Мысыр жері
Қыпшақ текті мәмлүктердің Мысыр жеріне келуі Аббас әулеті билігінің соңғы кезеңінен бастап үзілмей жалғасып отырды. Алдымен олар әскери қызмет сатысымен көтеріліп, кейін Мысыр мен Шамдағы мұсылман мемлекеттері мен әмірліктерінің негізгі әскери күшіне айналды. Уақыт өте келе мәмлүктер саясатқа кеңінен араласып, өңірдің саяси бағытына ықпал ете алатын деңгейге жетті; осылайша әскери де, саяси да басты күшке айналды.
«Мәмлүк» ұғымы: атауы және тарихи мағынасы
Араб тіліндегі мамлук сөзі (көпше түрі мамалик) бастапқыда «біреуге тиесілі мүлік», «иесі бар дүние» деген мағынаны білдірген. Кейін тарихи жағдайларға байланысты бұл ұғым «ақ құл» деген екінші мағынаға ие болды. Орта ғасыр араб деректерінде мәмлүк көбіне сатылатын және сатып алынатын, көбіне ата-анасыз деп сипатталған ақ құл ретінде анықталады.
Ал Африкадан әкелінген қара нәсілді құлдар абд (көпше абид) деп аталған. Уақыт өте, мәмлүктер көптеген мұсылман мемлекеттерінің бірден-бір негізгі әскери тірегіне айналып, кей жағдайларда дербес мәмлүк мемлекеттерін құруға дейін барды.
Орталық Азия: түркі мәмлүктерінің негізгі көзі
Орта ғасыр араб жазба деректері мәмлүктер тарихының бастапқы кезеңінде түркі мәмлүктерін алудың негізгі көзі ретінде Мауараннахр өлкесін және оның ішіндегі Самарқан, Ферғана, Ашруста, Шаш (Ташкент) пен Хорезм аймақтарын атайды.
Мәмлүктерді алудың негізгі жолдары
- құл базарларынан сатып алу;
- соғыстарда тұтқынға түскендерді алу;
- Ислам халифаты құрамындағы Орталық Азия билеушілерінің орталыққа сыйлық ретінде мамлүктер жіберуі.
Аббас халифаты және Әл-Мутасимнің бетбұрысы
Араб деректерін салыстырғанда, Аббас халифасы Әл-Мутасим түркі тегін әскери тірек ретінде алғаш жүйелі пайдаланған халифа ретінде айқындалады. Түркі жауынгерлерінің әскери қабілетін байқаған ол олардың санын көбейтуге күш салып, мамлүк жасақтарын негізгі әскери күшке айналдырды.
Әл-Мутасим жыл сайын түркі мамлүктерін сатып алып әкелу үшін арнайы адамдарын жіберіп отырғаны айтылады; оның әскері мыңдаған адамға дейін ұлғайды. Мақсаты — халифаттағы арабтар мен парсылардың әскери-саяси ықпалын шектеу еді. Халифа мәмлүктерді жоғары әскери лауазымдарға тағайындап, иқта — әскери қызметі үшін жер үлестіріп беруді кеңінен енгізді. Бұл шешім мәмлүктердің орнығып, саяси өмірге араласуын күшейтті.
Бағдадтағы шиеленіс және Самараның салынуы
Алғашқы түркі мәмлүктерінің Бағдадқа келуі қала өміріне бірден әсер етті: деректер оларды көшпелі өмір салтының белгілерімен, дене қуаты мен жауынгерлік икемі ерекше топ ретінде суреттейді. Бағдад тұрғындары үшін бұл жат қауым болып көрініп, екі ортада шиеленіс туындап, кейде қақтығыстар мен адам шығыны да болған.
Қақтығыс ушыққаны сонша, қала халқы халифаға шағым айтып, егер тоқтатпаса, намаздарында қарғыс айтатынын жеткізгені айтылады. Осыдан кейін Әл-Мутасим Бағдад маңынан мәмлүктер үшін арнайы Самара қаласын салдырып, оларды сонда орналастырған.
Мәмлүктердің саны, беделі мен ықпалы артқан сайын, олар мемлекеттік істерге терең араласа бастады. Ақыры Аббас әулеті билігінің нақты тетіктері мәмлүктердің қолына ауысып, халифаларды тақтан тайдыру, орнына өзіне қолайлысын отырғызу, тіпті астыртын әрекеттер мен қастандықтар арқылы өлтіру секілді оқиғаларға дейін барады.
