Көңіл айтудың мәні - мұңды адамды жұбату, сергіту
Көңіл айту — жұбату мен қайраттандырудың жолы
«Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр» (Т. Әбдіков). Жақын адамы қайтыс болғанда, оның туған-туысы, танысы және ілік-жақыны қазалы үйге әдейі барып, бата жасап, көңіл айтады.
Көңіл айтудың мәні — қайғы жұтқан адамды жұбату, сергіту, еңсесін көтеру. «Әжеңнің артынан өлмек жоқ» деген секілді жұбату сөздерімен уайымға берілмеуге шақырып, жанашырлық ақыл-кеңес айтып, қайрат береді.
Есті сөздің қуаты
Кейде қайғыға қатты берілген адамды өткір тілді шешендер тоқтатып, бір жағынан мінеп, бір жағынан сынап, кей тұста қаталдау сөйлеп, ес жиғызған. Мұндай сөздің түпкі ниеті — намысын оятып, жігерін қайрау.
Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы қайтыс болып, ол басын көтере алмай қалған кезде Таз Шоқай би былай деген екен:
— Уа, Ерден! Басыңды көтер жерден!
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің керден.
Өзі беріп, өзі алды,
Нең бар еді Құдайға берген?!
Балаң түгілі әкең Сандыбай да өлген,
Оны Шоқай көрген.
Жақсының басына іс түссе — ойлай береді.
Көкті бу көтереді,
Жүкті нар көтереді,
Өлімді ер көтереді.
Көңіл айтпау — мін, әрі ұят
Жақын-жуық немесе таныс адам қайтыс болғанда, әдейі барып көңіл айтпау — үлкен мін әрі ұят саналады. Ондай жағдайда марқұмның жақындары ренжуі, тіпті өкпе білдіріп, ұялтуы да мүмкін.
Көргенділік өлшемі
Көңіл айта білу — көргенділік. Қайғыға ортақтасудың өзі ғана емес, сөздің салмағын бағалап, орын-уақытын тауып, жұбата білу де адамдық пен тәрбиенің белгісі.