Қызылорда қаласы
Музыкалық жетекші туралы
Қызылорда қаласындағы №8 «Бүлдіршін» санаториялық балабақшасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің музыка жетекшісі — Жұмабекова Бибігүл Мүсірепханқызы.
(Ересектер тобына арналған мерекелік ертеңгілік сценарийі)
Мақсаты
- Елдік мерекеге өзіндік үн қосу, көңілді орта қалыптастыру.
- Бас қала — Астана туралы әндер мен өлеңдерді үйрету, сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін ояту.
- Туған ел тарихымен таныстыру.
Алдын ала атқарылатын жұмыстар
- Астананың сұлу келбеті топтастырылған слайд дайындау.
- Астана күніне арналған көпшіліктің жүрекжарды лебіздері мен құттықтаулары түсірілген бейнежазба әзірлеу.
- Балалардың өз шығармашылықтарынан дайындаған суреттері бойынша көрме ұйымдастыру.
Барысы
Экранда жаңалықтар қызметінің заставкасы көрініп, әуені ойнайды. Ортаға тәрбиеші тележүргізуші ретінде шығады.
Тележүргізуші (тәрбиеші)
Қайырлы күн, құрметті телекөрермендер! Эфирде «Апта KZ» жаңалықтар топтамасы. Сіздермен бірге мен — Индира Қосымова.
Айдар
«Астана — балалар көзімен!»
Балабақша бүлдіршіндері арасындағы сурет көрмесінің нәтижесін жариялау.
Айдар
«Тәуелсіз елдің жүрегі — Астана!»
Астананың сұлу келбеті туралы сюжет, көрнекті орындарға саяхат.
Айдар
«Татулық пен бірліктің ордасы»
Елорда мерекесіне арналған республика жұртшылығының құттықтаулары.
Осы және өзге де жаңалықтар легімен таныс боласыздар. Арнаны ауыстырмаңыздар!
Сюжет 1: «Астана — балалар көзімен!»
Бас қаламыз Астана қаласының 16 жылдық мерейтойына орай республика бойынша барлық балабақшалар арасында «Астана — балалар көзімен!» атты балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрме кеше қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.
Көрмені тамашалаушылар бас жүлдеге лайықты деп таныған балабақшасына www.astana-16 сайты арқылы дауыс береді. Енді дауыс беруді 5-тен кері санау арқылы тоқтатамыз: 5… 4… 3… 2… 1! Дауыс беру аяқталды.
Нәтиже жариялау
Нәтиже әділ болуы үшін балабақшалардың атауы аталмай, тек реттік нөмірлермен белгіленді. Диаграмма бойынша 7-нөмірлі балабақша айқын басымдықпен жеңіп отыр. Енді бұл нөмірге қай балабақша жасырылғанын білейік…
Экранда жазу шығады: Қызылорда қаласы (балабақша атауы көрсетіледі).
Қызылорда қаласындағы жеңімпаз балабақшаның бүлдіршіндері мен ұжымын шын жүректен құттықтаймыз!
Студияға қонақтар келеді
Жаңа ғана хабар келді: біздің кішкентай жеңімпаздармен жүздесуге мүмкіндік бар. Олар қазір студиямызға келеді — қошеметтеп қарсы алайық!
Көңілді музыкамен балалар жарты шеңберге тұрады: бір топ қолына өздері салған суреттерін ұстайды, бір топ гимнастикалық ленталармен, енді бірі мерекелік костюмдермен шығады.
Сұхбат: балалардың қуанышы мен алғысы
Тележүргізуші
Студиямызға қош келдіңдер, ботақандар! Жеңістерің құтты болсын!
1-бала: Көп рақмет, біз өте қуаныштымыз.
2-бала: Бізге дауыс берген барлық астаналықтарға үлкен рақмет айтамыз!
3-бала: Барлығымызға ортақ мереке — бас қаламыз Астананың 16 жылдығы құтты болсын!
Жеңістің сыры
Тележүргізуші балалардың Астанаға жасаған тартуы керемет болғанын айтып, «жеңетіндеріңді білдіңдер ме?» деп сұрайды.
4-бала: Жеңетінімізді білген жоқпыз, бірақ үміттендік. Бізге сурет салуды және өнерді үйреткен тәрбиеші апайларымызға алғыс айтамыз.
5-бала: Бұл — Астанадағы мерекеден алған әсерімізден туған суреттер. Сіздердің телеарналарыңызға сыйға тартамыз.