Осы дәуірде аты шыққан түркі мәмлүктерінің қатарында Әл-Афшин, Ашнас, Итах, Уасиф, Сима әл-Димашқи және басқа да тұлғалар аталады. Олар көтерілістерді басуға және Византияға қарсы соғыстарға белсене қатысты.
Тулунилер: Мысырда түркі мәмлүктерінің орнығуы
Мысырда 868–905 жылдары билік еткен Тулунилер әулеті түркі текті мәмлүктерді әскер мен мемлекет басқаруда кеңінен пайдаланған. Деректер бойынша, әулет негізін қалаған Ахмад ибн Тулунның әкесі Тулун Аббас халифасы Әл-Мамунға Мауараннахр билеушісі сыйлыққа жіберген түркі мәмлүгі болған.
Ахмад ибн Тулун Мысыр уалаятына билеуші болып тағайындалған соң, басқару, сот, әскер және қаржы тетіктерін біртіндеп өз қолына шоғырландырды. Тәуелсіздікке ұмтылу үшін ол әскерді түркі мәмлүктер есебінен күшейтіп, олардың санын ондаған мың жауынгерге жеткізді. Осы кезеңнен бастап Мысыр билеушілері мен әскер құрылымында түркі текті мәмлүктердің салмағы айрықша артты.
Ахмад ибн Тулун өз мәмлүктерін құлдықтан азат ету арқылы оларға сүйенетін, ерекше сенімге негізделген әскер құруды көздеді: ол әскер құрамындағы мәмлүктердің бәрін азат деп жариялап, бұл тәртіп кейін Тулунилер тұсында дәстүрге айналды.
Фатимилер және этникалық әртүрлі әскери жүйе
969 жылы Фатимилер әулеті Мысырды жаулап алып, билік орнатты. Әл-Муизз (952–975) кезеңінен бастап мемлекет түркі, судан, бербер және сақалиба сияқты түрлі этникалық топтардан құралған әскери жасақтарға сүйенді. Араб деректері «сақалиба» атауын көбіне славян текті құлдармен байланысты түсіндіреді.
Абд әл-Азиз (975–996) түркі тегін өзгелерден жоғары бағалап, оларды маңызды қызметтерге кеңінен қойды: түркі мәмлүгі Манджу-Тегінді әскер басына тағайындап, Шам билігін тапсырғаны айтылады. Бұл шешім сарай маңындағы өзге топтар арасында қызғаныш пен наразылық туғызды.
Кейін Аз-Заһир (1020–1036) дәуірінде түркі мәмлүктерін жоғары әскери лауазымдарға көтеру қайта жанданып, Ануш-Тегін 1028 жылы Дамаск билеушісі ретінде аталады. Ал Әл-Мустансир (1036–1094) анасының қара текті болуына байланысты қара құлдарды көбірек сатып алып, әскердің негізгі тірегін солардан құрағаны баяндалады.
Маңызды жаңалық: жүйелі мәмлүк тәрбиесі
Фатимилер ислам тарихында алғашқылардың бірі болып жасөспірім мәмлүктерді арнайы жүйе бойынша тәрбиелеуге басымдық беріп, Мысырда мәмлүктерді оқыту мен даярлаудың бағдарламалық-әдістемелік негіздерін қалыптастырды.
Айубилер дәуірі: мәмлүктер тарихындағы жаңа кезең
1171 жылы Фатимилер мемлекеті құлағаннан кейін оның орнына Айубилер әулеті келіп, өңір мен мәмлүктер тарихында жаңа кезең басталды. Орта ғасыр деректері Айубилердің күрд тегіне қарамастан, Селжүк түркі мемлекеті ықпалында өсіп-жетіліп, түркі салт-дәстүрі мен әскери жүйелерін бойына сіңіргенін атап өтеді.
Селжүктер дәуірінде түркі мәмлүктері негізгі әскери күш саналып, сұлтандар мен әмірлерге жақын топқа жатқызылды; оларға сарайда арнайы тәрбие берілді. Жас түркі мәмлүктері Қыпшақ елінен жеткізіліп отырған.
Қыпшақ даласы: «ақ құлдар» алынатын кең аймақ
Мысыр тарихшысы Әл-Қалқашанди деректерінде Қыпшақ елі Еділ өңірінде, Русьтің оңтүстік-шығысында және Қара теңіз бен Каспийден солтүстікке қарай жатқан ұлан-ғайыр өлке ретінде сипатталады. Тұрғындары түркі текті, көшпелі өмірі және атқа міну өнерімен әйгілі, әрі түркі текті ақ құлдарды алудың негізгі орталығы саналған.
Низам әл-Мәлик «Сиясатнаме» еңбегінде қағидалары нақты белгіленген жүйе бойынша мәмлүктерді тәрбиелеп, кейін оларды сарай мен мемлекеттік қызметке енгізу тәртібін сипаттайды. Сондай-ақ ол ислам тарихында алғаш болып мәмлүктерге әскери қызметі үшін жер сыйлау тәжірибесін енгізгені айтылады: мақсат — жері бар мәмлүк әмірі өз иелігін қорғай отырып, мемлекетті де қорғайды деген принцип.
«Атабек» институты
Сұлтандар мәмлүк әмірлеріне өз балаларын тәрбиеге беріп, оларды атабек деп атады. Араб деректері бұл сөзді түркі тіліндегі «ата» (әке) және «бек» (әмір) құрамынан шығарып, «бектің тәрбиешісі» мағынасында түсіндіреді. Бекзада басқа өңірге жіберілсе, атабекті де бірге аттандыру кең тараған дәстүрге айналды.
Уақыт өте атабектер ықпалы күшейіп, Селжүк сұлтандарының әлсіреуін пайдаланып тәуелсіз иеліктер құра бастады. Тарихта атабек атауымен белгілі бірқатар мемлекеттердің пайда болуы осының салдары ретінде аталады.
XII ғасыр басында Мосул, Халаб, Дияр-Рабия және басқа өңірлерде атабек биліктерін қалыптастырған Имад ад-Дин Зеңгі есімі деректерде ерекше көрінеді. Оның әкесі Ақ-Сұңқар Селжүк сұлтаны Мәлик-Шаһтың қарамағындағы мамлүк болып қызметін бастағаны айтылады. Зеңгілермен байланыс арқылы күрд текті Салах ад-Дин әл-Айуби тарихи сахнаға шығады. Айта кетерлігі, Айубилер әулетінің мүшелері азат адамдар болған, яғни олардың ешқайсысы құл мәртебесінде болмаған.
Салах ад-Диннің көтерілуі және мәмлүк жасақтары
1164 жылы Нур ад-Дин ибн Зеңгі Иерусалим христиан патшалығының Мысырды жаулап алуына кедергі келтіру үшін әскер жібереді. Жорықты Асад ад-Дин Ширкух басқарады, онымен бірге Салах ад-Дин де аттанады. Орта ғасыр деректері әскер құрамында Нур ад-Диннің мамлүктері мен Асад ад-Диннің мамлүктері және мәмлүк әмірлері болғанын көрсетеді.
Салах ад-Дин көптеген шайқастардан тәжірибе жинап, кресшілердің Мысырға жасаған 1164, 1167 және 1168 жылдардағы жорықтары сәтсіз аяқталған сайын оның беделі өсе түсті. 1169 жылы Ширкух қайтыс болғаннан кейін, Салах ад-Дин жағдайды өз пайдасына шешіп, Фатими халифасы Әл-Адидтің оны бас уәзір етіп тағайындауына қол жеткізеді. Бұл жолда ол өзіне сенімді Асадийа мәмлүктерін және азат күрд жасақтарын пайдаланды.
Кейін ол қосымша мәмлүктер сатып алып, аса сенімді жаңа бөлімдер құрады: Салихийа және Насырийа
1171 жылдың қыркүйегінде Әл-Адид қайтыс болып, Фатими халифаты құлады. Осы тұста кресшілер арасында тақ мұрагерлігіне байланысты ішкі алауыздық күшейіп, Салах ад-Динге қолайлы жағдай қалыптасты. Ол бытыраңқы мұсылман мемлекеттерін бір тудың астына біріктіруге кірісіп, ұзаққа созылған әскери-саяси және дипломатиялық күрес нәтижесінде Мысыр мен Шамды біріктіріп, кресшілерге қарсы ірі жеңістерге жетіп, Иерусалим мен жағалаудағы бірқатар қалаларды қайтарды.
Айубилер ішкі тартысы және мәмлүктер санының көбеюі
1193 жылы Салах ад-Дин қайтыс болғаннан кейін кең аумақты қамтыған Айубилер мемлекеті мұрагерлер арасында бөлініп, өзара қақтығыстарға ұласты. Бұл жағдайдың тікелей салдарының бірі — өңірде түркі мәмлүктерінің санының күрт артуы және олардың ықпалының күшеюі болды.
Салах ад-Диннің мұра бөлінісі
- Әл-Азиз Османға — Мысыр;
- Әл-Афдал Нур ад-Динге — Дамаск;
- Аз-Заһир Ғазиге — Халаб (Алеппо).
