Өзіміз кішкентай кезімізде оқып, оқығанды көңілімізге тоқып өстік

Қарағанды қаласы №10 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Төлеуова Айгүл Төлеуовна

25 сәуір — Дүниежүзілік оқу күні: кітапқа қайта оралу уақыты

25 сәуір — Дүниежүзілік оқу күні. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында, білім ордалары мен оқу ошақтарында кітап оқу іс-шаралары ұйымдастырылады. Арнайы атап өтудің басты себебі — жастардың кітап оқуға қызығушылығының төмендеуі.

Неге кітаптан алыстап барамыз?

Технология дамыған заманда оқушылар үшін кітапханаға барып кітап алғаннан гөрі ұялы телефон, компьютер, планшет сияқты электрондық құралдарды қолдану әлдеқайда жеңіл көрінеді. Соның салдарынан ұрпағымыз техникаға тәуелді болып бара жатқандай. Бұл — бүгін алдын алуды қажет ететін үлкен мәселе.

Ортақ мақсат — оқуға қайта қызықтыру

Осы үрдістің алдын алу үшін еліміздің кейбір өңірлерінде аталған іс-шараны қалай ұйымдастыру және қалай өткізу керектігі бойынша дәрістер өткізіліп, тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Әр мекеме іс-шараны өз мүмкіндігі мен ерекшелігіне сай өткізеді, алайда мақсат бәріне ортақ: жастарды кітап оқуға шақыру.

Оқу тек «жүгіртіп шығумен» шектелмеуі керек. Оқырман мәтіннен өзіне қажетті мәліметті түртіп алып, ой елегінен өткізуге дағдылануы маңызды. Әсіресе, оқылған әңгіменің тәрбиелік қырына назар аударылып, оқушыға қажет ізгі әрекеттер мен өнегелі ойлар мол шығармалар таңдалғаны жөн.

Балалық шақтағы оқу тәжірибесі — берік іргетас

Өзіміз кішкентай кезімізде оқығанымызды көңілімізге тоқып өстік: бастауышта суретке қарап оқудан бастап, өсе келе ертегі мен аңыз әңгімелерге, одан кейін жазушылардың таңдаулы шығармаларын оқып, талдауға дейін жеттік.

Түрлі көркем шығармалар мен аңыздарды тыңдап өскен бала негізгі кейіпкерге еліктейді: ақылды, батыл, шыншыл болуға талпынады. Ендеше, жастарды да дәл осылайша оқуға баулып, бағыт-бағдар беру қажет.

Әдеби талдау нені үйретеді?

Кез келген шығармада — ертегіде де, аңызда да, шағын әңгімеде де, үлкен романда да — ұнамды және ұнамсыз кейіпкерлер болады. Сол кейіпкерлердің іс-әрекетін талдай отырып, оқушы жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуге дағдыланады.

Тәрбиелік бағдар

Жақсы мен жаманның, дос пен қастың, ақ пен қараның айырмасын ажыратып үйренеді.

Ой мен тілдің дамуы

Қиялы кеңейеді, нақыл сөздерді есте сақтайды, тіл байлығы артып, ойын әдеби жеткізуге талпынады.

Оқушы көркем мәтін арқылы арман көгінде қалықтайды, өмірде қажет болатын ұстанымдарды бойына сіңіреді. Оқылған шығармалардағы нақыл сөздер мен ұлағатты ойлар уақыт өте келе тірекке айналады.

«Оқусыз білім жоқ…»

Дана халқымыз: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» — деп бекер айтпаған. Кітап бетін ашпаған, қолына алып оқымаған оқушының болашағы қалай болмақ?

Сондықтан «Оқы, оқы және оқы!» деген ұстанымды алға шығарып, дамыған заман жастарын кітап оқуға жұмыла шақыру қажет.

Бірігіп атқарылған іс нәтижелі болады

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе әрекет етсек, алға қойған мақсатымызға жетеміз. Оқушыларды кітап оқуға баулуға бағытталған іс-шаралар уақыт өте өз нәтижесін көрсетіп, білім сапасының артуына ықпал етеді.