6-бала: Біз Астана күніне арнап әндер үйрендік, тақпақтар жаттадық.
Өнер бөлімі: әндер мен тақпақтар
Ән: «Ел жүрегі — Астана»
Муз.: Қ. Қайым
7-бала: Киелі менің Ақордам, арудай сұлу таралған. Береке, бірлік, достықтың тұнығынан нәр алған.
8-бала: Жайнай бер, жаңа Астанам, ертегідей ғажап бас қалам. Ынтымақтың тербеп бесігін, тәуелсіз ел көшін бастаған.
9-бала: Сәулеңді шаш еліңе, нұрыңды төк жеріңе. Киелі менің Елордам, бақ болып қонған төріме!
Жеке орындау: Ақниет
Тележүргізуші балаларды мақтап, сәні келіскен бүлдіршіннен сұрайды: «Атың кім, балапан? Астананың туған күніне қандай тартуың бар?»
Ақниет: Менің атым — Ақниет. Астананың туған күніне «Астанам» әнін орындағым келеді.
Ән: «Астанам» (Муз.: А. Еспенбетова)
Тележүргізуші орындаушыға алғыс айтып, өнеріне ақ жол тілейді.
Тақпақтар топтамасы
10-бала: Күн болып қарайды, шуақ боп тарайды, әлемге нұр шашқан Астанам арайлы.
11-бала: Туғандай қиялдан, үйлері бір арман, аспандап барады аяулы ұлы ордам.
12-бала: Елбасы тілегі, елімнің жүрегі — жасанған елорда, туған жер тірегі.
13-бала: Астана — ақ қала, ақ қардай пәк қала. Шарықтап, қарыштап, шалқи бер, шаттана!
Ән: «Астана нұры» (Сөзі: М. Әміреев, муз.: Б. Жұмабекова)
Диананың тақпағы
Диана мерекеге арнап тақпақ оқиды. Тележүргізуші: «Жеңімпаздарға ешқандай шектеу жоқ. Бүгін бізге мерекелік сәт сыйлағандарың үшін алғысымыз шексіз», — дейді.
Диана:
Атам, әжем, әкем, анам —
Төртеуі де Отан маған.
«Төртеуі де ботам!» — дейді,
«Ер азамат атан!» — дейді.
Мақтанамын Отаныммен,
Отаныма ботамын мен!
Тележүргізуші балаларға алғыс айтып, «ертең ел тізгінін ұстар кішкентай патриоттар өсіп келе жатқаны — үлкен қуаныш» екенін атап өтеді.
Сюжет 2: «Тәуелсіз елдің жүрегі — Астана!»
«Тәуелсіз елдің жүрегі — Астана!» — 16-ға толған елордаға арналған саяхат осылай аталды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар Астананың соңғы 16 жылда бой көтерген нысандарын, көрнекті орындарын аралап көрді.
Слайд көрсетілім
Экран арқылы Астана қаласының көрнекті жерлері көрсетіледі. Қысқа уақыт ішінде қала әсем де еңселі елордаға айналғаны айтылады.
Сюжет 3: «Татулық пен бірліктің ордасы»
Әрбір қазақстандық үшін Астана — әсемдік пен әділдіктің, татулық пен бірліктің, береке мен бақыттың, жастық пен жаңашылдықтың, білім мен ғылымның, еңбек пен жеңістің ордасы.
Осы айдарда сүйікті бас қаламыздың туған күніне арналған республика жұртшылығының жүрекжарды лебіздері топтастырылады. Бір сәт экранға назар аударайық.
Бейнеқұттықтаулар
Экранда Астананың 16 жылдық мерейтойына арналған мерекелік құттықтаулар бейнежазба арқылы көрсетіледі.
Қорытынды жыр жолдары
Астанам — бағы биік асқарымсың,
Астанам — мәңгі жарық аспанымсың.
Астанам — пейіш қала, ел арманы,
Астанам — қайда жүрсем мақтанышым!
Ортаға ленталы қыздар шығып, А. Жорабаеваның орындауындағы «Астанам» әнінің ырғағымен билейді. Алты ұл бала «Бәйтерек» бейнесін құрып тұрады.
Жабылу сөзі
Осы шаттыққа толы сәтте бүгінгі шығарылымымызды аяқтаймыз. Бақытты шақтарымыз көп болсын! Еліміз аман, күніміз тыныш болсын! Тек мерекелі күндерде жолығайық!