Кенет әлдеқайдан құйқылжыта шертілген домбыра үнін естиді

Алпысыншы жылдарғы Алматы: «Город вещих снов»

Алпысыншы жылдарғы Алматы — жасыл мәуеге малынған, маужыр қала еді. Соғыс жылдары азды-кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской дәл тауып айтқан: «Город вещих снов».

Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай сезілетін. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей әсер қалдыратын.

Ол кездегі Алматыда аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұлып алғаныңды білмейсің: алдыңнан сол дәуірдің аты әйгілі адамдарының бірімен қалай да ұшырасып қаласың.

Ахаңның бейнесі: өнердің өз адамы

Ол кездегі жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдардың бірі — Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақ ғылым десе — Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе — Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп тұрған Ахаң тұра қалатын.

Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді деген жерге тайлы-таяғымыз қалмай ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына жарасқан жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана арналған биязы дауысы — бәрі терең парасат пен биік талғамның тағылымындай еді. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай: көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін.

Сондай арман тұлғамен бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесіп қоямын деп кім ойлаған? Қайран жастық албырттық-ай: өз жүрегің өз кеудеңе сыймай, өрекписің де жүресің.

Редакция телефоны және күтпеген қоңырау

Университет бітірмей жатып-ақ, «Қазақ әдебиетінде» қазақ фильмдерін сынап «Ниет пен нәтиже» деген мақала жазып, киногерлерді; «Лениншіл жаста» Алматы архитектурасын сынап «Телмірген терезелер, қағанақ қабырғалар» деген мақала жариялатып, сәулетшілерді елеңдетіп алған басым енді: «Күйдің де күйін ойлайық!» деп дабыл қаққым келді.

Редакция телефондары тағы да безгек тигендей безілдей жөнелсін...

— Бұл «Лениншіл жас» па?

— Иә.

— Әбіш бар ма екен?

— Тыңдап тұр.

— Бұл — Ахмет Жұбанов қой.

— Сәлеметсіз бе, Ахмет Қуанұлы?!

— Қалқам, мақалаңды оқып жатырмыз. Кафедра отырысында талқыламақпыз. Ертең сағат он бірде, консерваторияда. Қолыңыз тисе, қатысқаныңызды қалаймыз.

Қуанғанымды да, қобалжығанымды да білмеймін. Айтылған уақытта консерваторияға бардым. Өңшең сахнадан ғана көретін ығай мен сығай жиналған. Ахаң қақ төрді емес, қапталдағы қабырға бойлап тізілген орындықтардың ең түпкісін иемденіпті. Қасында бір орын бос тұр екен. «Келіңіз, келіңіз!» — деп, мені соған отырғызды.

Қызу талқы басталып кетті. Ешкім мақалаға тиісіп жатқан жоқ. Қайта, онда сөз болмаған соны мәселелер көтерілді. Газет бетінде оларға да орын беруге уағдаластық. Тіл табысып, тарастық.

Түскі шай, жол-жөнекей әзіл және «шоферім академик»

Қоштасарда қолымды соза бергенімде, Ахаң сағатына үңілді. «Түскі үзіліс болыпты. Сосын өзім апарып салармын», — деп, есікке қарай жүре берді. Көкшіл ме, сұрғылт па — әйтеуір бозғылт киінетін академик мінген көлікті көргенде, жұрт білетін бір оқиға ойыма түсті.

«Әлгі Хамаң отыратын мәшине осы ма?» — дегенімде, Ахаңның оң жақ иығы бүлк ете қалды.

«Иә, сол, қалқам. Хамаң ол күні әлденеге буырқанып отыр екен. Орнымыздан қозғала бергенде: “Аха, сіз өлең танисыз ғой. Құдайы шыныңызды айтыңызшы, қазіргі ақындардың қайсысы мықты?” — деп салды.

Әрірек кетсем, бір пәлеге ұшырайтынымды білдім де: “Өзіңді ғой, Хамитжан!” — дедім. Ол қапелімде мүдіріп қалды. Соны пайдаланып: “Расында да, сенен басқа қайсысының шофері академик?!” — дедім. Сол-ақ екен, мәшинемнің бөксе тұсы бүлкілдеп қоя берді...»

