Бақыт қонсын басыңа


Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Жауына долы болсын!
Жортқанда жолы болсын!
Ісінің оңы болсын!
Сапарың сәтті болсын,
Татқаның тәтті болсын.
Заманың шаттықта болсын,
Ұл-қызың бақытты болсын,
Өренің өрге өрлесін,
Озат болып ерлесін,
Биіктерге төрлесін.
Қауіп-қатер төнбесін,
Жаманшылық кермесін,
Бақ жұлдызы сенбесін!
Отырған жерің орда болсын,
Барған жерің базар болсын.
Жүзің жарқын болсын,
Тілің алтын болсын.
Жортқанда жолың болсын,
Мерейің үстем болсын!
От пен судан сақтасын,
Пәле-жаладан сақтасын,
Аман-есен бол,
Өсіп-еніп мұратыңа жет!
.......................................
Көп жаса, молда бол,
Өмірің ұзақ болсын!
Ұстағаның алтын болсын,
Тілді бол,
Жүзің жарқын болсын!
Таудай тақ бергенше,
Бармақтай бақ берсін!
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын!
Ассалам аузыңда болсын,
Әлейкүмасалам шылауыңда болсын.
Бақ-дәулет басыңда болсын,
Қос дәулет қолыңа қонсын!
................................................
Балаңның көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын,
Айдағаның қой болсын,
Шайнағаның май болсын.
Азын-аулақ дәулетің,
Күнде өзіңе той болсын.
Жұртта қалған жұрының,
Домалап келіп қой болсын.
Жұртта қалған тулағың,
Тулап келіп тай болсын.
Тәңірі берген несібең тепкілесе кетпесін,
Желінің о шеті мен бұ шетіне,
Оқ шырқатсаң жетпесін.
Сенен байлық өтпесің.
Кетпес дәулет берсін,
Кең пейіл берсін!
......................................
Жарылқа тәңірім, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет.
Тәңірден не тілесе, соны әмір ет!
Бұған назар,
Сәнкебайдың малы мен басын бер,
Ұрпағына хакім
Лұқпанның жасын бер!
..........................................
Әумин десең, міне, бата,
Төріңде жорғаласын Қыдыр ата.
Қайда жүрсең жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын!
Қайырлы ғып дәулет берсін,
Өмірлі ғып перзент берсін.
Ол көрген перзентіңе,
Лұқпан хакімнің жасын берсін.
Көре алмаушы пендең болса,
Қорғаушың Алла болсын.
Не тілеген тілегіңді қабыл алғасын,
Қабылдағанын нәсіп алмасын.
Қайда жүрсең аман-есен жолың болсын.
Жол үстінен баға жүр,
Әр пәледен қаға жүр!
...........................................
Абылайдай орда бол,
Ақ тілеулі жолда бол!
Қабанбай мен Бөгенбай
Бастап кеткен қолда бол!
Жәнібектей өрде бол,
Төле бидей төрде бол!
Қазыбек пен Әйтеке,
Айтып кеткен жерде бол!
Балам, балам, бақты бол,
Досқа жұмсақ, дұшпанға қатты бол.
Жиреншедей жезтаңдай,
Қаусырма жақты бол!
Өр бол көкжал Барақтай,
Жауды бетке қаратпай.
Ұланы бол үш жүздің –
Құйрық пенен қанаттай.
Айтып өткен нақылды,
Аплатондай ақылды,
Шыңғыс төре ұлындай,
Алашқа жай, атыңды.
Ұлық бол да, кішік бол,
Ынжық емес, пысық бол.
Дүние бір итжығыс,
Додасына түсіп көр!
Атан тартпас алып бол,
Адам таппас жарық бол,
Қағанағың қарқ бол,
Сағанағың сарқ бол,
Қызың - қияға, ұлың ұяға қонып,
Қызығына қарық бол!
.............................................
Үй іші, үрім-бұтақ аман болсын,
Дастархан жиылмайтын тағам болсын.
Табиғат таусылмайтын ризық беріп,
Бірі - малсақ, бір ұлың дана болсын.
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын,
Ел-жұртыңның жырт намысын!
................................................
Ісіңе ақылың серік болғандай,
Әділетсіздің айтқанын тәлік қылғандай,
Талабың бар бала екенсің!
Сөзің дұшпанға дозақ болсын,
Досыңа шырақ болсын.
Өмір жасың ұзақ болсын!
Жүзің жарқын, жолың ашық болсын.
