Жүректен жүрекке тренингі

Сабақ жоспары

Әлеуметтану пәні: қоғамдағы орны мен рөлі

Қалыбекова Эльмира Сәрсебайқызы — Астана қаласы білім басқармасы гуманитарлық колледжінің қоғамдық пәндер оқытушысы, тарих магистрі.

Сабақтың түрі

Дәстүрлі емес сабақ (тренинг).

Сабақтың типі

Жаңа білімді меңгерту.

Әдіс-тәсілдер

  • Пікірталас
  • Тренинг әдістері
  • Топтастыру
  • Сұрақ-жауап

Сабақтың мақсаты

Әлеуметтанудың ғылым ретіндегі мақсаты мен міндеттерін таныстыру; қоғам туралы ғылым тұрғысынан олардың теориялық маңызын ашу және ұғындыру.

Міндеттері

  1. 1 Студенттерді әлеуметтану пәнімен, оның мақсатымен және пәнаралық байланыстарымен таныстырып, алынған білім мен дағдыларын бекіту.
  2. 2 Ойлау қабілетін және сөйлеу мәдениетін дамыту; өз ойын еркін, толық және дәлелді жеткізу дағдыларын жетілдіру; жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру.
  3. 3 Бір-бірін сыйлауға, бірлесіп жұмыс істеуге үйрету; белгілі ережелерді ұстануға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Плакаттар, үлестірмелі қағаздар, маркерлер, желім, гүлдер және басқа да материалдар.

Қолданылған әдебиеттер

  • Әбсаттаров Р.Б., Дакенов Н. Әлеуметтану. Алматы: Ғылым, 2004.
  • Тұрғынбаев Ә.Х. Социология. Алматы, 2001.
  • Сәрсенова Ж., Тәңірбергенова Г. Әлеуметтану. Алматы, 2000.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты жұмысқа жұмылдыру

  • Журнал толтыру, студенттерді түгендеу, топқа бөлу.
  • «Көңіл-күй әліппесі» қысқа жаттығуы.
  • «Гүл сыйлау» жаттығуы: «Мен сізге гүл сыйлаймын, себебі сіз қайырымды адамсыз».

2) Видео арқылы ой шақыру

Талқылауға бағытталған сұрақтар

Тақырыптық өзек

Әлеуметтік қоғамның кері кету себептері және жастарға, отбасыға, білім беру ортасына әсер ететін факторлар.

  • Соңғы жылдары жастар арасында нашақорлық пен ішімдікке салынудың себептері қандай?
  • Қарттар үйіндегі қарттар санының артуы нені білдіреді: отбасындағы тәрбие әлсіреуі ме, әлде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы ма?
  • Оқу орындарындағы жемқорлықтың алдын алу үшін қандай нақты шаралар қажет?
  • Білімін «сатып алған» студенттерге көзқарасыңыз қандай? Оларға не айтар едіңіз?
  • Елімізде діни ағымдардың көбею себептері қандай және жастардың адасуына не әсер етеді?
  • «Көкек аналар» мен жетім балалар санының артуы қоғамға қалай әсер етеді?
  • Неге кейде аналар қайырымсыз, балалар қатыгез болып барады? Бұған әлеуметтік жағдай әсер ете ме?
  • Суицидтің көбеюінің себептері қандай? Қазіргі жастар өмірлік қиындықтармен күресе алмай жүр ме?
  • Осы мәселелердің алдын алу үшін қандай бағыттарға басымдық беру керек?
  • Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет қандай жүйелі шаралар атқаруы тиіс?

3) Жаңа сабақ

Топтық жұмыс және талдау

Бүгінгі тақырып: «Әлеуметтану пәні, оның қоғамдағы орны мен рөлі». Студенттер топтарға бөлінеді, әр топ әлеуметтік мәселелерге қатысты тақырыпты талдап, қорғайды.

1-топ

Білім беру жүйесіндегі әлеуметтік мәселелердің басты себептері қандай?

2-топ

Жетім балалар мен «көкек аналардың» көбею себептерін талдап, негізгі бағыттарын ашыңыз.

3-топ

Қарттар үйіндегі қарттар саны неліктен көбейіп жатыр? Бұл құбылыстың түпкі себептері қандай?

4-топ

Діни ағымдар мен секталарға жастар не үшін кіреді? Оларға қандай құндылық немесе қолдау жетіспейді?

5-топ

Суицид пен нашақорлықтың әлеуметтік-қоғамдық себептері қандай? Одан арылудың жолдары қандай?

Жұмыс форматы

  1. 1Тақырып бойынша ой-пікірлерін ортаға салады.
  2. 2Коллаж жасау арқылы мәселенің алдын алу және одан арылу жолдарын ұсынады.
  3. 3Шешімін және қорытындысын қорғайды.

4) «Жүректен жүрекке» тренингі

Рефлексия және жылы лебіз

Студенттер бүгінгі алған әсерін және жүректен шыққан тілегін жүрекше қағазға жазады. Кейін сол тілектерден кеменің желкенін құрастырады: желкенсіз кеме алға жүрмейді, ал жылы сөз — кемені жүргізетін күш.

Бір ата, бір ананың түлегіміз,
Бір болсын, қайда жүрсек, тілегіміз.
«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам,
Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз!

VI) Үй тапсырмасы

«Әлеуметтану пәні: оның қоғамдағы орны мен рөлі» тақырыбын қайталау.

VII) Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан студенттер бағаланады. Әр тапсырма бойынша өзін-өзі бағалау және сарапшылардың бағалауы ескеріліп, қорытынды баға шығарылады.