Мәз болып отырып, жетер жерімізге қалай жетіп қалғанымызды да аңғармаппыз. Хайуанаттар бағының құбыла бетіндегі тұйық көшеге келіп тоқтадық. Қақ маңдайдағы көк шарбақта суретші Әбілхан Қастеев тұрады екен, ал күн батыс қапталдағы есік-терезесін көкпен бояған тәпене үй — Ахаңның шаңырағы болып шықты.

«Жеңгең балаларға кеткен болатын», — деп, Ахаң өзі шай қойды. Дастарқан үстінде не әңгіме болғаны анық есімде қалыпты деу қиын. Әйтеуір, түскі үзілістен соң ол мені қызметіме өзі жеткізіп салды. Сол күні менің де «шоферім академик» болып, өзімді редакциядағы «ең мықты» қызметкер сезініп, қомпиып жүрдім. Бірақ жұрт мақтаншақ дер деп, шайды қайдан ішкенімді ешкімге тіс жармадым.

Қарапайымдықтың өлшемі: қолжазбаны өзі әкелуі

Бір күні жігіттер сеңдей сығылысып отырған біздің бөлмеге Ахаң кіріп келді. Көбелек қуалап жүрген кісідей аяғын еппен басып, ерінін болар-болмас қимылдатып, бәрімізге жағалата бас изеді. Біз орнымыздан атып тұрдық.

«Әбішжан, мынау — әнеукүнгі күй туралы пікір алысуыңызға жазылған нәрсе еді», — деп, папкасынан қағаз суырып берді.

Бұл — кейін кітаптарына енген «Сөз күй жөнінде» атты мақаласы еді. Әйгілі ғалымның қолжазбасын көмекшісін жұмсамай, өзі әкеліп тапсырған қарапайымдылығына қайран қалдық.

Ғылым академиясындағы тар бөлме және алаңдатқан үн

Кейін сазгер алпысқа толғанда, редакция менің мақала жазып беруімді өтінді. Бұл жолы Ғылым академиясына іздеп бардым. Терезесі терістікке қараған аядай бөлме. Иін тірестіре қойылған үстелдер. Аяқ басар жер жоқ. Босағаның қыр көзінде қобыраған қалың бума қағаздардың арасында басы ағараңдап Ахаң отыр.

Әңгімесін тыңдап мерейім өссе де, жұмыс орнын көріп көңілім құлазыды. Бірақ мұны да ұлы адамның кішіпейілдігіне жорыдым.

Кешқұрым телефон шылдыр етті. Таныс дауыс. Әдеттегідей мығым емес, әлденеге жүрексінгендей:

«Қалқам, жақсы лебіздер аз айтылып жатқан жоқ қой. Бірақ сен көйлектің ішкі бауындай өнердің өз адамының сөзін айтыпсың. Рахмет. Амандық болса, хабарласамыз ғой!»

Бір жағынан масаттансам да, бір жағынан көкірек тұсым шым ете қалды. Жұрт төбесімен көк тіреп тұр деп ойлайтын асқаралы тұлғаның әлгі бір жасқаншақ ләмі мен қажыңқы үнінен, арасында не жүргені белгісіз бейтаныс орманға енді аяқ басқан бейсауат адамдай, жүрегім қобалжи берді.

Қоштасу: қайтып келмес сағыныш

Көп ұзамай Ахаңның зайыбы Науат жеңгей дүние салды. Бір топ кісі болып кіріп шықтық. Қатты қимастығы сезілсе де, отырысы нық, әңгімесі ширақ еді. Арада аз уақыт өте өзі төсек тартып қалды. Ауруханадан санаторияға шығыпты деген соң, іздеп бардық. Сүйек-сүйегі арса-арса болып сылынып қалыпты. Жанары тұңғиықтанып, беті көгіс тартқан.

Жұрттың жасқана қойған сауалдарына тек жауап, мезірет қана жасап, ағыл-тегіл ақтарылып кетпей, кібіртіктеп, іркіле сөйлеп отырды. Өзін емес, естір құлақты аяғандай; көмейіне тұншыққан лек-лек сырды ішіне бүккендей. Бәрімізді көзімен шолып, еміренгені ме, мүсіркегені ме — белгісіз, үн-түнсіз мүдіріп қала беретін.

Сол жылы сары күзде мен әскерге кеттім. Бықсыған қоңыр күзде Алматы Ахаңмен қоштасыпты. Санаулы мезеттер енді қайтып оралмас тылсым сағынышқа айналды.

