Көкшелер жағы

Ақтайлақ би — Абайдың атасы Өскенбаймен және атақты Жанақ ақынмен замандас тұлға. Ел ішінде билікке көңілі толмағандар Ақтайлаққа келіп жүгініп, дауын шешіп, көңілі орнығып қайтады екен.


Сергиопольдегі съезд және әділ билік

Ертеде Өскенбайдың тұсында Тобықты руының бір тармағы — Көкше жігіттері барымта кезінде Керейдің бір адамын өлтірген екен. Керейден Биболат би дау қуып барса, не құн, не сөз бермей қайтарып жіберіпті. Содан Биболат Өскенбайға жүгінеді.

Өскенбай: «Мына керейдің құнын неге бермейсіңдер?» дегенде, Көкше жағы: «Біз кісі өлтірген жоқпыз» деп тайқып шығады. Сонда Өскенбай: жазда Сергиопольде (қазіргі Аякөз) съезде бас қосып, мәселені сонда шешетінін айтып, екі жақтың билерін атауды тапсырады.

Көкше жағы билікке Бопыны атайды, ал Биболат Ақтайлақты ұстайды. Келесі жазда дүйім жұрт Сергиопольде бас қосады. Ақтайлақ Бопының пара алғанын естіп жүреді.

Ақтайлақтың Бопыға берген ескертуі

Съезде «билікті кім айтады?» дегенде, Ақтайлақ Бопыға алдымен сөйлеуді ұсынады. Бопы істі Көкшенің ыңғайына бұрып, «төрт кісі күмән ұстасын» деп құнды созбаққа салмақ болады. Бұған разы болмаған Биболат: «Мен Бопыға салған жоқпын, Ақтайлақ не бұйырса, соған ризамын» дейді.

Сауын саусаң бие сау, Салқын түспей су алмас. Күшті жисаң, түйе жи, Қырқадан қиялай көшсең мұңаймас. Қатын алсаң дегдарды ал, Артында жылай қалса кім алмас. Жез қарғылы құба арлан, Жетпей түлкі шала алмас. Желбіршектен оқ тисе, Балық өрге жүзе алмас. Біреудің жеткіншегі жығылса, Жер таянбай ол тұра алмас. Жетесізден би қойсаң, Парадан көзін бір алмас. Жылқы жайлау сұрасаң — Бетеге, шалғын даладан. Қой жайлауын сұрасаң — Көкірелі, жантақ, сорадан. Малды жисаң қойды жи, Қолың кетпес шарадан. Итті жисаң сырттан жи, Қой бермейді қорадан. Ақсүйек Бопы төре едің, Бүйірің шықпас парадан. Ағарған сақал қараймас. Атан жығар қырдан жел соқпас, Ойда боран борамас. Жақсылар орға жығылса, Жаманның еш нәрсесі құрымас. Құрымағаны құрысын, Сол шіріктер не болғанын біле алмас. Параға сатып ер құнын, Бопы, сенің сірә да артың оңалмас. Бұлаңдап жүрген жігіттің Бір көкейін жоқ кесер. Сабазды құнсыз жіберсең, Кісі өлтірген тек кетер. Атам қазақ онысы, Бетегейлі белде ме? Өлке бойын жайлаған, Көшпелі қалың ел дей ме? Керей құнсыз кеткенмен, Басқадан кісі өлмей ме? Күмән кессең сен, Бопы, Мен жүз түйе құн кестім, Ердің құнын бермей ме?

Ақтайлақ соңында нақты төрелік айтады: «Ердің құны — екі елу», яғни жүз түйе. Елу түйе қазірден бастап Керейдің алдына салынсын дейді. Қалған елу түйенің он-онынан бөліп, Өскенбайға, Бопыға, осы отырған билерге, Көкшеге және Найманға енші етіп бітім шартын жасайды. Ақтайлақ бидің осы аталы сөзі кейінгілерге нұсқа болып қалыпты.


Жанақ ақынмен жүздесу: Сабырбайдың алғашқы сынағы

Бір күні Ақтайлақ би ауыл сыртындағы төбенің басында отырғанда, көз ұшынан келе жатқан адамның Жанақ ақын екенін танып қояды. Үй сыртында тай үйіріп жүрген балалардың ішінен кенже баласы Сабырбайды шақырып алып: «Анау келе жатқан атақты Жанақ ақынға ұқсайды. Құрметпен қарсы ал да, бір ауыз өлең айт — Жанақ бір абдырап қалсын» дейді.

Жанақ ақын шұбар ат мініп келеді, қобызын бір атқа жеке байлапты. Сәлемдесіп бола бергенде Сабырбай:

Сабырбайдың сөз қағыстыруы

Бақсы екен деп ойлап ек, басын тартқан, Ақын Жәкем сен ғой, өлең айтқан. Бәрекелді көшіңнің сәндісіне, Қараша інген секілді байталға артқан.

Жанақ сасқалақтап, қобызын шешіп алайын деп тұра бергенде, Ақтайлақ би: «Жәке, үйге барған соң балалар әкеледі. Әзірше мына таяқты ұстай тұр» деп өз таяғын ұсынады. Таяқты ала сала Жанақ:

Төмен жақтан келемін жоғары өрлеп, Үш жүздің баласында ақын — мен деп. Атан да алдым біреуден, жамбы да алдым, Мына неме кездесті-ау көлденеңдеп.

