Жетісу күйшілік мектебінің дәстүрімен тамаша күйлер жазған композитор
Кеңес дәуірі және күй дәстүрінің бұрылыс кезеңі (1917–1990)
Кеңес дәуірі (1917–1990) қазақ музыка мәдениетіне үлкен серпіліс әкелгенімен, ғасырлар бойы еркін дамыған күйшілік дәстүрдің бағытын түбегейлі өзгертті. Байырғы орындаушылық ортадағы табиғи дамудың орнына, күй салты біртіндеп нотаға түсіру мен біріздендірілген оқыту жүйесіне тәуелді болды.
Ноталық сауат домбырашыларға пайдалы болғанымен, мәселе Еуропалық нота жүйесінің өзінде емес, қазақы күй өлшемдерінің орыс халық аспаптары үлгісіне бейімделіп, ықшамдалып жазылуында еді. Материал ретінде алдымен Батыс Қазақстандық күйшілік мектеп алынып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлері толық өңделген нұсқада орындалды. Түпнұсқадан алшақтаған ноталық жазбалар кейін тұтас бір оқу жүйесінің іргетасына айналып, дәстүрлі мектептердің табиғи дамуына едәуір зиян тигізді.
А.Қ. Жұбановтың ескертпесі
А.Қ. Жұбанов «Өскен өнер» кітабында сол кезеңдегі орындаушылықтың біржақтылығына алаңдап:
«Күйшілердің репертуарындағы жүдеулік, бірін-бірі қайталаушылық бар екеніне байланысты айтылған сын да дұрыс. Шынында да, қазіргі күйшілердің орындаған күйлерінің бәрі шапшаң, бәрі асығыс. Музыка — өмір айнасы дейміз. Өмірде ылғи жүгіріп жүреміз бе?»
Сол уақытта орыс әндерін домбыраға түсіре білу «шеберліктің шыңы» ретінде бағаланып, қазақ күйлерінен «орысша ырғақ» іздеу екі мәдениеттің «туыстығын» дәлелдейтін саяси науқанға айналды. Оқыту бағыты да балалайка әдістемесіне біржақты сүйеніп құрылды. Қысқасы, қазақ күйі тартылатын өнерден ойналатын өнерге ығысқандай күй кешті (бұл термин бүгінге дейін оқыту тілінен толық түсе қойған жоқ).
Шертпе күйге тыйым және дәстүрдің үзілу қаупі
Шертпе күйге келгенде, кеңестік идеологияға берілген кейбір белсенділер оның таралуына қатаң тыйым салды. Қысым мен қорқыныштың салдарынан көп күйшілер домбырасын өртеп, шәкірт қалдыру мүмкіндігінен айырылды. Осылайша шертпе күй мектебі түбегейлі жойылу шегіне жетті.
Әбікен Хасенов: «Қоңыр» арқылы айтылған ішкі наразылық
Әбікен Хасенов (1892–1958)
Сол нәубетті өз басынан өткеріп, тағдырдың жазуымен аман қалған ұлы күйші — Әбікен Хасенов. Ол шертпенің шетқақпайға ұшыраған кезеңін көзімен көрді. Арқаның «солқылдаған мырза» өнері жаңа өкіметке қажетсіз болғандықтан, Әбікен театрда актер болып еңбек етіп күн көрді.
Дегенмен, өмірінің соңына қарай денсаулығы нашарлағанына қарамастан, күйтабаққа жазба қалдырды. Оның әйгілі «Қоңыр» күйі — бір өзі қырық буын қосбасарға татитын алапат шығарма. Әбікен кер заманға ішкі наразылығын домбыраның қос ішегіне сыйғызып, Алаш үшін жанын қиған арыстарды жоқтады.
Кеңес дәуіріндегі мәдениет саясаты Әбікеннің күйшілік дарынын елемеді: көзі ашық оқығандардың ішінде С. Сейфуллиннен өзге күйіне жоғары баға бергендер аз болды. «Қоңырдың» әр дыбысы шер мен шеменге толы болғандықтан, оны кейін «тісі батып» тартқан домбырашылар сирек кездесті. Әбікен де Дина ана сияқты өз күйін «байлап кеткен» өнерпаздардың қатарында қалды.