Өмір жолы: оқшау орман секілді тағдыр

Аяулы Ахаңның өз аузынан ести алмай қалғандарымызды білмек болып, көзқарақты адамдардың аузына үңілдік, кітаптарды ақтардық. Сөйтсек, пайғамбар жасына жетер-жетпесте көз жұмған оның өмір жолы расында да екінің бірі тұмсық батыра бермейтін, ат көпір айдау жолдан бір бүйір бұрыс жатқан оқшау орман секілді екен. Қатпар-қатпар қалың жынысын әлі ешкім түгел аралап, толық сүзіп шықпағандай.

Тамыр: Орқаш, Қосуақтам және ояу орта

Сонау Мұзды мұхиттан Арал теңізіне дейін үздік-создық созылған жапырық таулар сілемінің арасында жеке жайылған нарқоспақтай Орқаш атты оңаша жота бар. Сол маңайды ертеден жайлаған Назар, Шүрен ауылдары бұрын Темір уезіне қараған. Соған кіретін Темірорқаш болысының тоғызыншы ауылы саналатын Қосуақтам төңірегін ағайынға сыйлы, айналаға абыройлы, өз шаруасына мығым Жұбан ақсақалдың қол астындағы шаңырақтар мекендепті.

Жұбан ақсақал да, үлкен ұлы Қуан да төңіректе не болып, не қойып жатқанына енжар қарамайтын, көңілі ояу, көзі ашық кісілер болған. Арабша, парсыша, түрікше білетін, усул жадид жолын ұстанған Оспан ишан атты молданы ұстап, балаларға тарих, математика, жағрапиядан мәлімет бергізген. Онымен де тоқтамай, маңайға қоныс тепкен орыс, немістердің тілін үйреніп, олардың тұрмыс-тіршілігіне біртіндеп қаныға бастапты.

1913: ауылдағы орыс-қазақ училищесі

1913 жылы Темір уезіне тиесілі екі орыс мектебінің бірін өз ауылына сұратып алып, Сатыбалды деген қайратты жігітке шымнан кірпіш ойдырып, үй қалатып, екі жылдық мұғалімдік оқуды бітірген Хұсайын Ашығалиев атты ұстазды шақырып, Қосуақтамда «Urkachevskoe odnoklassnoe russko-kirgizskoe uchilishche» деген оқу орнын аштырған.

Құдайберген Жұбанов: білім жолындағы екпін

Еңбектің ақталғаны сол: Қуанның 1899 жылы туған тұңғышы Құдайберген әуелден-ақ зеректігімен көзге түседі. Қосуақтамдағы, Електегі, Уфадағы орысша-мұсылманша оқу атаулыны мерзімінен бұрын үздік бітіріп, кейін сүзектен дүние салған Қуан мен інісі Тәкеннен қалған екі үйлі жанды асыраймын деп ауылға оралады.

Әлеуметтік іске араласып, әуелі Жұрындағы уезд, Ақтөбедегі губерния, сосын Қызылордадағы республика орталықтарына қызметке шақырылады. Жұмысбасты жүрсе де, қиян түкпірде жатып өз бетімен оқып, бірден емтихан тапсырып, Ленинградтағы А.С. Енукидзе атындағы Шығыс тілдері институтының дипломын алады, аспирантураға шақырылады. Сол тұстағы шығыстанушы ғалымдардан дәріс алып, көп ұзамай Н.Я. Марр, С.Е. Малов, И.И. Мещаннинов, В.А. Богородицкий, Е.Д. Поливанов сынды әйгілі оқымыстылар қатарына өзі де қосылады.

Ахмет Жұбанов: сазға басталған соқпақ

Күллі қазақ ағарту майданының жаңа шамшырағына айналған Құдайберген Қуанұлының шарапатты жарығынан 1906 жылы туған інісі Ахмет те шет қалмайды. Бес жасынан қазақша әріп танып, өлең, тақпақ жаттайды. Ағасымен жолдас Жиенғали Тілепбергенов, Абдолла Беркінов сынды оқығандардың, ауыл аралап жүрген Науаш, Жұмабек, Тоғыс, Барлыбай сияқты жыршылардың әңгіме-хиссаларын тыңдайды.

