Атаңның иықтысы бол, Анаңның сүйіктісі бол

Жас ұрпақ ғұмырлы болсын,
Ата-анаға мейірді болсын.
Қуанышты, көңілді болсын,
Еңбегі өнімді болсын.
Ақылды, сезімді болсын,
Халқына сенімді болсын.
Абыройлы, беделді болсын,
Алуан түрлі енерлі болсын.
Табысы таудай, келелі болсын!
Аманкелдідей батыр болсын,
Абайдай ақылды болсын.
Сөзі өткір, жүйелі болсын,
Халқының жанкұйері болсын.
Елінің қамқор тірегі болсын,
Не тілесе тілегі болсын!
......................................
Ата сөзі дарып мол,
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол.
Асыл туған Манастай,
Атың шықсын алашқа-ай!
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай КҮЙЛІ бол.
Қамын ойлап халқыңның,
Сұлтанмахмұттай сыйлы бол!
Шежедейін жыршы бол,
Біржан салдай әнші бол.
Қажымұқандай елдің ері бол,
Ақандайын сері бол.
Міржақыптай сырбаз бол,
Мағжандайын маңғаз бол.
Сәкен сынды сұңқар бол,
Тұрар тектес тұлпар бол.
Жамбылдайын ДҮЛДҮЛ бол,
Кұләштайын бұлбұл бол.
Мұхтарға ұқсап терең бол,
Қанышқа ұқсап кемел бол.
Бауыржандай батыр бол,
Рақымжандай батыл бол.
Марғұландай шежіре,
Қасымдайын ақын бол.
Бағың жанып, әрдайым
Жақсыларға жақын бол!
..................................................
Бақытты балғын балалар,
Тілектес барлық ағалар.
Жақсы болсаң, балалар,
Қуанышта ата-аналар.
Көп тілегі - кел деген,
Бұрынғы өткен даналар.
Әдепті бол - әділ бол,
Сан тілекті ақтарып,
Жиылған жұрт қойдық қол
. Абылайдай айбатты болыңдар,
Ағыбайдай қайратты болыңдар.
Отанның адал ұрпағы бол,
Еңбек жасап толыңдар.
.............................................

Абайдың басын берсін,
Жамбылдың жасын берсін.
Әміренің әнін берсін,
Сәкеннің сәнін берсін.
Құрманғазының КҮЙІН берсін,
Шараның биін берсін.
Қажымұқанның қайратын берсін,
Исатайдың айбатын берсін.
Абылайдың атағын берсін,
Бауыржанның шатағын берсін!
Талғаттың талабын берсін,
Мұхтардың қаламын берсін.
................................................

Кідірмейтін шешен бол,
Жібермейді есеңді ол.
Қиыннан қисын табатын,
Ел бастайтын көсем бол.
Айналайын, дарын бол,
Сенбейтұғын жалын бол.
Қатардан асқан ақын бол,
Не болмаса ғалым бол,
Халқың үшін қызмет қыл,
Тамам жұртқа мәлім бол!
...............................................
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан тіреу орнасын,
Сол жағыңа қарасаң,
КүмІстен терек орнасын.
Адам таппас сөзді бол,
Ор қояндай көзді бол.
......................................

Ана үйдегі жеңешең,
Мына үйдегі жеңешең,
Сүйінші деп жүгірсін,
Жүгірсін де жығылсын...
Дүниедегі бар байлық пен береке,
Осы шаңыраққа кеп жиылсын.
............................................

Жағың түспей жамандық көрме, балам,
Қисық төре кісіге берме, балам.
Екі дүние қызығын бірдей берсін,
Қолыңды адалдыққа серме, балам.
Бағың жоғары өрлесін, балам,
Дұшпаның шеніңе келмесін, балам.
Абыройың таймасын, балам,
Басыңа дәулет құс орнасын, балам!
...................................................


Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Көп елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
........................................

Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала!
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатап бол,
Досыңа адал бол.
Талмайтын талап берсін,
Самғайтын қанат берсін.
Баянды бақыт берсін,
Ұзақ ғұмыр, тұрлаулы уақыт берсін!
..........................................................
Қалаулы бол халқыңа,
Елеулі бол еліңе.
Бел балаң да бел буып,
Тарта тусын тегіне.
Келемеж ғып ісінген,
Келмесін жау шеніңе.
Өрт келмесін қаулаған,
Ата мекен жеріңе.
Мал мен мүлкін жиналсын,
Маңдай ақы теріңе.
Ұл-қызыңды бұла өсір,
Тегін беріп теңіне.
Қастық қылма пендеге,
Демесін: қап, сені ме...
Парызым деп қарайлас,
Ғаріп-қасер кеміңе.
Ғұмыр болса, жігіттер,
Соның бәрі болмағанда немене?!
..................................................
Өмірлерің бақытты, әнді болсын,
Өңірлерің әсем-сұлу, сәнді болсын!
Жастық шақ пен шын достық жалын атып,
Ақ махаббат баянды, мәнді болсын!
.....................................................
Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол.
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынға қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.
...................................
Қуаныштың тұрағы бол,
Ұлан істің бұлағы бол.
Мерекенің құрағы бол,
Мейірімнің шырағы бол.
Сабырлықтың сыңары бол,
Пәк үлгінің шынары бол.
Туырлықтың тұмары бол,
Тұлғалы ұлттың құмары бол.
.....................................................
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтар ақын болсын.
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор, тірегі болсын.
Абыройы өрлесін,
Еш жамандық көрмесін!
..........................................
Бес қаруың сайлы болсын,
Жортқан жолың жайлы болсын.
Күнің шығып жарқырап,
Түнің тыныш, айлы болсын,
Ішкенің зәмзәм суы боп,
Ұртың толы майлы болсын.
Бір Алла өзі жебесін,
Әруақтар демесін.
Ғайып Ерен - қырық Шілтен,
Тигізсін дәйім себесін
Нұх Пайғамбар алдыңан,
Теңізде тоссын кемесін.
Алты күнде алты айлық,
Арымай-талмай жол алғын.
Аман-есен оралғын,
Қазіргідей қол алғын.
.........................................
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін.
Қырда жүрген Қыдырды,
Үйлеріңе ап келсін.
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын.
Шүпірлеген үйіңде,
Балаларың көп болсын.
.........................................
Атаңның иықтысы бол,
Анаңның сүйіктісі бол.
Құсың сұңқар болсын,
Атың тұлпар болсын!
Жүзің нұрлы болсың,
Жүрегің сырлы болсын,
Тілің жырлы болсын!
............................
Айдарынан күн сүйіп,
Күнге күйсін маңдайы.
Жотасына май сіңіп,
Құрғамасын таңдайы.
Ері болсын еліңнің,
Ар-намысын сақтайтын.
Гүлі болсын жерінің,
Шаң-тозаңға батпайтын.
Алды болсын теңінің,
Именбестен аттайтын.
................................
Атың-атың ату бол,
Туыстармен тату бол.
Айдағысыз малды бол,
Ағайынның алды бол. .
Бағаналы таудай бол,
Жеміс берер баудай бол.
Жақсылыққа семіз бол,
Шағалалы теңіз бол,
Дұшпан қуса жетпесін,
Қаз үстіңнен өтпесін.
................................
Шаңырақтарың биік болсын,
Босағаларың берік, көрегелерің кең болсын.
Ақ жүзіне келіннің ақ кимешек көрік болсын,
Құдай қаласа, көп ұзамай жерік болсын,
Торсық шекелі ұл тауып, екі жасқа серік болсын.
.....................................
Жас келіннің қонған жері,
Құтты қоныс, тұғыр болсын.
Біреуі шал, бірі кемпір –
Қоса ағарған ғұмыр болсын!
Балапанмен, балақанмен,
Бесік іші жыбыр болсын.
Құлын-тайдың асырымен,
Оттың басы дүбір болсын.
Кәрі күтіп, бала бағып,
Мол қызықтан ығыр болсын.
