Кәсіптік ақпарат
Кәсіптік бағдар беру — педагогтардың, психологтардың, дәрігерлердің және басқа да мамандардың қоғамның сұранысын ескере отырып, әрбір оқушының қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіби қызығушылығын қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмектесетін мақсатты, жүйелі жұмыс.
Мамандық туралы жеткіліксіз ақпарат таңдауды кездейсоқтыққа әкелуі мүмкін. Ал қате таңдау кейін мамандықты ұнатпауға, жұмыс орнын жиі ауыстыруға және кәсіби тұрақсыздыққа себеп болады.
Мектептегі кәсіптік бағдар берудің негізгі міндеттері
-
1
Оқушыларды кең тараған мамандықтар туралы жүйелі түсінікпен қаруландыру.
-
2
Кәсіби қызығушылықты, бейімділікті және қабілетті дамыту үшін оқушылардың дара ерекшеліктерін зерттеу.
-
3
Мектеп бітірушілерге мамандық таңдауда нақты көмек көрсету.
-
4
Оқушыларды белгілі бір кәсіп түрін меңгеруге бағыттап, даярлау.
Кәсіптік бағдар беру жүйесінің құрамдас бөліктері
Кәсіптік ақпарат
Кәсіптік ақпарат — орта мектептегі кәсіптік бағдар берудің негізгі бағыттарының бірі. Ол арқылы оқушылар әртүрлі мамандықтардың маңызы мен мәнін түсінеді, белгілі бір кәсіпке қойылатын талаптармен танысады, мамандықтың ерекшелігі мен қоғамдағы орны туралы нақты түсінік алады.
Бұл жұмыс экономикалық ауданның кадрға қажеттілігі мен даму келешегін ескере отырып жүргізіледі. Сондықтан оның мазмұны, ұйымдастыру жолдары мен әдістері оқушылардың жас ерекшелігіне сай өзгеріп отырады.
Бастауыш сыныптар
Мамандық таңдаудан гөрі еңбекті сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу басым болуы тиіс.
5–8 сыныптар
Политехникалық ой-өрісті кеңейтіп, өңірге қажетті кең тараған кәсіп түрлерімен таныстыру маңызды.
9–11 сыныптар
Мамандықтарды тереңірек танытып, белгілі бір кәсіпке қызығушылық пен қабілеттілікті дамытуға басымдық беріледі.
Негізгі жұмыс түрлері: факультативтер, техникалық үйірмелер, әртүрлі мамандық таңдауға бағытталған клубтар, сондай-ақ өндіріске экскурсиялар, мамандармен кездесулер, тақырыптық кештер, жоғары сынып оқушылары мен өндіріс ұжымдарының, кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушыларымен бірлескен конференциялар.
Дереккөз: [5, 103 б]
Кәсіптік ақыл-кеңес
Кәсіптік ақыл-кеңес кәсіптік бағдар беру жүйесінде ерекше орын алады. Оның негізгі мақсаты — оқушының денсаулық жағдайын, анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін және әлеуметтік-психологиялық қырларын талдай отырып, жоғары сынып оқушыларына кәсіби топтар мен мамандықтарды ұсыну.
Бұл жұмысқа ата-аналар, шефтік мекемелер және өндіріс орындарының мамандары тартылады. Кей жағдайда кеңес беру өндіріс орындарында, кәсіптік-техникалық училищелерде, өндірістік оқу цехтарында және кәсіптік бағдар беру кабинеттерінде өткізіледі.
Кәсіптік іріктеу (профотбор)
Кәсіптік іріктеу — белгілі бір мамандықты меңгеруге жарамдылықты арнайы әдістемелер арқылы анықтауға бағытталған зерттеу процесі. Оның негізінде гуманистік және тәрбиелік мән жатыр: мақсат — жастың жаңа еңбек жағдайына табиғи түрде бейімделуіне көмектесу.
Кәсіптік бейімделу (профадаптация)
Кәсіптік бейімделу жұмыс орнында, практикалық еңбек әрекеті барысында жүзеге асады. Бұл — жас маманның жаңа ортаға және кәсіби талаптарға икемделуі. Мұнда алғашқы әсер, еңбек мақсатын саналы түсіну, кәсіби қызығушылықтың қанағаттануы маңызды орын алады.