Лебізіңе ел-жұртың ғашық болсын,
Әкеңнің кеткені келіп, кемтігі толсын!
...............................................
Балам, жауға бармас болар,
Барса жаудан қашпас болар.
Балам, жау қолына түспес болар,
Тұссе шынын айтпас болар.
Балам, жаудан өлмес болар,
Өлсе де адамшылық арын бермес болар
Балам, амандығыңды Аллаға,
Адамшылық арыңды өзіңе тапсырдым!
.............................................
Адалдық пейіл менен санаң болсын,
Ұл мен қыз алтау-жетеу балаң болсын.
Балаңның бәрі бірдей момын болмай,
Біреуі ел билейтін адам болсын.
Артыңда содырлы іні,
Алдыңда қадірлі ағаң болсын,
Соғымды қысты күні семіз сойып,
Сары қымыз сапырулы сабаң болсын.
Төрт бақыт, жеті байлық жолдас дейтін,
Осының барлығы да саған қонсын.
Қадірлі халық ішінде әділ болып,
Осы айтқаным осымен тәмам болсын.
...................................................
Ақ жүрек болып жолдасың,
Адалдық сені қолдасын.
Жақсылық ұшін тірессең,
Жаныңды арың қорғасын.
Арынды болсын шабысың,
Алымды болсын табысың.
Найзадай болсын намысың,
Ер жігітке бәрі сын.
Қиындық көрсең мұқалма,
Ауырлық көрсең жұқарма.
Қамқоршы бол кішіге,
Үлкеңді үлгі тұт алға!
.......................................
Әуелі Қудай оңдасын,
Әруақтар қолдасын.
Бақыт, дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Алшыдан сақаң жатпасын,
Шаужайдан ешкім қақпасын.
Етектен жұлқып тартпасын,
Азамат болсаң адал жүр,
Құдай сені сақтасын.
...........................................
Қартайып қалған шағында
Ағарып кеткен шашы да,
Ата-анаңды асыра,
Үлкеніңді сыйласаң,
Жас қосылар жасыңа,
Бас қосылар басыңа,
Ас қосылар асыңа.
Дұшпандарың дірілдеп,
Келе алмай тұрар қасыңа.
..................................
Атың, атың, ату бол,
Ағайынмен тату бол.
Жаз кигенің құлпы бол,
Қыс кигенің түлкі бол.
Бағаналы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол.
Болшыл, болшыл, болшыл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Адам таппас сөзді бол,
Ор қояндай көзді бол.
Бұрама темір, сом алтын –
Суға салса батпасын.
Тәңір берген несібең
Тепкілесе кетпесін.
Қастық қылған адамың
Мұратына жетпесін.
Айтса - қарғыс, тисе - көз,
Дарымасын, өтпесін!
Есігіңнің алды ой болсын,
Қораң толы қой болсын.
Қазаныңда қайнаған,
Кілкілдеген май болсын!
.......................................
Құдая, құлымын дегейсің,
Мұхаммед үмбетімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің.
Имам ағзамның қауымында қыл,
Шайтанның сәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта.
Намаздың қазасынан,
Қиямет жазасынан сақта.
Пайғамбардың туында қыл,
Аузы кәусардың суыңда қыл.
Иман байлығын бер,
Деннің саулығын бер.
...........................................
Әуелі тәңірім оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Ғайып ерен, қырық шілтен
Жолдасың боп қорғасын.
Малың менен басыңа
Еш жамандық болмасын,
Әруақ жебеп әрқашан,
Жолыңды Тәңірім оңдасын.
Баба түкгі Шашты Әзиз,
Болсыншы сенің жолдасың.
Бақыт берсін басыңа,
Береке берсін асыңа.
Келмесін дұшпан қасыңа.
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Адассаң жолға сала жұр,
Пәле-жаладан қаға жүр.
Қыздарың моншақты болсын,
Ұлдарың оншақты болсын.
Достарың беркелі болсын,
Жүрген жерің той-думан, мерекелі болсын!
Көш көлікті болсын,
Мал төлді болсын!
Айың оңыңнан тусын,
Жұлдызың солыңнан тусын!
Бағың жанып,
Жұлдызың жарқырай берсін!
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын!
Қысталаңда жол тап,
Қысылшаңда сөз тап.
..................................................
Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзінде түратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер,
Әрқашан да оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің.
Жұмсақ болып төсегің,
Жұғымды болсын ішкенің.
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайырылып сәлем беріп қайт.
Ырзыгың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Дақ түспей ар мен басыңа,
Бақ қосылсын бағыңа.