Кәрілерге мейірімді,
Келіндерде әдеп болсын.
Ата күту, ана бағу,
Ата жолы әдет болсын!
...............................
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын.
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын.
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
... Бауы берік болсын,
Ата-анасына серік болсын!
Азамат болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін!
Ер-жігіт болсын көрікті,
Қолқанаты көп болып,
Ерте берсін серікті!
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты,
Өнері болсын жан-жақты.
Айтқандарым оң келіп,
Алла берсін зор бақты
..................................
Ескен желдей жүйрік бол,
Қарағайдай сүйрік бол.
Өз ісіңе берік бол,
Ата-анаға серік бол.
Үкідей үлпілдегін,
Жорғадай бүлкілдегін.
Шаршамай шарықтағын,
Ешқашан да тарықпағын.
Жолың ашық болсын,
Алдың нәсіп болсын.
Кедергінің кесірі тимесін,
Адымың алға ғана сүйресін.
......................................
Бұрама темір сом алтын,
Отқа салса жанбасын,
Суға салса батпасын.
Тәңір берген несібең,
Тепкілесе кетпесін!
Айтса — қарғыс, тисе - көз,
Дарымасын, өтпесін.
Балаларыңның мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Көңілдерің жай болсын!
...... Жаз жайлауын жаусыз етсін.
Қыс қыстауын қарсыз өтсін;
Дүниеде мұңсыз етсін;
Толғатқанын ұл етсін,
Тамырларын май етсін!
Бәледен сақтасын, жаладан сақтасын!
Қауіптен сақтасын, қатерден сақтасын!
Түн қатып тұсыңа шықаннан сақтасын;
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтасын!
Дос болып, қас болғаннан сақтасын!
Әзір етті кәдір етсін,
Шыққан тауын биік етсін;
Кімді жарылқаса, соның қасында етсін!
...............................................................
Үкілі ат астыңнан,
Өмір-бақи кетпесін!
Елдің ерен ұлы бол,
Атақ-даңқың өшпесін!
Өз кұрбыңның алды бол,
Қора толы малды бол!
Жауыңа дес бермейтін,
Арыстандай жалды бол!
Өсе берсін өркенің,
Шарлай бергін жер шегін.
Жаспен бірге бақ берсін,
Тәңір иіп нақ берсін!
Қайырыңды ел көріп,
Жомарт деген ат берсін!
...................................
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өнгенше,
Таршылық көрмеңдер!
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар!
Толған айдай
Өрісті болыңдар!
...................................
Шадияр болсын достасың
Мұхаммед болсын қостасың,
Қыдыр болсын жолдасың,
Лұқпан болсын құрдасың!
Сүрініп кеткен жеріңде
Жеті әулие, жеті пір
Кереметімен қолдасын!
Төбеңізді торласын!
Көңілге алған талапты,
Бір жасаған Құдайым
Құдіретіменен оңдасын!
Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын
Өнерге-білімге зейінді болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
...........................................
Қатарларыңнан озыңдар,
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен,
Берекешіл болыңдар!
Көпке бірдей
Білшіл болыңдар!
Көкорайдай желкілдеп,
Желпілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп,
Селкілдеп тұрыңдар!
................................
Жайылып шыққан малыңның,
Көз жетпесін шетіне;
Жаман киім тимесін,
Бұл дүниеде етіңе;
Досың менен дұшпаның
Қарамасың бетіңе!
..................................
Абайдың басын берсін,
Жамбылдың жасын берсін.
Әміренің әнін берсін,
Сәкеннің сәнін берсін.
Құрманғазының күйін берсін,
Шараның биін берсін.
Қажымұқанның қайратын берсін,
Исатайдың айбатын берсін.
Абылайдың жүрегін берсін,
Бауыржанның білегін берсін.
Жүзің нұрлы болсын,
Жүрегің сырлы болсын.
Тілің жырлы болсын,
Жігіттің сырттаны атанып,
Өнерің сегіз қырлы болсын.

