілелер бойынша шектеулерді сақтайды. Қордың қызметі қолданыстағы заң талаптары өрескел бұзылғанда, басқарушының лицензиясы кері қайтарылғанда немесе қор өз акцияларын сатып алу міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.

Ұйымдық құрылым

  • Акционерлердің жалпы жиналысы
  • Басқарма (атқарушы орган)
  • Инвестициялық қордың басқарушысы (портфельді кәсіби басқарушы)

Қор басқарушысы — бағалы қағаздар портфелін басқаруды келісімшарт негізінде жүзеге асыратын және міндетті түрде тиісті лицензиясы бар заңды тұлға.

Қорлар (тауарлы-материалдық қорлар) және олардың өндірістегі орны

Кәсіпорын қызметі барысында сатуға арналған тауарлар, әлі келіп түспеген тауарлар, аяқталмаған өндіріс, көрсетілген қызметтер, сондай-ақ жұмыстар мен қызметтерді орындауда пайдаланылатын қосалқы бөлшектер, отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, жартылай фабрикаттар және басқа материалдар тауарлы-материалдық қорлар ретінде ағымдағы актив құрамына кіреді.

Бұл қорлар өндірісте пайдаланылған кезде, әдетте, өздерінің бастапқы құнын толықтай өндірілетін өнімнің өзіндік құнына ауыстырады. Сондықтан өнімнің (жұмыстың, қызметтің) өзіндік құнының едәуір бөлігі еңбек заттарының құнынан құралады.

Ұзақ мерзімді активтер: анықтама және жіктелуі

Ұзақ мерзімді активтер — кәсіпорынның шаруашылық қызметінде бір жылдан артық пайдаланылатын және қайта сатып-өткізуге арналмаған ресурстар. Егер қандай да бір құндылықтар қайта сатып-өткізу үшін ұсталып отырса, оларды айналым құралдарына, яғни қорларға жатқызған дұрыс.

Негізгі санаттар

Материалдық активтер

Табиғи нысаны бар активтер: негізгі құралдар, табиғи ресурстар және т.б. Мысалы, жердің пайдалану мерзімі шексіз болғандықтан, оған амортизация есептелмейді. Ал ғимараттар, жабдықтар және құрылғылар амортизацияланады.

Амортизация — бағалау емес, құнды пайдалану мерзімі ішінде бөлу процесі.

Материалдық емес активтер

Материалдық емес актив актив ретінде тек мына шарттар орындалғанда танылады:

  • Объектіге байланысты келешекте экономикалық пайда алу ықтималдығы жоғары болса;
  • Активтің құнын сенімді анықтау мүмкін болса.

Материалдық емес активтердің негізгі түрлері

Материалдық емес активтерге авторлық құқықтар, патенттер, өндірістік үлгілер, тауар белгілері, лицензиялық келісімдер, ноу-хау, ұйымдастыру шығындары, гудвилл, сондай-ақ жекелеген табиғи объектілерді пайдалану құқықтары жатады.

Құқықтар және тіркелетін объектілер

Авторлық құқық
Ғылыми, әдеби, музыкалық және көркем туындыларды басуға, шығаруға, орындауға және өзге тәсілмен пайдалануға құқық береді.
Патент
Иеленушіге заңмен белгіленген мерзім ішінде өнімді немесе процесті пайдалануға, өндіруге және өткізуге айрықша құқық береді.
Өндірістік үлгі (дизайн)
Өнімнің сыртқы түрін айқындайтын көркемдік және конструкторлық шешімдерді қолдануға ерекше құқық береді.
Тауар белгісі
Ұқсас тауарлар мен қызметтер арасында айыру үшін қолданылатын белгі; иеленушіге ерекше пайдалану құқығын береді.

Келісімдер және экономикалық мән

Лицензиялық келісім
Өндірістік меншік объектісінің өзін емес, оны пайдаланудың айрықша/айрықша емес құқығын беру туралы келісім.
Лицензиялық төлем
Меншік объектісін коммерциялық мақсатта пайдалану құқығы үшін жасалатын төлем.
Бағдарламалық өнім
Материалдық емес актив ретінде, әдетте, мүліктік құқық авторлық келісімшартпен рәсімделген жағдайда танылады; орнату және сатып алу шығындарының бір бөлігі кезең шығыстары болуы мүмкін.
Ноу-хау
Практикалық қызметте қолданылатын, бірақ жалпыға бірдей игілікке айналмаған білімдер жиынтығы; кейде жарғылық капиталға үлес ретінде енгізіледі.

Гудвилл және ұйымдастыру шығындары

Гудвилл (фирма бағасы) — кәсіпорынның іскерлік беделі. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды (немесе бөлімшені) сатып алу кезінде сатып алу бағасының барлық таза активтердің баланстық құнынан артық бөлігі ретінде пайда болуы мүмкін. Нарықтық құн деңгейі табыстылыққа, бренд мәртебесіне, басқару сапасына және басқа факторларға тәуелді.

Ұйымдастыру шығындары — субъектіні құруға байланысты (мемлекеттік тіркеуге дейінгі) шығындар: құжаттарды дайындау, кеңесші қызметтері, тіркеу төлемдері, рұқсаттар алу алымдары, акциялар шығару шығындары, нотариат, мөр/штамп дайындау, банк шотын ашу және өзге де ұйымдастыру төлемдері.

Негізгі құралдар: анықтама, құрамы және тану шарттары

Халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі құралдар — өнім өндіру, тауарларды тасымалдау, қызмет көрсету, жалға беру немесе әкімшілік мақсаттар үшін пайдаланылатын және бір жылдан артық мерзім ішінде қолданылуы күтілетін материалдық активтер.

Негізгі құралдарға жататын объектілер

Негізгі құралдарға жер учаскелері, үйлер мен ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеу және реттеу аспаптары мен қондырғылар, есептеу техникасы, көлік құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандар, өнім және жұмыс малдары, көпжылдық екпе ағаштар, ішкі жолдар және басқа да объектілер кіреді.

Актив ретінде тану шарттары

  • Активпен байланысты келешек экономикалық пайданы алу ықтималдығы жоғары болса;
  • Активтің бастапқы (өзіндік) құнын сенімді бағалау мүмкін болса.

Негізгі құралдар есебін сапалы жүргізу үшін оларды жүйелеп топтастыру қажет. Бұл жіктеу әртүрлі салаларда барынша бірізді болғаны жөн. Ұзақ мерзімді активтер экономикалық мазмұны бойынша иммобилизацияланған қор ретінде қарастырылады, яғни ұйымның негізгі капиталының маңызды бөлігі.

Қорытынды: активтерді тиімді басқарудың экономикалық әсері

Активтердің құрамы мен құрылымын дұрыс жіктеу және есепке алу ұйымның қаржылық жағдайын дәл көрсетеді, басқарушылық шешімдердің сапасын арттырады. Негізгі құралдарды уақтылы жөндеп, жаңарту өнім сапасын көтеруге ықпал етеді. Ал айналым қаражатының дер кезінде айналысқа түсуі ақша қаражатының тұрақтылығын сақтап, міндеттемелерді уақытында өтеуге және қаржылық төлемқабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.