Мәз өмірмен мұңдасып, Бояу біткен күбір - күбір сырласып

Шеберхана... Мәз өмірмен мұңдасып,
Бояу біткен күбір-күбір сырласып.
Суретші отыр көшіре алмай қағазға,
Ойындағы әлдекімнің сұлбасын.

Ойындағы сурет – анық, сұп-сұлу,
Қарашығы қара түндей тұп-тұнық.
Езуіне күлкі үйірген... Күлкісі
Күллі әлемнің құпиясын ұқтырып.

Ал кекілі кескінімен үйлескен,
Шашын жайып жіберіпті түйместен.
Еріндері ерін емес – қызыл шоқ,
Бар еркіңнен айырады сүйместен.

Күннен сәуле суырады кірпігі,
Кірпігіне кілең маржан іркіліп.
Көтеріліп-басылады демімен,
Кеудедегі қос тарыдай бүртігі.

Бұл суретке аз-ау сірә құр мақтау,
Суретші де өз мұңына мың батты-ау.
Жақынынан жақын болған бұл әйел,
Джакондадан әлдеқайда жұмбақтау.

Қабырғалар қоңыр мұңды күй тыңдап,
Қоңыр сурет – аяулы арман, сүйкімді-ақ!
Түніменен жан бітіріп суретке,
Ал таңертең жыртады оны қиқымдап.

Суретшінің жаны толған шер еді,
Қалам ұшы – қара бояу қорегі.
Аяулы әні көшкен кезде қағазға,
Бояулары жылап қала береді.

Араласып сағыныш пен самалы,
Қаламының құрып біткен амалы.
Бүгін оны ұмытуға бекінген,
Ертең тағы сол суретті салады.

Ертең тағы үркітеді ұйқыны,
Бояулардың басталады сиқыры.
Сағынышы күлсалғышта түтіндеп,
Арманының шашылады қиқымы.

Шеберхана... ауасы – ауыр, түнек дем,
Суретші отыр өз ойынан дір еткен.
Бір суретті көшіре алмай қағазға,
Не онысын өшіре алмай жүректен.



Ұқсас жұмыстар

Қазіргі қазақ поэзиясындағы формалық ізденістер
Төлеген Қажыбайдың сөз өрнегі
Сараның өмірлік әлеміне шолу жасау
Еліктеуіш сөздер
Ақан сері өмірі
Атамекен
Табиғат сыйы
Ақбілек романның ағартушылық сипаты
Қазақ әдебиетінде үлкен орын алатын шығармаларды ірі тұлға қазақтың тарихи мұраларымен айқындау
Антоним, омоним, синоним сөздердің қолданысы. Антоним сөздердің қолданыс ерекшелігі
Басқару процесiнiң мазмұны
Мемлекеттік бюджет жүйесінің экономикалық мазмұны
Пайда, оның экономикалық мазмұны, түрлері және анықтау әдістері «Қостанай минералдары»
1930 – 1932 ж. несие реформасының мазмұны туралы
Педагогикалық процестің мәні мен мазмұны, құрылымы, қозғаушы күштері мен принциптері
Философия және саясаттану факультетінің 2006 жылы 19 желтоқсандағы Ғылыми кеңесінің мәжілісінің № 3 хаттамасынан
Бюджет саясатының мазмұны мен міндеттері
Сертификаттаудың мағынасы мен мазмұны
Кәсіби құндылықтар түсінігінің мазмұны
Қаржылық менеджменттің мазмұны