.........................................


Нұрға бөлеп жүректі,
Көтерейік білекті.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті.
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркенді болсын,
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын,
Даналардың дәстүрін
Жаңаласын, жалғасын,
Шұғылалы шуақ күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын,
Қырандай биік самғасын,
Ары адал, жаны жаз,
Құрбысынан қалмасын!
Абай, Шоқан, Міржақып,
Ахмет, Мағжан, Мұхаңдай
Тасқа басқан таңбасын!
...................................
Айналайын балашым,
Аман болсын анашың.
Аман болсын әкең де,
Ағатайың, тәтең де,
Өзің тәтті балдай бол,
Тамыры терең талдай бол.
Биік заңғар таудай бол,
Жемісі мол баудай бол.
Өмір жолын таңдай біл,
Туралықты қолдай біл.
Оқуда зерек бол,
Ұйқыда сергек бол.
Істе шебер бол,
Тұйықта көсем бол.
Ойда мәнді бол,
Тойда сәнді бол.
Үлкенге тең бол,
Кішіге кең бол,
Ел үшін жауыр бол,
Жақсыға бауыр бол.
Достарың сүйінсін,
Дұшпаның күйінсін.
Құлқынға елікпе,
Мақтанға желікпе.
............................
Балам, озық өрен бол,
Қыз көзіндей терең бол.
Ел сынаса, құлақ сал,
Ал мақтаса, керең бол!
Әділдікке жуық бол –
Әлжуаз боп туыпты ол.
Күн көзіндей жылы бол,
Көк сүңгідей суық бол!
Қаптап тұрса тыста қол,
Басқаруға ұста бол.
Қызыл тілге қысқа бол!
Жақсылыққа шеген бол,
Жамандыққа шемен бол.
Өз әкеңнен биік бол,
Өз ұлыңнан төмен бол!
Қаралы елдің таңы бол,
Жаралы елдің жаны бол.
Сөніп өлме, өлсеңде -
Өз отыңа жанып өл.
.............................
Жолбарыстың жүрегін берсін,
Жортқан елдің білегін берсін.
Байдың дәулетін берсін,
Қызығын әулетің көрсін!
Дуасы тисін бақсының,
Дауасы тисін жақсының.
Жаттың жаласынан сақтасын,
Жақынның табасынан сақтасын.
Қарауыз қатынның өсегінен сақтасын.
Кенеттен келген кеселіңнен сақтасын.
.......................................
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп бағала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
............................
Алла сені қолдасын!
Көпке басшы көсем бол,
Сөйлер сөзге шешен бол.
Қауіп пенен қатерден
Әрқашанда есен бол.
Ұлы сөзге ұста бол,
Қысыф сөзге қысқа бол.
Лұқпандай хакім бол -
Еңбек етіп еліңе,
Халқыңа сондай жақын бол.
Төле бидей әділ бол,
Әйтекедей топ жарған
Еліңе сондай мәлім бол.
Панасызға пана бол,
Баласызға бала бол.
Әділ шешіп әр істі
Ақылың асқан дана бол!
.......................................
Жас берсе, бірге бақ берсін,
Жарылқап тәуір нақ берсін.
Қайырыңды ел көріп.
Жомарт деген ат берсін.
Ата-баба аруағы қолдасын,
Қыдыр болсын жолдасың.
Қырық шілтен - Ғайып-ерен,
Қорғаштап сені қолдасын.
.................................
Ісіңді Алла оңдасын
Періште болсын жолдасың.
Батамыз біздің пәк болсын.
Жанұяңа бақ қонсын.
.....................................
Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Кәнеки, өзіңді сына да.
Секірсең құздардан сүрінбе,
Шыңдарға шыққанда бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайып,
От ұшқын ойнасын түгіңде.
Ұзақ боп Иншалла өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Жарқырап күн санап өсе бер,
Жарқылдап семсердей сенімің.
.................................................
Қарада Қазыбектей бақытты бол,
Ақсүйек Ахметтей тоқтылы бол!
Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,
Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.
Керейде Жәнібектей ақшалы бол,
Бұғының мүйізіндей шақшалы бол.
Нәсілің Құрайыштың ғибласындай,
Қожахмет Йасауидей киелі бол.
Шақшақта Қазыбектей аталы бол,
Ұлы жүз Сәуенедей баталы бол.
Абылайдан кем болмасын,
Жұмсаған Алатауға сансыз мың қол.
Тәуфікте төрт қыбылаң түгел болсын.
Әмин деп, қолыңды жай, айтарым сол.
..........................................................
Белбеуің белдеуіңде байлаулы болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.
Есігің ашық болсын: Қабағың жазық болсын.
Сонда ағайының кетпес қасыңнан.
Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер,
Сонда қаумалаған халық кетпес қасыңнан.
..............................................
Мектеп табалдырығын аттаған балаға бата