Шертпенің жаңа арнасы: театр мен кино
Арнайы оқу орындарында шертпе күйді оқытуға шектеу қойылған кезеңде бұл дәстүр басқа салалардан саңлау тауып, халық жүрегіне жол тартты. Ұлттық театр мен кино өнері шертпе күйлерді музыкалық көркемдеу бояуы ретінде сәтті пайдаланып, дәстүрдің үзілуіне жол бермеді.
Дәстүрді сақтаған тұлғалар мен жаңа серпін
Нұрғиса Тілендиев (1925–1998)
Нұрғиса Тілендиевтің еңбегі айрықша. Ол көптеген фильмдерде («Қыз Жібек», «Көксерек» т.б.) халық композиторлары Тәттімбет, Тоқа, Тіленді күйлерін өз орындауымен жазып, ескі шертістің көркемдігін сақтады. «Аққу», «Арман», «Әлқисса» күйлері арқылы дәстүрдің жалғасуына қызмет етті.
Жетісу мектебінің өкілі бола тұра, Арқа мен Қаратау күйлерін ыждаһаттылықпен меңгерді; Тоқа күйлерін алғаш күйтабаққа түсірді, Сүгір күйлерін оркестрге лайықтап, көпшілікке жеткізді. Ұстазы Латиф Хамидиге арналған «Баламишка» күйі орындаушылықтың биік белесі саналады.
Кенжебек Күмісбеков (1927–1998)
Нұрғисамен үзеңгілес болған дарынды сазгер Кенжебек Күмісбеков те шертпе күйге елеулі үлес қосты. Композитордың «Арман» күйі Арқаның қоңыр күйлерінің ізімен өрілген көркем туынды. Күй бойындағы қобыз сарыны Дәулет Мықтыбаевтың шалысын еске түсіреді.
Тәттімбеттің бірқатар күйлері оркестр репертуарына енді. Жетісу күйшілерінің жоғалуға шақ қалған мұралары «Отырар сазы» оркестрінің орындауында ел игілігіне айналды. Кейін «Мұрагер», «Сазген», «Адырна» секілді фольклорлық ансамбльдер репертуарына шертпелерді көбірек енгізе бастады.
Мағауия Хамзин (1927–2000)
Кеңес кезеңінде шертпе күйдің туын биік ұстаған таланттардың бірі — Мағауия Хамзин. Ол Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Аққыз күйлерін кеңінен насихаттап қана қоймай, жаңа күйлер де шығарды. Мағауия домбыра тарту техникасын жетілдіріп, шертпе үніне бұрын-соңды болмаған жаңа тембр бере алды.
Оның кейбір күйлері дәстүрлі орындау шеңберінен шығып, сахналық-академиялық сипат алғаны рас. Соған қарамастан, бұл ізденістер Арқа мектебінің өркендеуіне елеулі үлес қосты.
Уәли Бекенов (1934–2004)
Шертпе күй мәдениетінің жарық жұлдызы — Уәли Бекенов. Оның саналы ғұмыры шертпе күйді зерттеуге арналды. «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты монографиялар жазды. Арқа, Алтай, Жетісу, Қаратау күйлерін тұтас меңгерген энциклопедиялық білім иесі болды.
Қиын кезеңнің өзінде консерваторияда шертпе күй сыныбын ашып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. «Боздағым», «Жеңгем сүйер», «Ерен толғау», «Күй аңсаған» сияқты күйлері кең тарады.
Шәміл Әбілтаев (1948)
Сахналық-академиялық сипаттағы шертпе күйлерді дамытқан сазгерлердің бірі — Шәміл Әбілтаев. Ол заман талабына сай көптеген жаңа күйлер шығарып, алғашқы жинағын «Ұлытау» деп атады. Жинақтағы «Жорға», «Жырау», «Өрікгүл», кейінгі «Жусан иісі», «Бұлақ» туындылары Арқа мектебінің қоржынына қосылған құнды дүниелер саналады.
Ол қазақ күй мәдениетіндегі түрлі мектептердің мәнерін еркін меңгере алған сирек дарын иесі ретінде танылады.
