Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы оқушылардың өз бетімен білім алу қабілеттерін дамыту
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы оқушылардың өз бетімен білім алу қабілетін дамыту
Туремуратова Лязиза Исатаевна
Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласы, №2 орта мектебі, бастауыш сынып мұғалімі
Жаңа технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үдерісінде тиімді қолдану үшін мұғалім әрдайым оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, өз педагогикалық мақсаты мен міндетіне сай, кәсіби шеберлігіне сүйеніп әдіс-тәсілдерді саналы түрде таңдайды.
Бұл технологиялар оқушылардың шығармашылық қабілетін, терең ойлауын, теориялық негіздерді түсінуін, эстетикалық көзқарасын пайымдауын, дәлелді баға беруін және танымдық белсенділігін дамытуға бағытталады.
Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін жаңаша дамыту, яғни нәтижесінің жоғары деңгейде болуын жүйелі қадағалау жаңашыл педагогтардың еңбегімен тығыз байланысты. Олар педагогикаға «жаңа технология» ұғымын енгізіп, білім сапасын арттыруды және оқушының толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасауды басты мақсат етті.
Осыған орай бүгінгі таңда педагогикалық технологиялардың түрі көп. Бастауыш сынып мұғалімдері бұл бағытта төмендегі қағидаларды басшылыққа алады:
- оқуға шығармашылықтың енуі;
- мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық және өзара әрекеттестікке негізделген жаңа әлеуметтік қатынастар;
- тұлғаның дамуына жағдай жасау, яғни жеке тұлғаға бағдарланған оқыту;
- тұлға дамуын сыртқы ықпалмен қатар, оқушының ішкі түрткілері негізінде жүргізу.
Демек, педагогикалық технология — тәжірибеде жүзеге асатын және нақты нәтиже беретін педагогикалық жүйенің жобасы.
Жаңа технологиялардың негізгі қағидалары
Балаға ізгілік тұрғысынан қарау
Оқушының қадір-қасиетін сақтап, қолдаушы орта құру.
Оқу мен тәрбиенің бірлігі
Білім беру үдерісін құндылықтармен сабақтастыру.
Танымдық және шығармашылық икемділікті дамыту
Іздену, ой қорыту, жаңа шешім ұсынуға ынталандыру.
Танымдық күшті қалыптастыру
Назар, есте сақтау, талдау, жинақтау дағдыларын жүйелі дамыту.
Қабілет пен мүмкіндікті ескере оқыту
Әр оқушының деңгейіне сай тапсырмалар ұсыну.
Барлық оқушының дамуына жүйелі жұмыс
Нәтижеге бағытталған, тұрақты бақылау мен қолдау.
Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет. Алайда жаңалықты меңгеру мен іске асыруда түсінбеушілік туындаса, ол ұйымдастыру жұмысына түрлі кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан таңдаған технологияның мақсат-міндеті мұғалімге де, оқушыға да айқын болғаны маңызды.
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту
Осындай тиімді технологиялардың бірі — «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту». Бұл бағдарламаны әлемнің әр түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі ретінде қарастыруға болады.
Бағдарламаның мақсаты — барлық жастағы оқушыларды, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларын да кез келген мазмұн мен ұғымға сыни тұрғыдан қарап, дәлелдерді салыстырып, екі ұйғарымның ішінен бір пікірді таңдауға сапалы шешім қабылдауға үйрету.
Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуға және қысқа уақытта дұрыс шешім табуға дағдыландыруда нәтижелі тәсілдердің бірі деп есептеймін.
Сын тұрғысынан ойлау — «сынау» емес; керісінше, шыңдалған, бірін-бірі толықтыратын ойлау жүйесі. Бағдарламаның ішкі құрылымы ерекше: ол оқыту мен үйретудің үш кезеңді үлгісіне негізделеді. Оқушыны көп ақпаратты талдап, жинақтап, ішінен қажеттісін таңдап алуға үйретеді.
1-кезең: Қызығушылықты ояту
Бұл — үйренудің бастапқы үдерісі. Оқушының бұрыннан білетінін жаңа біліммен ұштастыруға бағытталады. Сондықтан сабақ оқушының қарастырылатын мәселе туралы не білетінін, не айта алатынын анықтаудан басталады. Осы кезеңде ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркендіргіш арқылы әсер ету жүзеге асады.
Осы кезеңге тән стратегиялар
- Жұпта талқылау
- Топтау
- Түртіп алу
- Болжау
- Әлемді шарлау және т.б.