Естірту (дәстүр)

Естірту (дәстүр)

«Хабаршылар Ғалидың үйіне, Жаматтың үйіне кісі салып естіртті» (М. Дулатов).

Мағынасы

Ата-анасы, баласы немесе жақын адамы қайтыс болған жағдайда, бұл қаралы хабарды арнайы жеткізуді «естірту» дейді. Естіртуші адам хабарды сыпайы түрде, тұспалдап айтып, тоқтам сөз қосып, қайғы жұтқан жанды сабырға, беріктікке шақырады.

Әдеп пен тәртіп

  • Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды.
  • Естірту — тек қазаға байланысты жағдайда қолданылатын дәстүр.
  • Бұл міндет көпті көрген, жөн-жосық пен сөздің парқын білетін адамдарға тапсырылады.

Үлгілері

Халқымызда естіртудің психологиялық, философиялық әрі классикалық үлгілері мол. Мысалы, «Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту», «Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту» секілді кең тараған нұсқалар бар.

Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту (Келдібек Жандосұлы)

Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлмеген Қырымда жоқ,
Қатыны өлмеген халықта жоқ,
Ағасы өлмеген аймақта жоқ,
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ,
Шешесі өлмеген пенде жоқ.

Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті.
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген балаңыз
Бәріміз баратын жерге кетті...

Естірту сөзі осылайша тұспал мен тоқтамға сүйеніп, қаралы хабарды көтере алатындай қалыпта жеткізілген.

Қорытынды

Естірту — қайғыны хабарлаудың ғана емес, адам көңілін жұбатып, сабырға бастайтын сөз мәдениетінің көрінісі. Сондықтан оны ел ішіндегі тәжірибелі, жөн-жоралғыны білетін, сөзге ұста адамдар атқарған.