Аймаққа аян қарт домбырашы Талым, нағашысы Әлдеберген, жездесі Ырзағұл тартқан күйлерге құлақ түреді. Оның үстіне Қосуақтамдағы мектепті басқарған Құсайын Ашығалиев домбыра, гитара, скрипка, мандолинада бірдей ойнап, нота білетін өнерпаз болып шығады. Ол кішкентай Ахметті саз өнеріне баулып, аспаптарға үйретіп, ән салғызады.

Ленинград: мамандықтың бекінуі

1929 жылы аспирантураға бара жатқан Құдайберген талабы таудай інісін Ленинградқа ертіп кетеді. Әуелі музыка техникумында А.А. Этигонның скрипка класында, кейін консерваторияда Ф.А. Неманның гобой класында оқиды. 1930 жылы Ленинградтың «Рабочий и театр» журналында тұңғыш мақаласын жариялаған Ахмет Жұбанов 1932 жылы Ленинград консерваториясының тарих-теория факультетін бітіріп, өнертану академиясына аспирант болады.

Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген қағидасын бұлжымас заң еткен жас музыкант ұлттық саз өнерінің қай жыртығына да жамау болуға бекінеді.

Затаевичпен тоғыс: бағыт берген кездесу

Ахметтің айтуынша, «мамандық таңдауда ат басын ақырғы көмбеге тіреуі» А.В. Затаевич есімімен тығыз байланысты еді. 1928 жылы Ақтөбеге бір айлық курсқа барғанда, кинотеатрлардың бірінде мылқау фильмді скрипкамен әуездеп отырған бейтаныс кісіні көреді. Ертесіне пәтеріне іздеп барады: Варшава консерваториясын бітірген соң, тағдыр айдап Ақтөбеге келіп, сол кәсіппен күн көріп жүр екен.

Губерниялық оқу бөлімінің бастығы Решетняк Ахметке Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабын сыйлайды. Ахмет оны таныс скрипкашы П. Чернюкке апарып көрсеткенде, ол Затаевичті Варшавадан білетін болып шығады. Еңбекке таңғалып, ішіндегі бір-екі шығарманы сол жерде сольфеджиоға түсіреді; жинақтағы бірнеше әнді ойнап береді. Скрипкадан, музыка теориясынан, сольфеджиодан сабақ алу үшін Ақтөбеге көшіп келуге кеңес етеді. Ахмет татар махалласындағы қазақ мектебіне мұғалім болып орналасып, ай сайын 8 сом төлеп, Чернюктен сабақ алады.

1931: Мәскеудегі пәтер және ұстаздың кеңесі

1931 жылы маусымда Ленинградтан келе жатып, Мәскеудегі қазақ өкілдігіне тоқтап, адрес алып, Затаевичтің пәтеріне барады. Өзі үйде болмайды. Әйелі тұрмыстың қиындығын, бөлменің тарлығын, Александр Викторовичтің денсаулығының нашарлығын айтып мұңаяды. Көрініс те соны аңғартады: прокатқа алынған ескі рояль, лақсасы шыққан диван...

Сол сәтте Ахмет ескі рояльге отырып, салт аттының желісін бейнелейтін «Екі жирен» әнін орындап отырған кезде, үстінде түсі оңған сұр кителі, сол түстес жартылай галифесі, аяғынан тастамайтын етігі бар Затаевич кіріп келеді. Бейтаныс жігітпен құшақтасып, Ақтөбе губерниясының әндерін жазып алуға бара жатқанын, Ғылым академиясының фонографы мен отыз ұршығы Қазан вокзалындағы жүк сақтайтын ұяшықта тұрғанын айтып, балаша қуанады.

Затаевич жас зерттеушіге халық арасындағы шығармаларды қалай жинау, қалай жазып алу керегін, әсіресе орындаушыларға өз дауыстарын қайта естірткенде қызығып, репертуарын түбіне дейін сарқып беретінін түсіндіреді. Бұл кеңестер Ахметке кейін сөзсіз демеу болады.

Алматыдағы бетбұрыс: техникум, кабинет, шеберхана

1933 жылдың ақпанында Қазақ үкіметі алғашқы музыка техникумын ашып, оның жұмысын жолға қоюға Ленинградта оқып жүрген Ахметті шақыртады. Бір жылға демалыс алып келген аспирант біржола Алматыда қалады. Техникум жанынан халық музыкасын зерттейтін кабинет ашылып, музыка аспаптарын қайта жасау, жаңарту, жетілдіру жөніндегі шеберхана ұйымдастырылады.

