Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі - осы деңгене

Соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан дәстүрлердің бірі — «деңгене». Әдетте екі-үш жігіт бас қосып, ауқатты үйге келіп: «деңгене жеуге келдік» деп ниетін білдіреді.

Дәстүрдің шарты

Шарт бойынша үй иесі бір семіз қойды сояды да, оны әлгі екі-үш жігіттің алдына қояды. Олар қойдың етін сорпасымен қоса ішіп-жеп, тауысып кетуі керек.

  • Егер олар қойды толық жеп бітірсе, қойдың құны сұралмайды.
  • Ал етті тауыса алмаса, үй иесіне екі қой төлейді.

Кей өңірлерде бұл дәстүрді «сірне» деп те атайды.

Ел ішіндегі қызық дерек

Ел арасында бұрын бір қойды жалғыз өзі жеп кететін мешкейлер көп болғаны айтылады.

ХІХ ғасырдың соңында Арғын ішінде, Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей болыпты. Айтуға қарағанда, бір қой оның «жұмырына жүк болмайтын» көрінеді.

Оңтүстіктегі қолданылу ерекшелігі

Қазақстанның оңтүстігінде «деңгененің» қолданылуы сәл өзгеше. Бұл жақта 4–5 үй бірігіп, бір малды ортақтасып сояды.

Ол біткен соң тағы бір малды да ортақтасып сояды да, осы тәртіппен кезектесе береді.

Мұның бір себебі — қыста күн жылырақ болғандықтан, соғым етін ұзақ сақтаудың қиындығы болуы мүмкін.