Жаңа туған сәбиге ат қою - ерекше салтанатты ғұрыптардың бірі
Жаңа туған сәбиге ат қою
Жаңа туған сәбиге ат қою — қазақ дәстүріндегі ең салтанатты әрі мәні терең ғұрыптардың бірі. Қазақ халқы есім таңдауға айрықша мән берген: алдымен мағыналы, көркем аттарды және елге танымал, қадірлі адамдардың есімдерін қоюды жөн санаған.
Беделді адамға ат қойғызу және бата алу
Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да маңызды көрген. Мәселен, Қаныш дүниеге келгенде атасы Сәтбай Сегіз серіні арнайы шақырып, немересінің атын қойғызады. Сол кезде Сегіз сері Иманжан деп ат қойып: «Бұл баланы еркелетсеңдер, Имантай деп атарсыңдар» — дейді де, мынадай бата береді:
Әнет бидей еліңнің ағасы бол,
Халқыңның Қазыбектей данасы бол.
Жер, суды жау қалмақтан қорғап қалған
Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол.
Сол сияқты Кенесары ханның есімін Арғынның атақты биі Шоқай қойған деген дерек бар.
Есім таңдау: ырым, уақыт, жағдай
Халық баласына жақсы ат қоюға тырысқан. Ырым етіп бұрынғы батырлардың, ақындардың, шешендердің есімдерін де қояды. Дегенмен өте қасиетті әулие-әнбиелердің және аса ұлы тұлғалардың есімдерін қоюға тыйым салатын ұстаным да болған.
Туған уақытына байланысты
- Шөп шауып жатқан кезде туса — Шөптібай.
- Наурыз айында туса — Наурызбай.
- Айт күні туса — Айтбай.
Тілек пен ырымға байланысты
- Қыз бала жиі туа берсе — Ұлбосын, Ұлтуған, Ұлмекен.
- Көз тимесін деген ниетпен — Бишай, Көтерші, Қосқұлақ, Итемген, Күшік.
Бүгінгі күндегі жалғастық
Қазір Бауыржан, Абай, Олжас, Сәкен, Абылай, Фәриза сияқты есімдер жиі кездеседі. Бұл да — «сол кісілердей болсын» деген ізгі ниеттен туған.
Ат қою — жеңіл-желпі іс емес. Сондықтан балаға лайықты, мағыналы әрі әдемі есім таңдау маңызды.
Дәстүрдегі тағы бір қыры: ат тергеу
Қазақ дәстүрінде ат қоюға қатысты тағы бір түр бар. Ол — ат тергеу.