Танымдық қиындықтарды жеңу дайындығы төмен
Мақсат – оқыта тәрбиелеу
Тайшыбай Құралбек Рахатұлы
Байғанин ауданы, Ноғайты ауылы, Сағыз орта мектебі
Тарих пәні мұғалімі
Оқушыларда оқу-танымдық іс-әрекеттерді өз бетінше жүргізу дағдысын қалыптастыру — оқытудың ең маңызды мақсаттарының бірі. Бұл мақсатты іске асыру оқушыларды жинақылыққа, өзін-өзі дұрыс басқаруға үйретеді; білімді саналы түрде меңгеріп, оны танымдық-шығармашылық және практикалық есептерді шешуде тиімді қолдануға жетелейді; білімін өздігінен толықтыру қабілетін дамытады.
Өз бетінше оқып-үйрену үшін қажетті мінез-құлық, ерік-жігер және ақыл-ой қабілетінің даму деңгейі, әсіресе, жоғары сынып оқушылары мен төменгі курс студенттерімен жүргізілген жұмыстарда айқын көрінеді. Сондықтан мұғалім оқушылардың қызығуын толық қанағаттандыратын, танымдық белсенділігі мен дербестігін іске асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасауға тиіс.
Танымдық белсенділік жеке адамның орнықты қажеттілігіне, мінез-құлқына айналуы үшін оқушының өз күшіне сенімі мен білімді меңгеру қабілетімен қатар, дербес танымдық іс-әрекетке оң көзқарасы қалыптасуы қажет.
Негізгі ой
Танымдық белсенділік (ізденімпаздық) оқушының берілген тапсырманы өзге көмексіз орындауымен ғана шектелмейді. Ол саналы түрде мақсат қоя білуі және сол мақсатқа сай өз іс-әрекетін бағыттап, реттеп отыруы тиіс.
Оқу үрдісін компьютерлік техниканың көмегімен жекелеу мүмкіндігін және тұлға мен оқу іс-әрекеті теориясының негізгі қағидаларын ескере отырып, танымдық белсенділікке мынадай анықтама береміз: танымдық белсенділік — мотивациялық-тұлғалық, мазмұндық-амалдық және процессуалды-жігерлік бөліктерден тұратын тұлғаның интегралды құрылымы.
Танымдық белсенділіктің құрылымы
1) Мотивациялық-тұлғалық
- Өзін-өзі тану және өзіне сену
- Өзін дамытуға ұмтылу
- Танымдық қабілетін жетілдіру және қызығуын қанағаттандыру
2) Мазмұндық-амалдық
- Тіректік (негізгі) білім
- Жалпы және арнайы дидактикалық дағдылар
- Білімін өздігінен жетілдіру дағдысы
3) Процессуалды-жігерлік
- Танымдық іс-әрекетте кездесетін қиындықтарды жеңуге дайындық
- Өз бетінше жұмыс істей алу деңгейі
- Танымдық белсенділікке тұрақты ұмтылыс
Әдебиеттерге жасалған талдаулар ғалымдардың танымдық белсенділіктің құрамы мен мазмұнын анықтауда әртүрлі көзқараста екенін көрсетеді. Біз зерттеу нысаны ретінде оқушылардың өз іс-әрекетін басқару құрылымын алып, сол арқылы қалыптасатын танымдық белсенділіктің құрамын айқындадық.
Үш бөліктің өзара байланысы
Зерттеу нәтижелері бұл үш бөліктің оқу үрдісінің барлық кезеңінде өзара тығыз, диалектикалық байланыста болатынын көрсетті:
Мотивациялық-тұлғалық
Қызығуды тудырады, белсенділікті оятады.
Мазмұндық-амалдық
Іске асырудың негізін қалайды, мүмкіндік береді.
Процессуалды-жігерлік
Үдерістің аяқталуын, табандылықты қамтамасыз етеді.
Танымдық белсенділік қалыптасты деп танылатын шарттар
-
а
Оқу-танымдық мотивация тұрақтанып, қызығу қажеттілікке айналса.
-
ә
Оқушылар негізгі интеллектуалдық әрекеттерді және өзіндік жұмыстарды орындай алса.
-
б
Өз танымдық іс-әрекетін басқару сыртқы ықпалдан ішкі қажеттілікке ауысса.
-
в
Оқу-танымдық іс-әрекет шығармашылық және зерттеушілік сипат алса.