Ақтайлақ: «Бұл — біздің жаңа талап Сабырбай деген баламыз» дейді. Сабырбай Жанақтың атын кермеге байлап, қобызын шешіп әкеліп, қолына ұстатады. Жанақ болса жас талапқа ықылас білдіріп:

Айналайын балапан, жас талабым, Айтысуға мен сенен жасқанамын. Сөз тапқанға қолқа жоқ дегендейін, Өрге өрлеп, ілгері бас, қарағым.

Ақтайлақ баласына: «Жәкеңмен айтысу саған оңайға түспейді» деп, тез үйге барып мал сойғызуды, оңаша үй тіккізуді тапсырады. «Жанақты шақыртып келтіре алмас едім, бүгін дәм айдап өзі келді, әрі саған ақ ниетімен бата берді» дейді.


Тоқсан бес: қарияның соңғы толғауы

Ақтайлақ би тоқсан беске келгенде, таңертең бір ауыз өлең айтса, сол өлеңді күні бойы қайта-қайта айтып жатады екен. Балалары бұған жымыңдап күле беріпті. Сонда қария:

Жалаң аяқ, жалаң бас, Жарға ойнадың сен он бес. Қызыл шекпен желбегей, Қыздар сүйген жиырма бес. Жалаулы найза секілді, Жалаңдаған отыз бес. Қынсыз пышақ секілді, Қылшылдаған қырық бес. Ақыл тоқтап, ми толған, Сені қайттім елу бес. Аш бөрідей арсылдап, Алдыңды орар алпыс бес. Өрге шықса тізем деп, Сені қайттім жетпіс бес. Балаң мазақ қылады, Қатының сөзбен ұрады, Сені қайттім сексен бес. Кеше тірі Ақтайлақ, Бүгін өлі бір тайлақ. Тірі деп ешкім ескермес, Қараша тауға қар жауар, Қос бұлақтан су ағар, Ұрдың мені тоқсан бес.

Осы сөзден кейін Ақтайлақ би төсегіне құлай кеткен екен.


Ақын қызға жолығу: сөзден ұтылу

Ақтайлақ би тоқсан жасында қасына таз ақынды ертіп, Тобықты ішінен бір ақын қызды іздеп шығады. Үйге тосын кісілер келе жатыр деген соң, ақын қыз шымылдық түсіріп алады.

Ақтайлақ серігімен кіргеннен кейін, шымылдыққа таяп келген таз ақын:

Қағытпа мен жауап

Таз ақын

Құдаша, берірек кел көріселік, Шашыңды екі бұрым өріселік. Кесілген көмекейің ақын дейді, Бір-бірлеп аты-жөнін теріселік.

Ақын қыз

Тұрмысың жаңа келіп көріскендей, Бар еді қанша шашың өріскендей. Ала құйын, құр кеуде, қыршаңқы таз, Шұбар төс атың бар ма теріскендей.

Таз ақынның тілі байланып қалады. Намыстанған Ақтайлақ би оны қуып шығады. Сонда қыз енді Ақтайлақтың өзіне сөз тастайды:

Сенбісің Ақтайлақ би ақ найзалы, Көрмеді ақылыңнан жұрт пайданы. Сексен мен дәл тоқсанның арасында, Талқаяқ өсек мінген сарт айдады.

Ақтайлақ жауап қайтарады:

Сарт айдаса — обалым Тобықтыға, Тобықты жылқы алғанын қойып тұр ма. Сексен мен сол тоқсанның арасында, Жүкті болған қу қызға жолықтым ба?

Сөйтсе, қыз жүкті болған соң шымылдық ішіне кірген екен. Осы жерде Ақтайлақ сөзден ұтылып, ат-тон айыбын тартыпты.


«Үш қызыл» туралы өсиет

Қартайған шағында Ақтайлақ би балаларын шақырып алып, ақыл-кеңес айтады: «Шырақтарым, үш қызылдан сақтаныңдар» дейді.

Үлкен ұлы Дәулетбай (болыс болған) бұл сөздің мәнін бірден ұқпай: «Әке, сөзіңізді түсіне алмадық» дегенде, Сабырбай ақын: «Мен түсіндім» дейді. Ақтайлақ: «Ендеше рұқсат, шырақтарым. Барлығыңа Сабырбай сабырлық туғызады» деп, сөз тізгінін соған береді.

Сабырбайдың түсіндіруі

Ертеңіне Дәулетбай туыстарын жинап, Сабырбайдан кешегі сөздің мәнін ашып беруді өтінеді. Сонда Сабырбай:

Бас қосып жақыныңмен аңға барма, Қызартар қызыл түлкі — дауға қалма. Ақымақ кісі қызғанар олжа алдында, Бір жекжат тек көретін алар сауға. Қызартар жақыныңмен қызыл желке, Жастықта ата мұра — ойнап-күлмек. Қылышты қынында көр деген бар ғой, Қызығып үш қызылға неге керек. Жат қылар жақыныңмен қызыл қырман, Әркімдер кәсіп етіп егін салған. Жүйрік ат, түзу мылтық, қыран бүркіт — Үшеуі шартарапқа олжа салған.

Ақтайлақ би мұны тыңдап: «Сабырбайым, “үш қызылдың” мағынасын дұрыс шештің. Өркенің өссін, өзегің талмасын» деп бата берген екен.