Ата тегі
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866—1937) бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл — қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы аумағындағы бұрынғы Қаратал кеңшарының жері. 1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңесінің шешімімен аталған елді мекенге Ә.Н. Бөкейхан есімі берілді.
Тарихи тұлға ретіндегі орны
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары арасында Әлихан Бөкейхан — қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы айрықша тұлға.
Ол көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы ретінде танылды.
Шыққан тегі
Әлихан — Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Төре тұқымы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Арғы атасы — атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей — осы Сұлтан Барақтың баласы.
Ата тегі (шежіре тізбегі)
- Бөкей
- —
- Батыр
- —
- Мырзатай
- —
- Нұрмұхамед
- —
- Әлихан
Білімі мен қалыптасуы
Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Алайда зерделі бала молдадан оқудан гөрі қаладағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын байқап, үш сыныпты бастауыш мектепке өз еркімен ауысады.
Кейін Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте (1879—1886) оқып, оқуын өте жақсы бағамен аяқтайды.
Негізгі оқу кезеңдері
- 1879—1886
- Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектеп.
- 1886—1890
- Омбы техникалық училищесі, «техник» мамандығы бойынша тәмамдады.
- 1890—1894
- Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультеті. Студенттік пікірталастарға қатысып, Ресейдің даму жолдары жөніндегі қайшылықты көзқарастар қақтығысына куә болды; бұл кезең оның ой-өрісін кеңейтіп, қоғамдық көзқарасын шыңдады.
Омбыдағы училищеде төрт жыл бойы үздік оқыған жас шәкіртінің талабына риза болған ұстаздары оның білімін тереңдетуіне жағдай жасауға ұмтылды.