Негізгі тәсіл және дидактикалық шарттар
Біз танымдық белсенділікті қалыптастырудың негізгі жолдарының бірі ретінде сыныптық және сыныптан тыс дербес оқу-зерттеу жұмыстарында компьютер мүмкіндіктерін пайдалануды таңдадық.
Орындалуы тиіс шарттар
- Алдыңғы қатарлы әдіс-тәсілдер арқылы қалыптасатын теориялық білімнің болуы.
- Компьютерлік технология мен модельдеуді қолдана отырып, оқу және оқудан тыс өзіндік жұмыстардың арнайы жүйесін құрастыруға оқушылардың белсенді қатысуы.
- Компьютер мүмкіндіктері арқылы орындалған оқу және оқудан тыс жұмыстарды тұрақты бақылау, білім сапасын жүйелі анықтау.
Осы теориялық модельге сүйене отырып, танымдық белсенділіктің қалыптасу деңгейлерін және оның бөліктері бойынша деңгейлік сипаттамаларды жалпылауға болады.
Мотивациялық-тұлғалық бөліктің деңгейлері
-
1-деңгей
Танымға ұмтылыс негізінен жаңа білімді игеруге бағытталады. Негізгі білім жүйесі көбіне бұрын алғанды қайта еске түсірумен шектеледі.
-
2-деңгей
Танымға ұмтылыс білімді толықтыру тәсілдерін игеруге және білім көзін табуға бағытталады. Негізгі білім берілген алгоритм бойынша есептерді шешу деңгейінде меңгеріледі.
-
3-деңгей
Танымға ұмтылыс білімді игеруге, толықтыру тәсілдерін табуға және сол әдістерді жетілдіруге бағытталады. Негізгі білім шығармашылық түрде қолдануға жеткілікті деңгейде меңгеріледі.
Мазмұндық-амалдық бөліктің деңгейлері
-
1-деңгей
Дағды маңызды емес мәліметтерді қабылдау және оны қайталау деңгейінде қалыптасады. Іс-әрекет мақсаты тақырып мазмұнына сай келмейді, тапсырмаларда нақтыланбайды; жоспарлау да мақсатқа сәйкес болмайды.
-
2-деңгей
Дағды жалпы мазмұнның негізгі идеясы толық айқындалмай тұрып, қабылдау мен еске түсіру деңгейінде қалыптасады. Мақсат тақырыпқа сай болғанымен, тапсырмаларға сай нақтыланбайды; жоспарлау барлық кезеңді толық қамтымайды.
-
3-деңгей
Дағды хабардың негізгі мазмұны мен мақсатын танып, саналы қабылдау деңгейінде қалыптасады. Мақсат нақты айқындалып, есептерді шешуде дәл көрсетіледі; соған сай нақты жоспар құрылады.
Процессуалды-жігерлік бөліктің деңгейлері
-
1-деңгей
Танымдық қиындықтарды жеңуге дайындығы төмен. Ерік-жігер әлсіз: сабақта босаңсып, жұмысты соңына дейін аяқтамайды; дербес белсенділік пен жүйелілік жеткіліксіз.
-
2-деңгей
Қиындықтарды жеңуге дайындық оқу-танымдық іс-әрекеттің көптеген түрлерінде байқалады. Оқушы ынталанып, жұмысты аяқтауға тырысады, алайда күрделі кедергілерде табандылығы тұрақсыз болуы мүмкін.
-
3-деңгей
Қиындықтарды жеңуге дайындық оқу-танымдық іс-әрекеттің барлық түрінде көрінеді. Оқушылар кез келген тапсырманы соңына дейін орындап, жыл бойы жүйелі түрде жұмыс істейді.
Жалпы деңгейлер: төмен, орташа, жоғары
Төмен деңгей
Теориялық білімнің толық еместігімен, күрделі емес тапсырмаларды игеру дәрежесінің шектеулілігімен, үлгі бойынша орындауға бейімділікпен және оқуға жеткілікті көңіл бөлмеумен сипатталады.
Орташа деңгей
Білім негізінің қалыптасуымен, білімге және өзіндік жұмысқа құштарлықтың пайда болуымен, орта деңгейдегі тапсырмаларды игеріп, орындай алуымен анықталады. Танымдық белсенділік даму үстінде болады.
Жоғары деңгей
Терең теориялық білімнің болуымен және өзіндік жұмысқа тұрақты қажеттіліктің қалыптасуымен танылады. Танымдық белсенділік жеткілікті дәрежеде дамыған деп есептеледі.