Онда домбыра жасайтын Қамар Қасымұлы мен скрипка жасайтын шеберлер Борис және Маниул Романенко іске кіріседі. Алғашқы жасалғандар — Арқаның қысқа мойын қалақ бас, Батыстың ұзын сапты қозы құйрық альт домбыралары. Қолдан иірілген қой ішегінің орнына дәрігерлер пайдаланатын иірген тарамыс тағылып, дыбыс қатты бұрауға, күшті шығуға икемделеді. Қосарлап сым ішек таққан прима домбыралар да жасалады.

1934: домбырашылар ансамблі және жаңа кезең

Техникум оқушылары мен Оралдан шақыртылған әйгілі күйші Лұқпан Мұхитов бастаған он бір кісіден ансамбль құрылады. Кейін саны он жетіге жетеді. Бірігіп ойнауға айлап машықтанса да, көпшілік алдына шығуға асықпай жүреді. Ақыры 1934 жылғы маусым да туады.

Алматының Дзержинский көшесіндегі Қазақ драма театрының іші-сыртына құжынаған халық жиналады. Маусымның бірінші күні кешкі сегізде Бірінші Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлерінің слеті ашылады. Қазылар алқасында Мәскеуден жеті тәулік жол жүріп, пойыздан ауырып түскен А.В. Затаевич те отырады.

Затаевич театрға асығып келіп, шартараптан жиналған өнерпаздарды көз айырмай бақылайды. Нота дәптерін тізесіне қойып, бұрын естімеген шығармаларын жан ұшыра жазып алады. Үзілісте өнерпаздарға жолығып, естіген-көргеніне таңдай қағып, үсті-үстіне қайран қалады.

Слеттің ақырғы күні сахнаға күтпеген жерден домбырашылар ансамблі шығып, «Айжан қыз», «Кеңес» күйлерін, «Дударай» әні мен «Келіншек» биін құйқылжыта орындағанда, Затаевич жанарына лық еткен жасты жасыра алмай, Ахмет Жұбановты айқара құшақтап, ернінен ұзақ сүйеді.

Ол Қазнаркомпросқа халық музыкасын насихаттау үшін осы ансамбльді негізге алып, қазақ музыканттары тобының турнесін құруды ұсынады. Сол байқау қазақ музыкасындағы жаңа кезеңнің басталуына түрткі болды.

Күйдің дербес жанрға айналуы: Құдайбергеннің пайымы

Бұрын әншілігімен аты шыққан далалықтар енді жұртты ерен күйшілігімен таңғалдырды. Мұны теория жүзінде алғаш дәлелдеген Құдайберген Жұбанов еді. «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы» деген еңбегінде ол қазақта ән мен күйдің екі басқа болуы халық музыкасының жетілген сатыда тұрғанын көрсететінін айтады: әуелде олар бір болып, бара-бара вокал және инструментал музыка болып жіктелген.

Құдайберген Жұбанов татар тілінде әнді де, сазды да «күй» дейтінін, онда тек аспапта ғана орындалатын дербес жанрдың әлсіз екенін; ал өзбек музыкасында ән, күй, бидің қой қосақ араласып жүретінін мысалға келтіреді. Мұндай құбылыстардың түпкі себебін ол алғашқы қауымдық кезеңдегі магиялық ырым-тәсілдермен, өнердің синкреттік табиғатымен байланыстырады.

Уақыт өте бұл еліктірме өнердің өзі де жіктеліп, әр салаға әр қилы кісілер машықтанғанын, абыздардың есепші, жұлдызшы, бақсы, тамыршы болып бөлінгенін, әрқайсысының өз кәсібін сүйемелдейтін тәсілдері де түрленгенін түсіндіреді. Музыка терминдерінің семантикасы да осыған ишара ететіндей: «қобыз» сөзі ежелгі «абыз» ұғымымен, «сыбызғы» — «сыбыс» түбірімен байланысады; «домбыра» атауы арабтың «тамбур», бенгалдың «тапыр», гректің «тамир» сияқты үндес атауларымен қатар айтылады.