Тіпті әкесі
Қаз дауысты Қазыбек: ел жадындағы би, елші, мәмілегер
Қазақтың аса айтулы, айбынды, аруақты билерінің бірі — Қаз дауысты Қазыбек би. Оның ғұмыры негізінен қазақ-қалмақ шапқыншылықтары өршіп тұрған жаугершілік дәуірмен тұспа-тұс өтті. Қазыбек есімі ел аузындағы әңгімелерде де, тарихи деректерде де көбіне Абылай хан, Бұқар жырау секілді тұлғалармен қатар аталады. Халық оны «Қазып айтқан Қазыбек» деп қастерлеген.
Қазыбек бидің: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз; елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» — деп келетін отты, жай оғындай сөздерін жатқа білмейтін қазақ аз.
Қаз дауысты Қазыбек айтты делінетін аталы сөздер ел ішінде көп сақталған. Оның тіршілік ортасы, тұлғасы туралы мәнді әңгімелер халық жадында әлі де мол. Қазыбек би қазақ пен қалмақ арасындағы қақтығыстар кезінде екі елдің арасында бітімші болған батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде танылады.
Елшілік сапар және «Қаз дауысты» атануы
Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 14 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қоңтәжіге барып, батылдығымен де, шешендігімен де ерекше көзге түседі. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында бұл сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайтарып алады. Осыдан кейін ол «Қаз дауысты Қазыбек» деген құрметті атаққа ие болады.
Шоқан Уәлиханов жазбасындағы дерек
Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та атап өтеді. Ол XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар жайлы мақаласында Абылай ханның жауабын келтіреді:
«Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз?» деп Абылайдан сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады: тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып қалған Қаракесек Қазыбек және сондай-ақ тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі», — деп жауап беріпті. Біріншісі Қалданға өз алдына барып босатып алған, ал соңғысы өз ауылында жатып дұшпанын қорқытып алдырған.
Әулет шежіресі және қыз жоқтауы
Халық шежіресі бойынша, Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет атты бес ұлы, Маңқан есімді бір қызы болған. Қазыбек қайтыс болғанда, осы қызы жоқтау айтқан деседі.
Маңқанның жоқтауы (аңыз)
Өсиет қылдың қазаққа, Сарыарқа деп қонысың.
Қалмақ, сартпен жауласпа, Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің, Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды, Мынау көрші орысың.
Орыспенен жауласпа, Есіңде болсын бұл ісім.
Келдібек бидің таңдауы туралы әңгіме
Қаз дауысты Қазыбектің әкесі — Келдібек би. Аңызға сүйенсек, ол қыз таңдап, үйленбей біраз жүрсе керек. Бір күні жиында аяғы ақсақ, көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке-шешесі баласының айтқанына келіскенімен, аса қолдай қоймайды. Тіпті әкесі: «Таңдаған тазға жолығадының» кебі келді. Сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз?» — деп айтып та тастайды.
Келдібек бидің уәжі
Қаймағы піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып.
Сонда әкесі: «Жетер. Енді көңілім орнықты. Табашыға да жауап табылар», — дейді.
Келдібектің замандастары әзілдескенде осы оқиғаны алдына тартып қағытып жүріпті. Бірде солар Келдібектің үйінде отырып, сөз тастай бергенде, жас келіншек саспастан, сыпайы ғана жауап қайырады:
Көзім қыли — жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату жақсы-ақпын.
Татулықтың белгісіндей тамаша,
Төрт босағаны ұл таппақпын.
Айтқанындай, артынан Қаз дауысты Қазыбек дүниеге келген екен.
Төле бимен сөз қағыстыру: астарлы сауал, астарлы жауап
Аңызда Қазыбектің жас күнінде-ақ сөзге жүйріктігі байқалады. Бір күні бала Қазыбек әкесіне: «Әке, мен Төле биге барып сәлем берейін, өзін көріп, сөзін тыңдағым келеді», — деп қолқа салады. Әкесі: «Ойбай, балам-ау, ол үлкен кемеңгер кісі. Не деп барасың? Алдында сөз таба алмай күлкі боласың, барма», — дейді. Бірақ Қазыбек қоймай, рұқсат алып, жолдастарымен Төле бидің ауылына сәлем беруге барады.
Диалог (аңыз)
Төле би:
«Шырағым, кей бала әкесінен озып туады, кей бала әкесіне жетіп туады, кей бала кері кетіп туады дейді. Сен соның қайсысың?»
Қазыбек:
«Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша, әкеме жетіп тудым-ау деймін».
Төле би:
«Ә, шырағым, жарайсың!»
Қазыбек:
«Алысыңыз қандай?»
Төле би:
«Алысым жақын болды»
Қазыбек:
«Тәттіңіз қандай болды?»
Төле би:
«Тәттім шырын болды»
Қазыбек:
«Несиеңіз қандай?»
Төле би:
«Несием, шүкір, өніп жатыр»
Қазыбек ауылына оралған соң, әкесі оның қасына ерген серіктерінен: «Балам Төле бимен не деп сөйлесті?» — деп сұрайды. Серіктері: «Екеуі осылай деп сөйлесті, бірақ мәнісіне түсіне алмадық», — деседі. Қарт әке де таң қалады.
Жұмбақтың шешуі
- «Алысым жақын болды» — қос жанарын меңзегені.
- «Тәттім шырын болды» — ұйқысының қашқанын білдіргені.
- «Несием, шүкір, өніп жатыр» — балаларының бағып-қағып отырғаны.