РЕПО операциялары бойынша мөлшерлемелер
Реферат
Ақша-несие саясаты: мәні, түрлері және негізгі құралдары
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (ҚҰБ) — мемлекеттік ақша-несие саясатын айқындайтын және жүзеге асыратын негізгі орган. Ақша-несие саясатының басты мақсаты — ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни теңгенің сатып алу қабілетін сақтап, басқа шетел валюталарына қатысты тұрақтылығын қолдау.
Ақша-несие саясатының анықтамасы
Ақша-несие саясаты — айналыстағы ақша массасын, несие көлемін және сыйақы (пайыз) мөлшерлемелерін өзгерту арқылы, жалпы банк жүйесінің қызметін реттеуге бағытталған шаралар жиынтығы.
- Макроэкономикалық субъект
- Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі
- Реттеу объектісі
- Экономикадағы қолма-қол және қолма-қолсыз ақша массасының жиынтығы
Ақша-несие саясатының түрлері
Шаруашылық конъюнктурасының жағдайына байланысты ақша-несие саясаты екі негізгі типке бөлінеді:
Рестрикциялық саясат
Екінші деңгейлі банктердің несиелік операцияларының көлемін шектеуге, талаптарды қатаңдатуға және сыйақы мөлшерлемесін арттыруға бағытталған шаралар жиынтығы.
Экспанциялық саясат
Несие беруді кеңейтуге, айналыстағы ақша массасының өсуіне бақылауды салыстырмалы түрде әлсіретуге және сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге байланысты шаралар.
Негізгі бағыт
Соңғы жылдардағы саясаттың басты мақсаты — инфляцияны төмендету және теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын жүргізіп келеді.
Ақша-несие саясатының негізгі құралдары
Заңнамаға сәйкес Ұлттық банк ақша-несие саясатын келесі негізгі құралдар арқылы іске асырады:
- Сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу
- Ең төменгі міндетті резервтер нормасын белгілеу
- Мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу және сату (ашық нарық операциялары)
- Банктерге және Үкіметке несие беру
- Валюталық нарыққа интервенция жасау
- Қажет болған жағдайда несиелік операциялардың жекелеген түрлеріне тікелей сандық шектеулер енгізу
Іс жүзінде жиі қолданылатын құралдар
Ресми сыйақы мөлшерлемелері, қысқа мерзімді ноттарды эмиссиялау және ашық нарықтағы операциялар.
Ресми сыйақы мөлшерлемелері: түрлері және қолданылуы
Ұлттық банк өз операциялары бойынша бірқатар ресми сыйақы мөлшерлемелерін белгілейді. Олар ақша нарығындағы жағдайға, несиеге сұраныс пен ұсынысқа, сондай-ақ инфляция және күтілетін инфляция деңгейіне байланысты айқындалады.
- Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі — ақша нарығының жалпы ахуалына, инфляцияға және күтілетін инфляцияға байланысты белгіленеді; заң актілері мен ҚҰБ шешімдеріне сәйкес жүргізілетін заем операцияларында қолданылады.
- Ресми есептік (дисконттық) мөлшерлеме — ақша нарығының жағдайына және несиелер бойынша сұраныс пен ұсынысқа тәуелді; коммерциялық вексельдерді қайта есепке алу операцияларында қолданылады. Бұл жылдық пайыздық мөлшерлеме ретінде айқындалып, әдетте айналыс мерзімі алты айлық вексельдерді қайта есептеуде пайдаланылады.
- РЕПО және кері РЕПО мөлшерлемелері — ішкі қаржы нарығының жағдайына қарай белгіленеді және мемлекеттік бағалы қағаздармен операцияларда қолданылады; мақсатты РЕПО мөлшерлемесінен ауытқуларды азайту үшін ақша қаражатын тарту/орналастыру арқылы нарықтағы мөлшерлемелер реттеледі.
- Овернайт заемдары бойынша мөлшерлеме — екінші деңгейлі банктердің ҚҰБ-тағы корреспонденттік шоттары бойынша есеп айырысуды дебеттік қалдықпен аяқтаған жағдайда, бір түнге берілетін заемдарға қолданылады.
- Күндізгі заемдар бойынша мөлшерлеме — екінші деңгейлі банктердің теңгедегі корреспонденттік шоттары арқылы төлем жасауға немесе аударым жүргізуге уақытша қаражат жетіспеген кезде берілетін займдарға қолданылады.
Ресми мөлшерлемелер (2004–2006)
Төмендегі кестеде Ұлттық банктің ресми сыйақы мөлшерлемелері берілген (кезең соңындағы мәндер).
| № | Мөлшерлеме түрі | 2004 | 2005 | 2006 |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайта қаржыландыру | 14 | 9 | 7,5 |
| 2 | Есептік (дисконттық) | 12,5 | 8 | 8 |
| 3 | Овернайт займдары | 20 | 12 | 9 |
| 4 | РЕПО (оның ішінде: овернайт, 1 апта, 2 апта) | — | 6,5 / 5,5 / 5 | 5 / 5,5 / 5,5 |
Дереккөз: ҚҰБ статистикалық бюллетені, №6 (92), 2006 ж.
Ескерту: РЕПО операциялары бойынша мөлшерлемелер 2006 жылғы 8 желтоқсаннан бастап мерзімдер бойынша күн сайын белгіленеді.
Ең төменгі резервтік талаптар: рөлі мен тиімділігі
Ақша нарығында тепе-теңдікті қамтамасыз ету, банктерге берілетін несиелер көлемін реттеу, өтімділік деңгейін басқару және міндеттемелер бойынша төлем қабілетсіздігі тәуекелін төмендету мақсатында Ұлттық банк ең төменгі резервтік талаптар механизмін қолданады.
Резервтік талаптар ашық нарықтағы операциялармен және пайыздық саясатпен қатар коммерциялық банктерді жанама ақша-несиелік реттеудің негізгі құралдарының бірі болып саналады.
Қосарлы қызметі
Сақтандыру институттары жеткіліксіз болған жағдайда депозиттерді қорғау функциясын ішінара атқарады және ақшалай мультипликация процесін реттеуге ықпал етеді.
Даму динамикасы
1993 жылғы 1 қаңтарда енгізілген нормалар бастапқыда 18–20% деңгейінде болды. Қазіргі уақытта міндетті резерв нормативі төмендеп, шамамен 6% деңгейіне жетті.
Банктер резервтерінің артық болуы (ҚҰБ-тағы корреспонденттік шоттардағы қаражаттың өсуі) резервтік талаптарды төмендетумен қатар, резервтеудің баламалы тәртібіне көшуге негіз болады. Бұл ретте банктер пруденциялық нормативтерді орындау кезінде корреспонденттік шоттағы қаражат сомасының ең төменгі резервтер деңгейінен төмен болмауын қамтамасыз етуі тиіс.
Әлемдік тәжірибеден қорытынды
Міндетті резервтердің тым жоғары деңгейі банк жүйесінің қаржы делдалы ретіндегі тиімділігін төмендетеді, ал ең төменгі резерв нормасының өсуі несиелік ресурстардың экономикаға бағытталуына кедергі келтіруі мүмкін.