Туған жерге аунату

Сәлімбай Алтынай, 5-сынып, №176 мектеп-гимназия

Салт-дәстүр ұлттың рухани қазынасы

Салт-дәстүр — әр ұлт пен халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірдің өзі тудырған ғұрыптардың жиынтығы. Ол ұлт үшін өмірлік қағида, қоғам заңы ретінде орнығып, санаға тағылым болып сіңген; тәрбие мен тіршілік ережесі ретінде халық жадында рухани байлыққа айналған.

Қазақ қоғамындағы орны

Халық салтқа қатысты талаптар мен ережелерді бұлжытпай орындап қана қоймай, оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарға сол қағида негізінде жауапкершілік жүктеген. Өткен заманда қазақ қоғамында салт-дәстүр көп жағдайда бұлжымас заңның рөлін атқарды.

Мысалы, той, Наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік — ата салты ретінде кең тараған дәстүрлер.

Тәрбиелік мәні мен мәдениетпен байланысы

Салт-дәстүрдің ел ішіндегі тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні ерекше. Халықтың атадан балаға ауысып, үздіксіз дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық тәжірибесі, кәсіптік дағдысы, мінез-құлқы мен рухани іс-әрекеті дәстүр арқылы танылады.

Салт-дәстүр байлығы — мәдениет байлығы. Сондықтан үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың сияқты ғұрыптар да ұлттық тәрбие жүйесінің бір бөлігі саналады.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды — бәрі осы ұғымның әр қырын көрсетеді.

Қазыбек биден тағылым

Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзімен айтқанда:

«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз».

Әдет-ғұрыпқа қатысты дәстүр: туған жерге аунату

Әдетте басқа жақта тұратын ер-азамат туған жеріне келгенде, оны сол жерге аунатып алу дәстүрі кездеседі. Бұл ғұрыптың мәні терең.

  • Біріншісі: «Сен осы жерде тудың, ұмытпа; перзенттік парызыңды өте» деген ойды білдіреді.

  • Екіншісі: «Туған жер — ата-анаң, Отаның; оның жақсы қасиеті бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім береді.

Балаларға қатысты салт: балаға ат қою

Балаға ат қою — ата-ана үшін жауапты іс. Қазақ халқы өмірге жаңа келген нәрестеге ат қоюға ерекше мән берген. Әрбір ата-ана баласына әдемі әрі мағыналы есім беруді қалайды.

Ырымға жақын халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жезтаңдай, күміскөмей әнші-жыршылардың атын қоюға ұмтылған.

Қасиетті ұғымдар: шаңырақ, бесік, табалдырық

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Олар мән-мағына жағынан өзара байланысып, бірін-бірі толықтырып тұрады.

Осы қасиетті үш зат қатты тозып, тым ескіргеннің өзінде аяқасты етілмеген: өртеп жіберіп, күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.

Менің елім салт-дәстүрге бай. Оны тізе берсек, мысал өте көп.

Санат: KZ портал — қазақша рефераттар жинағы