Әбдімомын Желдібаев
Жетісу дәстүрімен тамаша күйлер жазған композитор — Әбдімомын Желдібаев. Ол шығармаларында таза қазақы сарынды сақтап, отызға жуық туынды қалдырды, олардың басым бөлігі шертпе күйлер. «Толғау», «Бозжігіт», «Көкшолақ» күйлері Шу өңірінің байырғы мақамымен үндеседі.
Кәсіби білімі арқасында оркестрге түсірген туындылары да әлдеқашан ел игілігіне айналды.
Шет жерде жалғасқан шертпе дәстүрі және авторлықтың ақталуы
Тайыр Белгібайұлы (1906–1979)
Шертпе мәдениетін шет жерде жүріп жалғастырған дарынды күйшілердің бірі — Тайыр Белгібайұлы. Ол Шығыс Түркістанда ғұмыр кешіп, бүгінге дейін кең тараған «Салкүрең» күйін шығарды; бұл туынды «Хасен-Жәмила» фильміне лейттема ретінде жазылған. Бұдан өзге «Ақарал», «Серпін» күйлері де көпшілікке таныс.
Алайда түрлі себептермен бұл шығармалар ұзақ уақыт бойы күйшінің атымен аталмай, кітаптарда «халық күйлері» ретінде беріліп келді. Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясынан кейін ғана күйшінің есімі ақталып, өз туындылары өзіне қайтарылды.
Қазіргі бағыттар: композиторлық, әдістеме және жаңа мектеп
Күйсандықпен орындалатын пьесалар
Күйсандықтың сүйемелімен тартылатын шертпе күй формасындағы пьесалар жазуда композиторлар Айтқали Жайымов пен Ермұрат Үсенов ерекше көзге түсті. Олардың шығармалары түрлі деңгейдегі конкурстар мен концерттерде орындалып, оқу бағдарламаларына да енді.
Мұхамбетқали Тінәлин
Өткен ғасырдың 80-жылдары консерваторияда ашылған шертпе күй сыныбынан тәлім алған, Уәли мен Мағауияның санаулы шәкірттерінің бірі — композитор Мұхамбетқали Тінәлин. Оның күйлері Мағауия мәнеріне жақын: жүрдек шертіледі, жаңашыл сипатта, теріс және шалыс бұраулардағы қайырымдары күрделі.
«Шідері қайыс», «Әлбекесін-ән» шығармалары бүгінде жиі орындалады.
Орынбай Дүйсен
Байырғы шертпелік мәнерді бойына сіңірген қазіргі белді сазгерлердің бірі — Орынбай Дүйсен. Ол «Жетісу», «Жұматайға арнау» сияқты күрделі шертпелердің авторы.
Күй шығарумен қатар шертпе методикасы саласында қағыс техникаларын анықтап, оларды жүйелеуге бағытталған әдістемелік еңбектермен де ұзақ жылдан бері айналысып келеді.
Секен Тұрысбеков (1961)
Шығыс Қазақстандық күйшілік мектепті қайта жаңғыртқан тұлға — Секен Тұрысбеков. Оның «Көңіл толқыны» күйі шертпе лирикасының жаңа парағын ашқандай елеулі жаңалық болды. Бұл күйшілік мәнер Байжігіттен Таласбекке дейін жалғасқан Алтайлық кең мектептің арнасынан нәр алған.
Оның сезімшіл шертіске құрылған әсем шығармалары жұртшылықты бейжай қалдырмайды. Орындаушы ретінде де Арқа мен Қаратау күйлерін таза тартып, Тәттімбет, Әбди, Сүгір күйлерін күйтабаққа жазған.
Халық күйшілері және бүгінгі сабақтастық
Халық арасынан шыққан күйші-композиторлар — Төлеген Момбеков, Боранқұл Қошмағамбетов, Дәулетбек Садуақасов, Мұхаметжан Тілеуханов — шертпе дәстүрін бүгінге жеткізуге ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Бүгінгі жас ұрпақ соларды үлгі тұтып өсіп келеді. Табиғи дарыны мен орындаушылық қуаты арқылы олар кәсіби күй өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.