Бір күні есік жақта отырған бір жігіт
Әйтеке би Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының бір орталыққа бағынған іргелі ел болып қалыптасуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосты. Ол — сөзге ұста, майталман шешен, әділ би ретінде танылған тұлға.
«Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақыты жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ», —
деп тереңнен толғаған осы Әйтеке би.
Шоқан Уәлиханов Әйтекенің есімін белгілі билердің бірі ретінде Төле бимен қатар атайды. Әйтеке би Тәуке ханның кеңесшісі әрі көмекшісі болып, қазақ руларының басын біріктіруге, бір орталыққа бағындыруға қызмет етті. Сонымен бірге туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы біртұтас халық майданын құру ісіне атсалысты.
Әйтеке — шешендігімен ғана емес, ел басқару ісіне араласқан, заң жүйесін түзуге ұйытқы болған, қазақ мемлекеттілігін орнықтыруға үлес қосқан қоғам қайраткері.
Аңыздардағы Әйтеке бидің төрелігі
Құн дауы және жас Әйтекенің шешімі
Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап, Кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісімге келе алмайды.
Бір күні есік жақта отырған бір жігіт орнынан тұрып:
«Асқар тау, сенде бір мін бар — асу бермейсің.
Тасқын су, сенде бір мін бар — өткел бермейсің.
Билер, сендерде бір мін бар — басқаға сөз бермейсің», —
деп сыртқа шығып кетеді.
Мұны естіген Қазыбек би: «Шақыршы анау қара жігітті», — дейді. Жігіт келген соң билер жөн сұрайды.
Сонда жігіт:
«Әкемді сұрасаңыз — жетесіз,
Шешемді сұрасаңыз — некесіз.
Туасалған бір баламын,
Тегімді сұрап не етесіз?» —
деп жауап береді.
Төле би: «Балам, сөзің жетті. Енді төрелігіңді айтып, осы дауға өзің ие бол», — дейді. Сонда қара жігіт:
«Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім,
Жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім.
Ескіріп кеткен дау екен.
Құр қайтсаңыздар, ағалық назарларыңызға қалармын.
Ердің құны — жүз қара.
Кіші жүз санын жүзге толтырып, тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңдар», —
деп кесім айтады.
Екі жақ та осы төрелікке тоқтап, разыласып тарайды. Бұл — Әйтекенің жігіт шағында айтқан бір билігі екен.
«Жігіттің жақсысы қандай?»
Енді бір аңызда ауылда отырған Төле би мен Қазыбек би Әйтеке баладан: «Жігіттің жақсысы қандай болады?» — деп сұрапты.
Әйтеке: «Дұрыс сөзге тоқтай білген, өзгені де сөзіне тоқтата білген», — деп жауап берген екен.
Жесір дауы, барымта және сабырға шақырған билік
Ұлы жүздің жігітіне атастырылған Орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты Ұлы жүз жағы Орта жүз ауылдарынан барымталап жылқы айдап алады. Ақыры Ұлы жүздің биі Төле мен Орта жүздің биі Қазыбек сөзге келеді.
Қаз дауысты Қазыбек би:
«Аға болып алдымен туасың,
Алдымнан жылқымды неге қуаcың?» —
дейді.
Төле би ашуланып:
«Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің?» —
дейді.
Екі жақтың сөзін тыңдап отырған Әйтеке би сабырға шақырып, мынадай төрелік айтады:
«Сабыр етіңдер, билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген — ағын су, алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген — дария, алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқыны қайыр.
Қазыбек, сен жесірін қайыр!»
Әйтекенің билігін екі жақ та қабыл алып, ауысқан адамды да, малды да бір-біріне қайтарып, ел арасы тыныш болған екен.
Өсиет сөз: елге қызмет өлшемі
Жер дауына байланысты Орта жүздегі Орманбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке би елге қызмет етудің өлшемін былай түйіндейді:
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін.
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.
Бай болып елге пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін».