Құйрық - бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе (мәтел)
Құйрық-бауыр: құдалықтың заңды белгісі
«Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» — құдалықтың мәнін айқындайтын көне мәтел. Бұл рәсім жай ғана дәстүр емес, қазақ салт-санасында орны бөлек, құдалықтың ресми түрде бекігенін білдіретін нышан.
Рәсімнің мәні
- Екі жақ келісіп, құда болған кезде арнайы «құйрық-бауыр» сыйы әкелінеді.
- Сыйды әкелген әйел «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек айтады.
- Осыдан кейін барлық құдалар ауыз тиеді — бұл құдалықтың заңды белгісі ретінде қабылданады.
Құдалыққа қатысты әдет-ғұрыптардың көпшілігі әзіл-қалжыңсыз, ойын-сауықсыз өтпейтіні белгілі. «Құйрық-бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар қатар жүреді — ол рәсімнің көркін ашып, екі жақтың ықыласын жақындастырады.
Құдағидың ән-өлеңі
Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әбілмәжінұлы құдалығында «құйрық-бауыр» ұсынылған сәтте Қанапия қызы Орынбасар құдағи салттың ажарын өлеңмен әрлей түскен.
Құда, құда дейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй.
Құйрық-бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің-ау, әй.Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда.
Құйрық-бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай.
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай.Үлкен құда, әнекей-ау,
Кіші құда, мінекей-ау.
Құйрық-бауыр асаттым,
Кәделерің кәнекей-ау!
Ұмытылуға айналған әуендер
Әр елде, әр ауылда осындай салт-дәстүрге тән өзіне ғана жарасқан әуендер мен ән-жырлар болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының талай үлгісі уақыт өте көмескіленіп, ұмытылуға айналды. Дегенмен ел ішінен әлі де оның бірнеше жақсы нұсқасын тауып, жинақтауға болады.