Айналайын аттасым
Талантың судай қаптасын,
Дініңе сенсең, Мұхамбет демесін.
Тіліңе сенсең, Жиренше шешен демесін.
Атағың Абайдай болсын,
Абыройың Абылайдай болсын,
Жүректі болсаң, Қабанбай жебесін,
Білекті болсаң, Бөгенбай жебесін.
Наурызбайдай батыр бол,
Бауыржандай батыл бол,
Әділдікте Наршаруан қол берсін,
Хакімдікте Лұқпан өзі дем берсін.
Жалғыз болсаң, Алланы есіңе ал,
Жарлы болсаң, пайғамбарды есіңе ал.
Қалың елің халқыңды ұмытпа,
Ата жолы –салтыңды ұмытпа.
Аспанда Ғайса,Жерде Мәди Қырда Қыдыр
Суда Сүлеймен қолдасын!
Еш жамандық болмасын.
Азамат бол, арлы бол,
Қастарыңның алды бол,
Біліміңмен әділ бол!
Дос-жараның сүйсінсін,
Дұшпаның іштей күйінсін,
Басыңа бақыт құйылсын!
Дуалы ауыздың батасына жолық!
Әумин!




Ұқсас жұмыстар

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Жәнібек батырдың балалық шағы туралы
Отбасы – көркем әдебиетте
Ер Жәнібек
Мектептегі берілетін тәрбие
Оқушы тұлғасының дамуы мен қалыптасуында тәрбиенің ролі
Алаш этноәлеуметтік атауының лексика-семантикалық сипаты
Қазақ хандығы кезіндегі педагогикалық ойлар
Бастауыш сыныптағы тәрбие жұмысын жоспарлау негiздерi
Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы ақпарат
БОЛАТҰЛЫ КЕРЕЙ ХАН
Тергеушінің тергеу бөлімінің бастығымен және анықтау органдарымен өзара әрекеттесуі
Ақшаның мәнi мен пайда болу тарихы
Жүк көтергіштігі 6-тонна жүктік автомобиль жасап, арнайы бөлімде ілініс муфтасының құрылысын жобалау
Мұнаймен ластанған топырақтан бөлініп алынған микроорганизмдердің микробтық құрамын зерттеу
Мемлекеттің пайда болуы туралы
Тауар саясаты фирманың маркетинг қызметінің негізгі құрамдас бөлігі
Дүниежүзілік мұхиттың бөліктері
Сигналдың гармоникалық құрамдас бөліктерін графикалық түрде анықталуын бағдарлама түрінде іске асыру
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің болашақта даму және жұмыс істеу программасы