Бейімделудің тиімділігі тек еңбек нәтижелерімен ғана өлшенбейді. Ол өндіріс ұжымында еңбекке жаңадан араласқан жастармен жүргізілетін жүйелі жұмыстың сапасына да байланысты.
Дереккөз: [6, 96 б]
«Үш күш одағы»: мектеп, отбасы, жұртшылық
А. С. Макаренко тәрбиедегі кейбір күрделі мәселелерді «педагогикалық теорема» деп атаған. Солардың қатарындағы маңызды ұстаным — «үш күш одағы»: мектеп, отбасы және жұртшылықтың бірлескен ықпалы.
Мектептің үйлестіруші рөлі
Мектеп — оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыратын және үйлестіретін негізгі орталық. Бұл бағыттағы жұмысты мұғалімдер, сынып жетекшілері, еңбек пәні оқытушылары, сыныптан тыс және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар, яғни бүкіл педагогикалық ұжым атқарады.
Сынып жетекшісі
Кәсіптік бағдар беру жұмысын үйлестіріп, оқушыларды таңдаған мамандықты саналы қабылдауға даярлайды. Жоспарда кәсіптік ақпаратты ұйымдастыру, ақыл-кеңес беруге көмектесу, бітірушілерді жұмысқа орналастыру секілді бағыттарды белгілейді.
Еңбек пәнінің оқытушысы
Еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдардың негізгі тұлғаларының бірі. Еңбек сабақтарында алған білімді практикада қолдануға үйретіп, мамандық таңдауға бағыт береді.
Сыныптан тыс жұмыс ұйымдастырушысы
Кәсіптік бағдар беру кабинетінде анықтамалық және кеңес материалдарын жинақтайды; мұғалімдерге әдістемелік кеңес ұйымдастырады; кәсіпорын өкілдерімен кездесулер өткізеді; жалпы жұмысты жоспарлап, қорытындылайды.
Дереккөз: [7, 152 б]
Мектеп директоры
Кәсіптік бағдар беру жұмысына басшылық жасап, оның орындалуын бақылап, жүйелі жүзеге асуына жағдай жасайды.
Кітапхананың мүмкіндігі
Кітапхана меңгерушісі еңбек тәрбиесі, политехникалық білім беру және мамандық таңдау мәселелеріне қатысты еңбектерді, еңбек туралы заңдарды, жастарды жұмысқа орналастыру жөніндегі әдебиеттерді, жоғары және арнайы орта оқу орындарына, кәсіптік-техникалық мектептерге түсуге арналған анықтамалықтарды алдын ала іріктеп қоюы тиіс. Бұл материалдар бітірушілер үшін маңызды дереккөз болады.
Кітапхана жұмысының негізгі бағыттары
-
Мұғалімдер мен сынып жетекшілеріне көмек: кәсіптік бағдарға қатысты әдебиеттер картотекасын жасау, жаңа әдебиеттерге шолу өткізу.
-
Мамандық туралы кітаптар мен мақалалардың тақырыптық көрмесін ұйымдастыру, библиографиялық тізімдер дайындап ілу.
-
Оқушыларға арналған оқырмандар конференцияларын, пікірталастарды және тақырыптық кештерді ұйымдастыру.
Кітапхана жұмысын осы бағытта жүйелеу кәсіптік бағдар беру ісін айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ата-ананың рөлі
Әрбір ата-ана кәсіптік бағдар беруді баланы өз мамандығымен таныстырудан бастағаны дұрыс. Олар балаларын өздері жұмыс істейтін кәсіпорындағы еңбектің мазмұнымен, негізгі механизмдерімен, өндірістің принциптерімен және технологиялық процестерімен таныстыра алады.
Мұндай тәрбиелік ықпал балада еңбекке қызығушылықты арттырады. Кәсіби ынтаны дамыту үшін ата-аналар балаларымен әртүрлі мамандықтар туралы тұрақты әңгіме жүргізіп, таңдаудың мәнін түсіндіруі қажет.