Оны жан - жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер
Наурыздың алғашқы күндеріндегі «әз» туралы халық түсінігі
Халық ұғымы мен сенімі бойынша, Наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер мен көкті жарып өтетін ерекше бір гуіл (дыбыс) болады. Оны жан-жануарлардың ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді, ал қой арқылы оны қойшы ғана аңғарады дейді білетіндер.
Сол күндері табиғаттың барлық болмысына — жаратылысқа, тіршілікке, өсімдік пен адам бойына — ерекше сезім, қуат, қасиет дариды деп түсінген. Яғни бұл мезет жаңару мен серпілістің айрықша уақыты саналған.
Осы сенімге сай, дәл осы күндері тырнақ не шаш алуға болмайды деген ырым болған: «әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетеді де, адам ауруға шалдығады» деп қауіптенген.
Халық түсінігінде жер-көк те, жан-жануар да «әз» өткеннен кейін ғана қуат алады. Осыдан қанатты қағида: «Әз болмай, мәз болмайды» деген ой түйінделген.