Адал сөз екі дүниеде жанның шырағы

Көбей би туралы

Көбей би (1710–1785) — халқына белгілі шешен, би. 1779–1780 жылдары Еңлік–Кебек оқиғасының ішінде болып, жолсыз жазаға ұшыраған екі жастың өліміне қатты қайғырып, терең тебіренген.

Көбей би туралы деректер ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармаларында, сондай-ақ Шәкәрімнің «Еңлік–Кебек» дастанында аталады. Ел ішінде Көбей би айтты делінетін көптеген шешендік, алғыр ойлы нақыл сөздер сақталған.

Негізгі ой

«Ғаріп» ұғымы арқылы Көбей би бірлігі жоқ елдің, қорлықпен өткен ердің, зармен кеткен арудың, қадірі ұқылмаған сөздің һәм әділет орнықпаған жұрттың қасіретін көрсетеді.

«Ақырында мен ғаріп» толғауынан

Осы кезде кім ғаріп?
Бірлігі жоқ ел ғаріп.
Еркімен ел жайламай,
Құлазып тұрған жер ғаріп.

Қаз-үйрек ұшып қонбаған,
Айдын да шалқар көл ғаріп.
Көмек тимей қорлықпен,
Арманда өлген ер ғаріп.

Мақсатына жете алмай,
Ерікті өмір өте алмай,
Көзінің жасы сел болып,
Зарлап өлген ару қыз —
Бәрінен де сол ғаріп.

Қадірін біліп ұқпаса,
Нақыл айтқан сөз ғаріп.
Елін жөнге салмаған,
Қос қыршынды жалмаған,
Еспембеттей би ғаріп.

Үш күн, үш түн жыладым,
Көзімнің жасын бұладым.
Жүрегім от боп елжіреп,
Буыным босап құладым.
Нақыл сөзім өтпеген,
Тентек елге жетпеген —
Ақырында мен ғаріп.

Аз болған соң еліміз,
Жаулы болып жеріміз.
Екі қыршын қаза боп,
Үзілді ғой беліміз.

Нақыл сөздер

1

Адам мен елдің қадірі — мінез бен мәнде.

Үйіңнен дауыл кетпейді,
Ақымақ болып тоқ болсаң.
Ешкімге назың өтпейді,
Арыстан болып жоқ болсаң.

Ат барлығы не керек,
Болмаса атыңның сияғы?
Биік таудың барлығы не керек,
Іргесінде болмаса тұрағы?

Шалқар көлдер не керек,
Жағасында болмаса құрағы?
Ер жігіттер барлығы не керек,
Артында болмаса тұяғы?

Адал сөз — екі дүниеде жанның шырағы.
Арам сөздің — екі дүниеде бар сұрағы.
Тірі жүрген адамның ақырында,
Қара жер болар тұрағы.

2

Жақсылық пен басшылық — жауапкершілік өлшемі.

Жүйрік ат — ер пырағы,
Ойлаған жерге жеткізер.
Жақсы бала — әке шырағы,
Көргенде құмар еткізер.
Жақсы әйел — үй тұрағы,
Жатты жақын еткізер.

Тамаша алғаш шу-ду сияқты,
Қуанышқа көтерген су сияқты.
Шу қылып аяқ жағын шерменде етіп,
Болады тілеп ішкен у сияқты.

Зер ұстаған — зердің жайын біледі,
Жақсы басшы — елдің жайын біледі.
Басынан көп өмірді өткізген жан,
Қайғыменен жердің жайын біледі.

3

Дүние құбылысы — адамға сын.

Ой, дүние-ай, дүниесің,
Дем алғанша құбыласың.
Шаң жұқпайтын кейде тұлпар,
Кейде орға жығыласың.

Кеше көл еді — бүгін тақыр,
Кеше бай еді — бүгін пақыр.
Ар сатуға ақырын келе жатыр.

Желдетпей тұман ашылмас,
Желпінбей жүйрік басылмас.
Өндіршектен оқ тисе,
Жер таянбай тұра алмас.

Түйін

Көбей бидің толғаулары мен нақылдары — ел бірлігі, адамдық қадір, әділет пен жауапкершілік туралы ойды тереңдететін рухани мұра. Еңлік–Кебек трагедиясы тұсында айтылған мұң-шер де, жалпы өмір құбылысына берілген бағам да бүгінгі оқырманға салмақты сұрақ тастайды: қадір қайда, әділет қайда, бірлік қайда?