Арғы ата. Түп ата

«Жеті атасын білмеген — жетесіз»

Бұл мақал — өмір тәжірибесі мол халқымыздың ұрпаққа қалдырған әлеуметтік тәртібі мен танымының айқын көрінісі. Қазақ қоғамында кейінгі буынға жеті атасын білуді міндеттеген, үйреткен, жаттатқан. Оның мәні бұрын да зор болған, қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Неліктен жеті атаны білу маңызды?

Біріншіден, қазақ дәстүрінде жеті атаға дейін адамдар жақын туыс саналады. Осы түсінік қоғам ішіндегі байланыстардың шегін айқындап, туыстық қатынасты нақтылаған.

Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұл — тек әдет-ғұрып емес, ұрпақ саулығы мен ел ішіндегі тәртіпті сақтауға бағытталған ұстаным.

Бұрын адамдар танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы да осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы үшін өз ата-тегін білу — тектілік белгісі ғана емес, ұлттық жөн-жосықты білудің бір тармағы болып саналған.

Жеті ата қалай таратылады?

Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары қарай таратылады. Мұны қазақ даналығы да бекітеді: «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер».

Адам, әдетте, өзінен кейінгі баласының, немересінің, әрі кетсе шөбересінің атын білуі мүмкін. Ал одан арғысын қамту үшін 100 жылдан аса өмір сүру керек емес пе? Ғасырдан асып өмір сүретін адам өте сирек. Сондықтан жеті атаны жоғарыға қарай тарату — тарихи жадыны сақтаудың ықшам да нақты жүйесі.