Сау-саламат өзіңмен,
Кездесейік тағы да.
...................................................
Талмайтын талап берсін,
Самғайтын қанат берсін.
Баянды бақыт берсін,
Ұзақ ғұмыр, тұрлаулы уақыт берсін.
............................................................
Оралуың тез болсын,
Қасқа жолдың бойында
Қыдыр бабам кез болсың.
Өзің жайлы жат елде,
Жылы-жылы сөз болсын.
........................................
Дозақтағы оттан саңтасын,
Қаңғыған оқтан сақтасын.
Адассақ жолға сала көрсін,
Сүрінсек қолдал ала көрсін,
Кездессе шайтан қаға көрсін.
Жақсылармен жанастырсын,
Жамандардан адастырсын.
.......................................................
Білімің қатарыңнан асып өтсін,
Бақытың абыроймен тасып өтсін.
Артыңнан өлмейтүғын ат қалдырьш,
Жалғанда жалпағынан басып өтсін.
................................................................
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамбеттің иманын берсін.
Жаныңа даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлидің ерлігін берсін.
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!.
Еліңе ырыс-құт орнасын,
Жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек-аяңның құрбаны болма,
Озбырлардың шұлгауы болма!
Алыс жолдарда,
Қалың орманда,
Тайғақ мұздарда,
Қилы құздарда
Көлденең келер қазадан,
Жазықсыз төнген жазадан,
Әулие-әмбиелер қорғасын,
Ата-баба, аруақтар қолдасын!
.....................................................
Ат сұрасаң - ат берем.
Батырлығың байқалса,
Сауыт берем ақберен.
Мұратыңа жете бер,
Күннен күнге өсе бер.
Ұзақ болып өмірің,
Өміріңнің түйінін,
Өз қолыңмен шеше бер.
...........................................
Оң болсын балам сапарың,
Молықсын дәмің, татарың.
Туған елің тапсырған,
Парызын өте Отанның.
Барып келіп жатыр ғой,
Өзіңдей жастар - қатарың.
Халықтың сүйген тірегі,
Сом темірдей білекті,
Арыстандай жүректі,
Анаңның сүтін ақтай біл.
Ақ батаны берейік,
Бере гөр деп тілекті!
.......................................
Өмірлі бол, қарағым,
Таудай болсын талабың!
Қар үстіне от жанар,
Қалаушы тапса қалауын.
Бақыт қонсын басыңа.
Аулақ болсын ажалың.
Беделі болып еліңе,
Өтімді болсын базарың.
Өрге жүзсін өнерің,
Сынбасын сагың, ажарың,
Өз құрбыңның алды бол,
Бақытты бол, малды бол.
Бақытыңа мастанып,
Бола көрме қанды қол.
................................................
Берсін тілекті.
Әуелі Құдай оңдасын:
Әмбі-әулие қолдасын.
Қыдыр менен Қырық шілтен,
Пірің болсын жолдасың.
Асада жұртқа барғанда,
Қадірлі болсын өз басың.
.........................................



Ұқсас жұмыстар

Ұлттық мәдениеттің дәстүрдегі көрінісі
Бата сөзінің зерттелуі
Жамбылдың тәрбие тағылымы (1846-1945)
Ұлыстың ұлы күні наурыз жайлы
Бата сөздерінің ғұрыпқа байланысты жіктелуі
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни
Тіл туралы
Жүсіп Хас Хажып Баласағұн
Жүсіп Баласағұнидің Құтты білік дастанындағы көнерген сөздердің мағынасын айқындау
Ж. Баласағұн Құдағу біліг шығармасына тақырыптық-идеялық, мазмұндық талдау. Насреддин Рабгузи Рабғузи қиссалары, Х. Дулати Тарих и Рашиди, Ш. Жәңгірұлы нәзира дәстүрі
Бақытжан Әбдірайымов
ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ
Елбасынан үлгі алам
Құтты болсын Жаңа Бақыт достарым
Қызды үйінен ұзатып салу ата - ана үшін өте үлкен бақыт
Кім болмасын бұл бес күндік өмірде бақытты болуды армандайды, сол жолға, сол қуанышқа, сол сәтке жетуге асығады
Баласы ата - анасын қалай бақытты етпек
Біз - бақытты, ғаламтор жүйесіне қол жеткізген білімге құштар жастармыз
Әрбір шаңыраққа қыдыр дарып бақ қонсын
Бақыт қой, оянғаның көзіңді ашып