Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды
Жолға шығуға байланысты қазақы тыйымдар мен ырымдар
Қазақ дәстүрінде жолға шығу — жауапкершілігі мол іс. Сондықтан жолаушының амандығы мен сапарының сәтті өтуі үшін айтылатын тілектер, сақталатын тыйымдар және жақсылыққа жоритын ырымдар қалыптасқан.
Күнге қатысты тыйымдар
Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды.
Сәрсенбі күні жолға шыққан жолаушының жолы болады деп сенген.
Жұма күні көшуге болмайды. Жұма — қасиетті күн. Бұл күні ата-баба әруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді деп ұққан.
Сөз әдебі және жол тілегі
Жолда кездескен адамнан «Қайда барасың?» деп сұрамайды. Оның орнына «Жолың оң болсын!» деп тілек айтқан дұрыс.
Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Мұны құдайға астамшылық, күпірлік деп санаған. Жол жүретін адам: «Алла жазса», «Алла жол берсе», «Құдай қаласа», «Барар жердің дәмі тартса», «Жол бойындағы әруақтар қолдап, Алла оңдаса» деп ниет етіп, тілек тілесе, жолдағы кедергілердің бәрі аластатылады деп сенген.
Жолаушының жүріс-тұрысы
Аттылы жолаушы келсе, алдымен атын қазыққа байлап, содан кейін ғана киіз үйдің алдына келіп, үй иелерімен сөйлеседі. Ал асығыс жолаушы болса, аттан түспестен, киіз үйдің сыртынан тілдескен.
Жүкпен жолға шыққанда, үйден тұз алып шықпайды.
Алыс жолға шыққан адам қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.
Жолдағы белгі-нышан: ырымдар
Жол бойында тұмсығы өзіне қарап жатқан аттың не түйенің басы кездессә, оны жақсы ырым санаған. Ал керісінше болса, жолы болмайды деп жорыған.
Жолаушының алдынан қара мысық кесіп өтсе — жолы болмайды. Ал ит кесіп өтсе — жолы болады деген түсінік бар.
Жолаушыға түзге отырған әйел кездессә, мұны жақсы нышан деп қабылдаған.