Сабақтың тақырыбы

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №3 жалпы білім беру мектебі

Мұғалім: Жаумитбаева Жанаргүл Саламатовна

Сабақтың тақырыбы: Кіріспе. Техника қауіпсіздігі және жұмыс орнын ұйымдастыру

Білімділік

Оқушыларға есептеуіш техника кабинетінде сақталатын қауіпсіздік ережелері туралы түсінік беру.

Тәрбиелік

Оқушыларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, тиянақтылыққа және жауапкершілікке баулу.

Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін, ойлау қабілетін, логикалық және абстрактілі ойлауын дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру.

Сабақтың көрнекілігі

  • ДК (дербес компьютер)
  • Дәптерлер
  • Слайдтар
  • Тапсырмалар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу
  • Оқушыларды түгелдеу
  • Сабаққа дайындықтарын тексеру
  • Зейіндерін сабаққа аударып, мұқият қатысуын бақылау

II. Үй тапсырмасын тексеру

Ауызша сұрақ-жауап арқылы қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша білімдерін тиянақтау.

III. Жаңа сабақ: Есептеуіш техника кабинетіндегі қауіпсіздік ережелері

1) Жалпы талаптар

  • Компьютерді тоққа қосатын сымдарға, қосұялы розеткаларға, штеккерлерге қол тигізуге және жабдықтарды мұғалімнің рұқсатынсыз жылжытуға тыйым салынады.
  • Мұғалімнің рұқсатынсыз сыныптан шығуға және кіруге болмайды.
  • Дербес компьютерде суланған қолмен және дымқыл киіммен жұмыс істеуге болмайды.
  • Компьютердің жанына портфель, сөмке, кітап қоюға тыйым салынады. Үстелде тек қалам мен дәптер болуы тиіс.
  • Пернетақта үстіне артық заттар қоюға болмайды.
  • Компьютерлік сыныпта жүгіруге, ойнауға, жанындағы оқушыны алаңдатуға және бөгде іспен айналысуға тыйым салынады.

2) Жұмыс басталар алдындағы талаптар

  • Компьютерді іске қосар алдында сыртқы қорабының бүтіндігін және сымдардың дұрыс жалғанғанын тексеру.
  • Жұмыс барысында сымдардың дұрыс жалғануына ерекше көңіл бөлу.

3) Жұмыс кезіндегі талаптар

  • Экраннан көзді 60–70 см қашықтықта ұстау.
  • Сыныпқа кірген адаммен орнынан тұрмай амандасуға рұқсат етіледі.
  • Көз шаршағанда орнынан тұрмай-ақ көз жаттығуын жасауға болады.
  • Электр тогымен зақымданғанда алғашқы көмек көрсету тәсілдерін, өрт сөндіру құралдарын қолдануды және өртті сөндіру жолдарын білу қажет.

4) Апаттық жағдайдағы талаптар

  • Жұмыс кезінде компьютерден ақау байқалса, күйік иісі шықса немесе әдеттен тыс дыбыс пайда болса, жұмысты дереу тоқтатып, мұғалімге хабарлау.
  • Өрт сөндіруге көмек көрсету.
  • Электр тогымен зақымданған адамға алғашқы көмек көрсету тәртібін білу.
  • Компьютерлік сыныпта өртті сумен сөндіруге болмайды; құм және өрт сөндіргіш құралдарды қолдануға болады.
  • Электр тогы әсерінен зақымданған адамды су қолмен ұстауға болмайды; оны ток көзінен ажырату үшін оқшаулағыш материалдарды пайдалану қажет.

5) Жұмысты аяқтаған кездегі талаптар

  • Мұғалімнің нұсқауы бойынша құрылғыны өшіру.
  • Жұмыс орнын ретке келтіру.

Электр тогымен зақымданғанда алғашқы дәрігерлік көмек

  1. Тоқты өшіру (қалқанда/щитта батырманы басу арқылы).
  2. Зақымданушыны ток әсерінен (сымнан) босату.
  3. Дәрігер шақыру.
  4. Зақымданушыны қарап, алған жарақатына сәйкес алғашқы көмек көрсету.

I. Күйік болған жағдайда

  • Ауырсынуды басатын дәрі беру (анальгин және т.б.).
  • Күйген жерге арнайы май жағу (мысалы, облепиха майы).
  • Зақымданған жерге салқын су құю.
  • Микроб түспеу үшін жараланған жерді мөлдір жұқа қағазбен (целлофанмен) жабу.

II. Есінен танып қалған жағдайда

  • Зақымданушыны тегіс жерге шалқасынан жатқызып, басын бір жағына бұрып қырынан орналастыру.
  • Нашатыр спиртін иіскету.

III. Тынысы тоқтаған жағдайда

  • Ауызды ашып, тілдің орналасуын тексеру; егер тіл күрмелсе, қолмен дұрыстау.
  • Дәрігер келгенге дейін қолдан дем алдыруды (ауыздан ауызға) және қажетті жаттығуларды орындауды жалғастыру.

Шаршағанда орындалатын жаттығулар

Бас және дене жаттығулары

  1. Басты сағат тілі бағытымен және кері бағытта айналдыру.
  2. Басты жан-жаққа, жоғары-төмен, оңға-солға бұру.
  3. Саусақтарды жұмып-ашу және білезікті босаңсыту.
  4. Денені босаңсытып, қайтадан ширықтыру.

Көзге арналған жаттығулар

  1. 1–4-ке дейін санап көзді қатты жұмып, кейін ашып, 1–6-ға дейін санай отырып алысқа қарау. 4–5 рет қайталау.
  2. 1–4-ке дейін санай отырып, екі көзді қатты күш салмай бір-біріне қарату, соңында 1–6-ға дейін санап алысқа қарау. 4–5 рет қайталау.
  3. 1–4-ке дейін санап, басты қозғалтпай оңға бір нүктеге қарап тоқтау, соңында 1–6-ға дейін санап алысқа қарау. Осыны басты қозғалтпай солға, жоғары, төмен бағытта қайталау.
  4. 1–6-ға дейін санай отырып, көзқарасты диагональ бойынша оң жақ жоғарыдан сол жақ төменге ауыстырып, кейін алысқа қарау; содан соң сол жақ жоғарыдан оң жақ төменге ауыстырып, алысқа қарау. 4–5 рет қайталау.

Көз гимнастикасын орындау кезінде жалпы дене гимнастикасын да жасауға болады. Тұрақты түрде көз және дене жаттығуларын орындау көзге түсетін қысымды азайтып, ағзаны сергітеді.

IV. Жаңа сабақты бекіту

Сұрақ-жауап.

V. Сабақты қорытындылау

Сабақ соңында белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, ал енжарлық танытқан оқушыларға ескертпе беру арқылы білімдерін бағалау.

VI. Үй тапсырмасы

Қауіпсіздік ережелерін жаттау.

VII. Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен сабақ барысындағы белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.

Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!