Сондай-ақ өзге туыстарына да уалаяттар мен қалалардан үлес берілді: Әл-Адил Сайф ад-Динге Шубек, Кирк, Балқа және Мысырдың бір бөлігі; Тоқ-Тегінге Йемен; Тақиа ад-Дин Омарға Хама; Туран-Шахқа Баалбек; Наср ад-Дин Ширкухтың ұлына Хомс және өзге де иеліктер.
XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында мәмлүктердің, әсіресе түркі мәмлүктерінің, мұсылман әлеміндегі мемлекеттерге ықпалы шарықтау шегіне жетеді. Мәмлүктердің көмегімен билікке келген Ас-Салих Наджм ад-Дин Айуб олардың рөлін айқын түсініп, мәмлүк сатып алу ісін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді.
Ар-Рауда аралы және «Бахарийа» мәмлүктері
Ас-Салих Айуб өткен төңкеріс тәжірибесін ескеріп, Қайырда өзіне қарсы шыққан мәмлүктердің ықпалында қалып қою қаупінен сескеніп, Ніл өзенінің ортасындағы Ар-Рауда аралын тұрақты орда ретінде таңдады. Ол аралға сұлтан сарайын салдырып, 1241 жылы отбасымен түгел көшті, ал келесі жылы арнайы әскери бекініске өз мәмлүктерін қоныстандырды.
Осы бекініске орналастырылған жаңа жасақтар «Әл-Мамалик әл-Бахарийа» — «Теңіз мәмлүктері» аталып кетеді. Кейін дәл осы «бахарийа» мәмлүктері Мысырдағы мәмлүк мемлекетінің негізін құраған басты күшке айналды.
Крест жорықтары және Мысырдың стратегиялық маңызы
XIII ғасырдың ортасында Франция королі Луис IX Мысырға қарсы Крест жорығын ұйымдастырды. Оның басты мақсаты — Мысырды жаулап алу. Бұл Мысырға бағытталған жорықтардың ішіндегі алғашқыларының бірі ғана емес, әскери қуаты тұрғысынан ең қауіптілерінің қатарында болды.
Крест жорықтарының мақсаттары бойынша жіктелуі
- 1–3 жорықтар — Шам еліне қарсы
- 4-жорық — Константинопольге қарсы
- 5-жорық — Мысырға қарсы
- 6-жорық — Шам еліне қарсы
- 7-жорық — Мысырға қарсы
- 8-жорық — Солтүстік Африка мұсылман елдеріне қарсы
Үшінші жорықтың (1189–1192) қолбасшысы, «Арыстан жүректі» атанған король Ричард Мысырды мұсылман әлемінің ең әлсіз буыны әрі Шамның кілті деп бағалап, оны жаулап алуды кейінгілерге мақсат етіп қалдырғаны айтылады. 1215 жылы Рим Папасы Иннокентий III ықпалымен құрылған Латеран кеңесі де Мысырды алудың стратегиялық қажеттігін атап өткен: олардың ойынша, Мысырдан айырылған мұсылмандар бай өңірлерінен айырылып, әскери қуаты әлсіреп, Акка мен Мысырдағы кресті күштердің арасында қысымда қалады және Шығыс Жерорта теңізіндегі теңіз үстемдігін сақтай алмайды.
Осы есеппен кресшілер Мысырдың Жерорта теңізіндегі аса маңызды порты — Думият (Дамиетта) қаласын басты нысана етті. Бесінші крест жорығы Мысырға қарсы бағытталып, оны Әл-Құдыстың (Иерусалимнің) кілті деп санаған. Алайда бұл жорық сәтсіз аяқталғаннан көп өтпей, Луис IX басшылық еткен Жетінші крест жорығы Мысырды алу арқылы Әл-Құдыс пен Шамда христиан билігін орнатуды көздеп қайта аттанды.
Луис IX жорығының қауіп тудыру себептері
- Ұйымдасуы мен әскери дайындығы жоғары болды; әскер саны және соғыс техникасы мен жабдықтары мол еді.
- Францияның беделді королі Луис IX жорыққа өзі қолбасшылық жасап, қатысушылардың діни рухын күшейтіп отырды.
- Шабуыл уақыты Мысырдағы ішкі саяси ахуалдың ауыр кезеңіне сай келді: сұлтан Ас-Салих Наджм ад-Дин Айуб ауыр науқастанып, әскерді өзі бастап шығуға қауқарсыз еді.
Соған қарамастан, сұлтан ауыр жағдайына қарамай Мысырды жаулап алу қаупіне қарсы әрекет етуге мәжбүр болды.